Оны мен ойлы да естi жан санадым…

Оны мен ойлы да естi жан санадым,
түндерде бiр жортуға шаршамадым.
Бiр жүрiп, бiр қуанып, бiр мұңайып,
жастықтың бөлiп iштiм бал шарабын.
 

Кей кезде ақ жарылып, шынымды айттым,
аңқау ем, шынымды айтып, сырымды айттым.
Болса да жасы кiшi, ренжiсе,
әрқашан ашуымнан бұрын қайттым.
 

Бiр күнi… ол үйленiп қалды кенет,
айтқан жоқ жаңалығын алдыма кеп.
Жүгiрдiм азын-аулақ жоралғымен,
өкпелеп бiрдеңеден қалды ма деп.
 

Ол бiрақ ескермедi барғанымды,
кеуiлi бұрынғыдан паң, жалынды.
Ойпырмай, қалайша адам танымадым,
деп үйге қайттым тiстеп бармағымды.
 

Өзгердi ол, өзгеше едi кеше мүлде,
жiгiтке жөн бе өзгеру өсерiнде?
Осындай бiр ой кетпей, дөңбекшумен,
түнiмен көз iлмедiм төсегiмде.
 

Содан соң дедiм оған жолықпаймын…
Бүгiнде жатқан жырақ қорықтаймын.
Ол — әкiм, көрiнгеннен қаймығады,
мен болсам, ешкiмнен де қорықпаймын.
 

Бiздiң бар айырмамыз осы ғана,
сол үшiн жұрт жақыннан шошына ма?
Мансабтың желiгiне мастанған мен
бастары еңбекқордың қосыла ма?
 

Мәңгiлiк осы ақиқат жүгiнерiм:
келемiн аттап алға, сүрiне мың.
Жолшыбай жолыққанды бiлу үшiн
көзiне адам ба деп үңiлемiн…
 

1972 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *