Айтқан жоқ ешкiм маған жамансың деп,
дана да жәнә айтқан жоқ надансың деп.
Бiр күнi жақын жүрген бiр iнiнiң
айтқаны, ардақтайтын ағамсың, деп.
Аңғал ем, ырас көрiп ақ жарылдым,
қолдағы шаштым бәрiн маржанымның.
Ойладым жақсы жiгiт сезбесiн деп,
бiрiн де ойымдағы арманымның.
Сабыр ғып, сан сәттерде алға аттамақ
аттадым жан-жағыма барлап қарап.
Сезiлiп қалмасын деп осалдығым,
сөйледiм әр сөзiмдi салмақтап ап.
Қайыспас қасiретке, шыдар мұңға
адам боп талай рет сыналдым да.
Тырыстым құрметтеуге дұшпанымды,
абыройсыз қалмайын деп iнi алдында.
Кей кезде жасырғым кеп жасығымды,
арзанға бере салдым асылымды.
Мылтықсыз майдандарға түстiм талай,
жаманнан қорғаймын деп жас iнiмдi.
Кей күнi көргенсiзден қарақұрым,
сақтан деп айттым халық даналығын.
Бармайтын жерлерге де жүрдiм барып,
айтпасын сатты ғой деп ағалығын.
Ақыры менi сырттан iнiм сатты,
жөнсiздiң көрiп мақұл, қырын шапты.
Кiсiнiң керiскенiн қызықтайтын,
айтақтап қойды қулар ұрыншақты.
Амал не, ол бүгiнде “бiрi iрiнiң”,
болса да қуыс кеуде, түрi мығым.
Тағы да ол талайларға басын иiп,
ұялмай ұсынып жүр iнiлiгiн…
1972 жыл