Менi атардай iшiңнен жек көресiң…
Бiздiң жаққа сонда да көп келесiң.
Түсi жылы‚ iшi ұры бiр мыржыққа
төсек болып‚ соншама кеткен есiң.
Жортқан жандай дағдырдың даңғылында
екi етпейсiң сөзiн де‚ жарлығын да.
Шашты телпек тапса пұл‚ — дән ырзасың‚
көзге iлмейсiң зайыбы барлығын да.
Саған‚ сiрә‚ бiр азғақ жын көрiндi‚
тұлпар дейсiң топыраш күрбелiңдi.
Ойладың ба‚ кiм сенi жайламады‚
сипамады күнәһар кiм белiңдi?
Сен сонда да ұятты керек етпей‚
жүрсiң ұшып жел қуған көбелектей.
Қалталыға жайылып төсек болып‚
үйрiлесiң келеңсiз көбелектей.
Ақырында шоқ шайнап‚ күйiп тындың:
орға жыққан алдаумен сүйiктiң кiм?
Басқаға ауып кеткенде ол‚ ескi жұрт боп‚
әзер-әзер терiңе сыйып тұрдың.
Болып сонда күнәһар қылжақ ұмыт‚
өкпең қалды ызадан құр қабынып.
Дүния сасып зинадан кетер едi‚
егер кетсе сол өкпең шын жарылып!
Жарылмады ол. Жоқ арман‚ уайым да асқақ.
Бар талабың — басқамен қайымдаспақ.
Бұ тiрлiкте қалта мен малтасы үшiн
кiм кетпеген кiмдердi айырбастап?
Дейсiң iштей… Бiз жаққа көп келесiң.
құр үмiтпен күнiңдi өткересiң.
Өз өмiрiң айрандай ашығасын‚
өзге өмiрдiң қатығын жек көресiң.
Не амалың бар‚ бақ шiркiн жетпегесiн‚
жоқ аласың‚ өмiрге жоқ бересiң.
Хауа Ананың көзiмен тартқан садақ
менi халық жауындай жек көресiң.
…Жоқ‚ сен күнә-көрпеңдi көктегесiн‚
өзiңдi өзiң ұнатып‚ жек көресiң.
1972 жыл