Кәзiргi келеке ғып хал-жайымды…

Кәзiргi келеке ғып хал-жайымды‚
келместей ендi ескi күн, таң байырғы‚
миықтан уақыт шiркiн күлiп тұрып‚
әжiмге толтырыпты маңдайымды.
 

Қарасам соған‚ — көбi иректелген‚
кей жерi ұсақ тартып‚ сирек келген.
Иiрiмше мына бiр тұс тартқан ойыс‚
бар сызық соған қарай түйдектелген.
 

Мынасы қасқа келiп жүдә жақын‚
тұрғандай көрсетiп бар қияпатын.
Кейбiрi қажыдың деп‚ кекселiктiң
тартардай сөзi алғаулы сияпатын.
 

Әнеки‚ бiрi жiпше тұр салбырап‚
салардай бiрi жанға құрсауды жат.
Су жырған сәйкелерше сол құрғырды
құртуға жетер емес мұршам бiрақ.
 

Дәл кеше жаным жампоз секiлдi едi‚
қайраттың осы ма әлде кетiлгенi?
Әжiмдер жүрген жолдай — өшiргiшпен
сызық па құртар қағаз бетiндегi?
 

Жоқ әлде тараң тағдыр сатқаны аздай‚
өрнегiн өшiрiлмес жатқа жазбай‚
немене маңдайымды көздегенi?
Тiрлiгiм емес пе едi ақ қағаздай?
 

Осыдан өркештенген кеми ме өрем?
Мен неге жексұрыннан жери берем?
Болмас па жақсы жолы атқан оқтай…
Ау‚ менiң жүрген жолым неге ирелең?
 

Айып қой‚ ойланғанға мынау аңлап‚
назбедеу мен емес пе ем жүрер арлап?
Айдау жол әзәлында тартқан тура
нелiктен сала берген бұралаңдап?
 

Тар жолда неге жаның тортаңдады‚
кеулiңнiң жоқ едi ғой қорқа алмағы?
Көрдi ме сенi шабақ қу тiрлiктiң
салпы ауыз‚ құрбақа бет шортандары?
 

Дегенмен‚ дұшпандығын етсiн қарлар‚—
қарай ма жапалаққа көк сұңқарлар?
Жолыңа қақпан құрып‚ қажытты ма
оралған аяғыңа бек‚ сұлтандар?
 

Кiм бiлсiн? Бiр сыр тартпай айдан әппақ‚
маңайға жүре алмадым жәй қарақтап.
Жолым бар ну жыныста иреңдеген‚
шағым бар кеткен талай тайғанақтап.
 

Iзiм де мың шатысқан соңымдағы‚
маңдайға түсе берген соның бәрi.
Жол — жiптi адарғы боп тоқыпты уақыт‚
лыпылдар өрмекшiнiң қолындағы.
 

Тынбапты жәнә онымен ұшқыр уақыт‚ —
картайтқан, өткен кез бiр түс былапыт!
Мiне, ендi келеке ғып қарайды жас‚
көзiнен қыз қарайды мысқыл атып.
 

Кеулiмде жоқ бұрынғы мүлде қанат‚
дейтiндей ақыл ендi қыл қанағат.
Омалып от басында қалғаныңды
шортиып шайпау қатын тұр табалап.
 

Болып тұр оның терiс‚ жөн дегенi‚
жақсы едi мұны көздiң көрмегенi.
Мен де бiр мәшинедей омақа асқан‚
алдыңғы ұшып кетiп дөңгелегi.
 

Жөндеуге сол шiркiндi пұл жетпейдi‚
қол созған‚ қалта қақпай құр кетпейдi.
Шыққан кез келiн — айғыр‚ кемпiр — саяқ‚
кiм сенiң ақ шашыңды құрмететейдi?
 

Жатарлық жар-дос та жоқ хабарласып‚
бастас та аз жүретұғын амандасып.
Торындай өрмекшiнiң жеңiп әжiм‚
жатқаның қирап‚ қаусап‚ мажал қашып.
 

Мұндайда амалың не? Кезiм аңғал
тап болды тар заманның тезiне алдар.
Әйтеуiр, қылар медет: тас таланды
көрсетер қу маңдайда шежiрем бар.
 

Ол мейлi қисық болсын‚ түзу болсын‚—
кейiнгi одан ата iзiн көрсiн.
Жемiссiз дарақ дерсiң‚ түсiнбеген‚
түсiнген‚ жапырақ жайған гүжiм дерсiң.
 

Бұ жолда мен жақсылық бәйтерегiн
ектiм бе‚ екпедiм бе‚ — айтар елiм.
Жолда iз бар. Ол көсенiң иегiндей
жылтырап тұрса‚ шынымен‚ кәйтер едiм?
 

Түспес-тi маңдайға онда сай қаптаған‚
әжiмдер — өткен күнге айғақ маған.
Бұ жолда бiр сәтiм жоқ жылтыраған‚
кезiм жоқ бура болып тайрақтаған‚
 

кезiм көп тараң жолда тайғақтаған‚
кезiм жоқ деген қолға сайғақты алам‚
ұрнықпай ұры көзге жайнақтаған‚
көп жүрдiм. Сол бередi қайрат маған.
 

Соны ойлап‚ сөз қопыстпай күпiрсiнiп‚
iшiмен деймiн‚ жақсы шүкiршiлiк.
Жатса да жан-жағымнан тықыр шығып‚
алман деп ендi қолға мықыр сырық‚
 

деуменен қарынды ойлау күпiршiлiк‚
шықпаймын шаңдақ жолға бiр құлшынып.
Көз тастап көп әжiмге‚ — өкiнемiн‚
етемiн жәнә соған… шүкiршiлiк.
 

1973 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *