Көлiктi аяқ артар таңдамастан…

Көлiктi аяқ артар таңдамастан,
жыланша тар соқпақпен алға қашқан
басына Көктөбенiң шыққанымда,
келгендей болды жақын заңғар аспан.
 

Қарап ем сосын төмен, жанарымда
жап-жасыл тұрды оранып қала нұрға.
Табаным бiр тимеген тәкаппар там
томпиып жатыр, әне, табанымда.
 

Базар да жатыр, әне, сыйы үзiлмей,
әне алаң жайылған бiр киiзiңдей.
Таситын сан хабарды тұр мұнара
шәрiнiң шаншылған бiр мүйiзiндей.
 

Келмейдi көше жақтың еш дыбылы,
секiлдi көлiк легi — көш қыбыры.
Тәуеткен тау басынан екi дария
тәрiздi Алматының қос бұрымы.
 

Демiне Алатаудың ұсап қалып
қаланы көгiс бу тұр құшаққа алып.
Бұл жерден… қолым жетпес талай кiсiм
кенеттен кеткендей ме ұсақталып?
 

Бұ не өзi? Онымды кiм сөкет дедi?
Бiз әлде бәндәмiз бе жетектегi?
Дем алып мен қалайша жүре бергем,
ауамен газға быққан етектегi?
 

Тартпағам неге кемел толған Айша,
мен жортқан неге өспеген жолда майса?
Биiкте мен қалайша қала алмайым,
төменге түсем қайтып мен қалайша?
 

Бостансыз, сонда ауасыз бар ма рахат?
Пәстiктен бастала ма әлде шатақ?
Ием деп табиғаттың тентек басын
бiз осы қалмадық па жарға тақап?
 

Бәндәның ол көнер ме тақымына?
Бұл әлде күпсiнгеннiң ғапылы ма?
Жаңаның бастауы ма мына тiрлiк,
көненiң мына тiрлiк ақыры ма?
 

Жауаб жоқ. Жетер емес оған әлiм.
Мен пәстен биiкке кеп демаламын.
Төбеге көзiмдi ашқан қимай қарап,
ес жиып етек жаққа ораламын…
 

1974 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *