Бiр кездегi қаптаған көп достарым…

Бiр кездегi қаптаған көп достарым
болып алды бүгiнде жолдастарым.
Кiм кiнәлi осыған? Ұқпасам да‚
жүрмiн қалап достықтың жалғасқанын.
Оның бiрақ түрi жоқ жалғасардай‚
жiгiт те жоқ ауырды қолдасардай.
Бiр кезгi дос бүгiнде қарайды асқақ‚
өзге жүйрiк болса да‚ алға салмай.
Түрiнiен-ақ белгiлi‚ — кiсi болған‚
алпауыттың етедi ол iсiн арман.
Дачасы жоқ досына ол қарайды‚
қарағандай кiсiге iшiп алған.
Әлдекiмдер жеткiзген күңкiлге ерiп‚
бiреу жалы ол жазып жүр “күнделiк”.
Сенi көрiп‚ жылмия күлгенiнен
кететiнi белгiлi ертең сыртын берiп.
Кейiн… Мұндай бiршама жолдастарым‚
таныс болды… Бәндә боп жер басқаның
арқасына бiреудiң тастай батса‚
айтшы‚ қалай ақылың болмас жарым?
Ол аздай-ақ‚ керместен бекер төсiн‚
қызық болсын деп әрбiр өтер кешiм‚
жолдас болып‚ қаумалап жиналады‚
қояды әкеп ортаға бөтелкесiн.
Алғанынша айтпайтын сырды бiлiп‚
ыржияды‚ күледi мың құбылып.
Аңдаусызда оңды сөз айта қалсаң‚
құттықтайды қолыңды ап‚ құлдық ұрып.
Желпiнедi ол сөз сөйлеп жиналыста‚
көзiн қадап қояды кейде алысқа.
Тұғырыңнан тайған күн… жалпылдаған
айналады танысың битанысқа.
Одан әрi… Әр жағын сұрамағай‚
қолдан келсе‚ тұғырдан құламағай.
Жос‚ жолдастар‚ таныстар табылады‚
биiк тұрсаң бәрiнен мұнарадай.
Өмiр осы. Алма мұң жанарыңа.
Адам осы. Бұлт салма қабағыңа.
Ең жаманы достардың сатқаны емес‚
құлақ қоймау өмiрдiң сабағына.
Мұным не осы? Көп кәзiр таныстарым‚
дос‚ жолдастың бәрiнен алыстадым.
Мұным не осы? Сабақ қой‚ өкiнiш қой‚
өмiр дейтiн үйреткен данышпаным.
 

1974 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *