Бозбала, төске соғып ерсiнбеген…

Бозбала, төске соғып ерсiнбеген
қалпымды, бар сыңайың менсiнбеген.
Бiр кезде мен де сендей алшаң басып,
кеудемде пiскен нанды көрсiн дегем.
 

Жүргендi және елемей санатқа енiп,
жасыса, нәмәрт дегем, болат көнiп.
Татымсыз, тереңi жоқ оңаза ойды
үркектеп, iшпейтiнмiн шалап көрiп.
 

Алқаға бiрақ оны сездiрместен,
жақынды жүрушi едiм бездiрместен.
Дейтұғын қыран болсам қораздарды
бұ тiрлiк қояр деушi ем көзге iлместен.
 

Ақыры замана озды, жас ұлғайды,
қиялым бұрынғыша тасынбайды.
Жасы асқан жекпе-жектен боксшыдай
тау-тасқа тарпаң кеуiл бас ұрмайды.
 

Тайыздау шықса кейде жас қанбалақ,
жатамын iштей оған астам қарап.
Тiрлiк сол. Со тiрлiктiң жолы тараң,
сонымен болмайды ма басқа арламақ?
 

Тоғысар сол көп жолдың сағасында
жол берiп желiккенге қаласың ба?
Осы ұлы адамизад таласында,
әлде сен сыбағаңды аласың ба?
 

Күш қашып не болмаса сыйық қашып,
ұсақпен өтесiң бе иықтасып?
Жампаңдап сонда әтешпен жарасқандар
кетпей ме жан дүнияңа күйiк басып?
 

Менсiнбеу керек, мiне, осы арада,
тауға да, тығылмағай, тасаға да.
Басталған нағыз ерлiк менсiнбеуден
жолатпайд ездiк иттi босағаңа.
 

Оныңа мүлде даңқ пен алтының жат,
алысқа қарағанның парқы қымбат.
Менсiнбеу ат құйрығын шорт кескен күн —
қараң күн. Айтпан, оның арты жұмбақ.
 

1974 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *