Тоңазытқыш тәрiздi дәл түнгi леп…

Тоңазытқыш тәрiздi дәл түнгi леп‚
жұлдыз—көктен жерге қарап тұрды көк.
Жатыр салют жамыраса атылып‚
қара ауаның қара таңын тiлгiлеп.
 

Халық у-шу! Жоқ жасамыс‚ жоқ кәрi!
Кеткенедй-ақ бала-шаға боп бәрi.
Тек мен қалыс‚— тас төбемде тұрғандай
сонау жылғы сұрапылдың оттары.
 

Жер бетiнен бар залымды құртқандай
таңғаламын шулайды деп жұрт қандай?!
Жасыл жарық жұлдыз болып аққан шақ
тұрам толқып шабуылға шыққандай.
 

Жәнә дағы зулап сәтте қас қағым‚
дар-дар жыртып дулы дүния аспанын‚
сансыз оттар сорғаласа‚ беттерден
көргендеймiн шаттық‚ қайғы жастарын.
 

Оны бiрақ бiлмес кеуiл ажарлы‚
оты өшпеген ошақ бақты‚ базарлы.
Түнгi әуеде арпалысқан шоқтардан
алам еске тiрлiк пенен ажалды.
 

Лапылдаған сол шайқастың iшiнде
жүргендердiң көбi айналды мүсiнге.
Адам неге жасайды осы зұлымдық‚
әлде соны жеңiп‚ тойлау үшiн бе?
 

Осы неге бас аламыз шаш алмай?
Көнедi оған Күн қашанғы‚ қашанғы Ай?
Кетемiз бе мына ақылды ғасырда
адамзаттың бiр жұмбағын шеше алмай?
 

Жұрттың неге жасайды осы көбi шу?
Аз қалайша бiр арнада тоғысу?
Мiндетi ме қойшы болу шаруаның‚
мiндетi ме бiр сойқанның — соғысу?
 

Алып тәңiрi бiреулердi қауыз ғып‚
бiреулердi жаратқан ба жауыз ғып?
Бiздер неге бұза-жарып сол заңды‚
сала алмаймыз сойқан сұмға ауыздық?
 

Не болмақшы олар кәзiр далиса?
Болмақшы ма тағы Мәдi‚ тағы Иса?
Халық неге қой болмақшы серкешiл‚
елдi неге билемекшi падиша?
 

Соның бүгiн кiм аңғарды жапсарын?
Сұм тулайды неге iсiнен тапса мiн?
Халық неге бола бермек қан-жоса
ерегiскен сәтiнде екi патшаның?
 

Олар жатса бiр бiрiне өкпелеп‚
елдi қырмай‚ шықпайды ма жекпе-жек?
Керiсiнше олар қолдан жасап уағыз‚
болады ылғи шыңға жаңғыз беттемек.
 

Мерейi үстем‚ ол басқадан артылса‚
мына дүния тұр баяғы қалпынша.
Жеңгендерi жатқандары жасап той‚
салюттарын жамыратып артынша.
 

Арты мұның… бiр мұздай жел ызғымақ‚
бұл шындықты байқамаймыз бiз бiрақ‚
елемеймiз жатса дағы құз құлап‚
отырғаны тәттi тiлдiң бiзге ұнап.
 

…Салют оты — аналардың көз жасы
соның бәрiн жатқан сынды сызғылап.
 

1975 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *