Оңдағаның осы ма сағатымды‚ —
ол асығып‚ болдырды жаңа түндi.
Көрсетедi мезгiлдi озып барып‚
әдiлетшiм қақ жарар қара қылды.
Соған қарап‚ үнемi мен алданам‚
кеңсе жаққа сәрiге таман барам.
Ашыққандай‚ қонаққа ел жиналмай‚
жетем шақтан бұрындау хабарлаған.
Сонда iсiме таңғалып шала бүлiк‚
отырады iшiнен дана күлiп.
Сағат үшiн сергелдең болғанымды
санайтындай сардарлар оданылық.
Ал кейбiреу мұнымды сөз қылардай‚
күншiлдiгiн қоздай ғып қоздырардай.
Мен немене жарылған‚ жазған басты
заманадан жүрмiн бе оздыра алмай?
Үйтерлiктей өстi ме тұнып шием‚
сала ма алға көз жазбас үгiтшi иең?
Сырғауылша сарт етiп сынбайды ма
оза шықса бұл мойным сынық сүйем?
Сақ па содан секемшiл бiздiң заман?
қашан суық қараүйде ызғырмаған?
Озықтарды ортаға ап‚ отқа қатап
бар ма дәуiр табада шыжғырмаған?
Бүгiнде ондай жоқ деме дарақыңды‚
кәзiр жұрттың бәрi би‚ бәрi ақылды.
Сескенгеннен солардан‚ сағатшы ұста‚
кеп тұрғаны жөндемткiм сағатымды.
Сен мұныма қарама айып көрiп‚
уақытқа жүргенiң лайық көнiп.
Жүрсем деймiн мен ендi озбай көптен‚
жүрсем деймiн мұп-мұздай байыпқа енiп…
1975 жыл