Кластас болған қара қыз…

Кластас болған қара қыз
көзiме мүлде сенбедiм.
Кеулiме керiм салар iз
жан едiң… Бұ не көргенiм?
 

Қасыңдағы қара сирағың
етегiңнен тұр тартқылап.
Жұлмалап Сырдың иланын‚
мен де өскем сондай шапқылап.
 

Қыз едiң сен де көк өрiм‚
отырдық қатар класта.
Көзiммен талай жеп едiм‚
бiлдiң бе? Тоба‚ рас па?
 

Қалыпты ендi жағың суалып‚
қалыпты жүзiң қуарып.
Қарайтын ем-ау ұялып‚
қарайтын ем-ау қуанып!
 

Iсiмiз сол ғой бiздердiң‚ —
содан соң талай қыз көрдiм.
Ұялғаным да жоқ одан‚
қуанғаным да жоқ оған‚
жасырын ойды жүз бөлдiң.
Көрсем бе десем сол шақты‚ —
қабақтан неге сыз көрдiм?
 

Тәттi едi-ау‚ шiркiн‚ қылығың‚
қамшыдай едi-ау бұрымың!
Жоқ едi менiң жұғымым‚
айтуға саған батпадым
сырымның құйттай сынығын.
 

Қылығың кәзiр тасталған‚
бұрымың шүйке шаш болған.
Боқмұрын анау бәтсағар
жолатпас саған басқа арман.
 

Тiлейсiң оның тiлеуiн‚
сол сенiң медет‚ тiрегiң.
Жақтырмай көзбен тұр қарап‚
Алматы жақтың бiреуiн.
 

Аман бол‚ қалқа‚ жүремiн‚
iшiмнен жылап, күлемiн.
Көзiңде барлық тiлегiң‚
қоя қой‚ бәрiн бiлемiн…
 

1975 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *