Таңсәріде – таңғы шық

Ѳткен ғасырдың 60-ыншы жылдары қазақ музыкасы мен әдәбиятында, шын мәнінде, таң алдында шѳп басына мѳлдірей тұрып қалған таңғы шықтай таза уақыт болған еді. Оған дейін, негізінен, фольклордың  үрдісіне сүйеніп келген ѳнеріміз осы тұста ғана ѳзінің  профессиональдық деңгейге кѳтерілуі керектігін жақсы түсінген болатын. Сѳз, музыкалық жәнә әдәби фольклорымыз мәңгі жасайды, оған ешкімнің де дауы жоқ. Кезінде ондағы бізге мирас боп қалған, әр ұрпақтың ѳз қырнауынан ѳткен, кемелдендіріліп, жетілдіре түскен атақты жәуһарларды, кейіннен аты-жѳні ұмытылып қалған,  қазақтың бір дарынды ұл-қыздары шығарған. Енді сол үрдістен бас тартып, авторлардың аты-жѳндері алдыңғы қатарға шыққан кезде қазақ музыкасы басынан қызық бір жәйтті кешірді. Дәл осы тұста музыка мектептері жоқ ауылдардан шыққан, жоғары консерватория білімін алмақ түгел, нотаны ноқат деп білмейтін, қазақша айтсақ, әуенді хатқа түсіруге келгенде «қара танымайтын» «әуесқой» композиторларымыз мажор-минор жүйесіне 17-ғасырларда кѳшіп ап, ѳнерде авторлықты бірден бір үрдіс еткен Европаға бір жалтақтап, қазақтың халық әндеріне бір жалтақтап, әрі-сәрі ѳмір кешкен еді. Оған қоса ұлы соғыстан кейінгі қиын жылдары халықтың руһын жасытпайтын нәрсе, шын мәнінде, романтизм болатын. Ол «Қаратаудың басынан кѳш келедіден» бастап, «жатыр едім тоғайда пішен шауыпқа» дейін жағдайды қамтыған халық әндерінде де бар. Міне, осы Батыс Европаның романтик композиторларының әсері бізде 60-ыншы жылдары таңғы шықтай аса әсем сазды, сыршыл, аздап мұңлылау әндерді тудырды. Сүйтіп, қазақ әдәбиятында формасы жетілген, шын мәнінде, бұрынғы жыраулардағы дидактикадан, жадағайлықтан, қолайсыз синкретизмнан арылған қазақ лирикасының алғашқы үлгілері пайда болды. Музыкада да алғашқы лирикалық әндеріміз тѳбе кѳрсетті. Ең қызығы, бұрын халқымыздың музыкалық үрдісінде бола қоймаған, үш аяқтаған би – вальстің ыңғайыман, 3/4 ѳлшемімен жасалған әндер бірінің соңынан бір бұрқырап шығып жатты. Б.Жамақаевтың «Махаббат вальсі»  осы тұста жарқ ете қалды. Одан кейін Ш.Қалдаяқовтың атақты әндері түйдек-түйдек шығып, қазақ сәһрасын соны бір сырға бѳлеп жібергендей болды. Әрине, олар жаңғыз емес еді. Бүгіндері сол кезеңге шола қарап отырсақ, халық руһының соншалықты кѳтеріліп, ел ішінен ѳнерпаз жандардың соншалықты кѳп шыққанын кѳруге болды. Мәселен, І.Жақановтың сол кездері жарық кѳрген «Ақ қайың», «Жағада жалғыз тұр қайық» дейтін романтикаға, сырлы сезімге толы, радиодан айтылмайтын, жартылай ұмыт боп әндерін бүгінде біреу біліп, біреу білмейді. Оған кейінінен мүлдем басқа жаққа қарай бұрылып кеткен автордың ѳзі де кінәлі.  З.Оспанованың «Сүйгенім менің қалада» дейтін әні де сол дағдырды басынан кешірді. Дәл осы кезде Күнсайын Қуатбаевтың халық арасына кең тараған «Тәңсәріде» дейтін әні, шын мәнінде, Әулие-Ата аймағының аяқ ізі түсіп, әлі де жапырыла қоймаған жасыл шалғынына малшына түсіп қалған таңғы шықтай әсем бір дүния еді.

Мен Күнсайын ағамызды «Жазушы» баспасында қызмет істеп жүрген кезімде кѳрген едім. Ол кезде жатағандау бойлы, кѳп сѳзге жоқ, ѳте кішіпейіл, жуас мінезді, біреуге зәррәдай да арамдығы жоқ ағеден Күнсайын баспаның музыка редакциясында редактор болатын. Анда-санда баспаның бір ресми мерекелерінде бас қоса қалғанда, аккордеонын алып, әнге басатын, қу қағазға амалсыздан телміріп қалған ѳнерпаз қыздарды сүйемелдеген кезінде, күнделікті бұйығы қалпынан тез арылып, құдды бір үлкен сахнада тұрғандай, сілкініп сала беретін-ді. Бұл шынайы ѳнерпаз, дарынды кісінің табиғатын аңлататын. Соның аяғы үлкен бір той-думанға ұласып, ѳнерлі ағамыз аккордеонын кабинеттің бір бұрышына атып ұрып, осы кезде қайдан келе қалғаны белгісіз әлдеқандай дуылдасқан топпенен кѳше бойлап бара жататын. Соларға қарап тұрып, мен ішімнен, бұрынғы сал-серілер де дәл осындай болған шығар, деп ойлаушы едім. Ѳкінішке орай, осындай шынайы ѳнерлі кісілердің шығармалры үлкен концерттерде айтыла бермейтін, тізімге енбейтін. Бірде «Қазақ әдебиеті» газетінде күнсайынның «Қашанғы «әуесқой» атанамыз» деген мақаласын оқып, бұрынғы фольклордың үрдісінен толық қол үзіп кете қоймаған, осы заманғы композиторларға қойылатын шарттарға қолы жете қоймаған адамды кѳргендей әрі-сәрі ойға қалған едім. Шын мағынасына келгенде, Қазақстан композиторлор Одағына он жерінен мүше болсаң да, мың жерінен мәртебелі сыйлықтарды алсаң да, халықтың руһани ѳмірінен берік орын теппеген шығарма жаза алмасаң, бәрі де жәй сѳз. Бізде осындай талантты азаматтар кѳп болды. Мәселен, поэзияда І.Мәмбетов «Ѳгей шешеме» деген бір жақсы ѳлеңін, Ә.Абайділдәнов «Ақ қайың» атты жинағын, Ш.Мұхамеджанов бірнеше ѳлеңін, прозада Қ.Ысқақов «Қоңыр күз еді» деген хикаясын жазды да, мүлдем басқа жаққа бұрылып кетті. Сол тұстары жарқ ете қалған Т.Молдағалиев алғашқы ең жақсы он шақты ѳлеңін жазып, шығар биігіне шығып алды да, ѳзі жазғандай, сол биігінен «шанамен» еңіске қарай «зуылдай» кеп сырғанап кеп берді. Бұл жағдайды әдәби қауым жақсы біледі. Қазақ музыкасында дәл осындай жағдай болды. Сол кездері жарық кѳрген бір-бір әні бар «халық композиторлары» жетерлік.  Бірақ бірегей композитор тѳбе кѳрсете қоймады. Кәзірде де солай. Дегенмен де біздің жасѳспірім шағымызға тап келген 60-ыншы жылғы сыршыл әндер, шын мәніндегі, музыкадағы таза таңғы шықтай мѳлдіреген лирика әлге дейін жадымыздан кетпейді. Мұның себебі жетерлік.

Бүткіл ѳнер атаулының анасы деп есептелінетін ән жанры синкретизмнен айрыла бастағаннан-ақ ѳзінің жекеменшік мүлкі ретін егеленіп алып қалған лиризм, басқаша айтсақ, терең психологизм әр заманда әр түрлі дәрежеде кѳрінді. Біздің, шартты түрде алсақ, 60-ыншы жылдарға дейін, Сәбет заманында шыққан әндерімізде бұл қасият мүлдем жоқ та еді. Енді замана зарпы ѳзгеріп, халық ѳзін ѳзі еркіндеу сезе бастаған кезде, бұрынғы вокал дүнияларына қарағанда табиғаты мүлдем басқаша боп келген әндердің шығуы заңды да болатын. Әрине, оның барлығын қазақтың кәнігі вокалының тілімен жазылды деуге бола қоймайды. Бұл, қарапайымдандырып айтсақ, біздің әдәбиятымыздағы «орысша» ойлап отырып, құдды «қазақша» жазған сияқты боп кѳрінуге тырысатын жазушыларымыз сияқты ғана. Мұны керісінше қисындасақ, қазақ әдәбияты қаншалықты «орыстанып» кетсе, қазақ музыкасы да соншалықты «орыстанып» кетті. Тек айырмасы – ѳзіміз даңғазалықпен әлге дейін аспанға кѳтеріп дәріптеп жүрген жасанды да жансыз әдәби дүнияларымыз баяғыда-ақ ескіріп қалды, біз оны сезбейміз. Ал музыкадағы сондай «орыстанған» дүниялар тозып, ескіре, күні ѳте бастаса да, саз ѳнерінің құдіретінің әсерімен, әлге дейін бізді ақ қардай кіршіксіз тазалығымен, шынайы сыршылдығымен, кѳңілді салған жерден-ақ Қап тауына қарай алып кете баратын қиялшылдығымен, арбап та, баурап та ала қояды. К.Қуатбаевтың «Таңсәрісі» де дәл осы қатардағы шығарма.

Бұн ән де сол кездегі музыкалық «модамен» 3/4 боп келетін, вальс ѳлшемімен шығарылған. Шығарманың алғашқы тактыларынан-ақ ѳмірдің әлі ащы-тұшысын татып кѳрмеген ѳрімдей екі жастың жан сезімі, кіршіксіз сүйіспеншілігі, асқақ қиялы бірден сезіледі. Ажарлы әуен тѳменгі медиантадан басталып, екінші сегіздіктің ре дыбысына жетіп, ѳзен бетіндегі майда толқын сияқты тербетіле кері қайтып, бірінші және екінші музыкалық сѳйлемде доминантаға кеп аз тыныстайды да, жәйімен әсем бір қозғалыспен ырғатыла отырып, тоникаға жетіп тоқтайды.

Самал желпіп, тербеледі қарағай,

су бетінде еркін жүзіп барады ай.

Алтын айдай ақ сәулешім жанымда,

жүріп келем ѳзен бойын жағалай,–

деген жолдардағы табиғат суреті, керегеше тұтасып тұрған қарағай, су бетіне кескін-келбеті түскен алтын ай, жәйімен желпіп тұрған самал, ѳзен жағасымен қыдырыстап келе жатқан екі жас бірден тыңдаушының кѳз алдына кеп, әлдеқандай сырлы бір дүнияға енгізіп жібереді. Екі ғашықтың жан дүниясында не болып, не қойып жатқанын сыршыл әуен ешқандай айғайсыз,  аса бір шыншылдықпен еркін жеткізіп жатыр. Олардың да жан сезімі айналасында тамылжып тұрған табиғат тәрізді соншалықты таза, соншалықты сұлу. Әлі кір шалып үлгермеген, мѳлдіреп тұрған бір тұнық дүния. Содан кейін келетін қайырмадағы «а-а-лап» біраз уақыт бойы тұрып алатын вокализ сайын сәһраның кеңдігінен, одан әрі екі жастың алдында әлі де талай ѳмірдің, уақыттың жатқандығынан хабар береді. Сол ѳлшеулі мерзім ішінде адамның бар саналы ѳмірі ѳтеді. сол арада басыңа қонғалы тұрған бақты қармап қал. Оны ұстап үлгермесең,  кейінінен опық жейсің.  Одан тыс мына тас тѳбеден алтын ай қарап, сансыз жұлдыз самсап тұрған шарқи фәләк та мәңгілік емес. Ол да «диірменнің тасындай» ертең-ақ шыр айналып ѳте шығады. Бірақ бір бірінің ықылас-ниетіне, ыстық мәһаббатына берілген екі жас оны аңлар емес. Олардың бұл мына шолақ тіршіліктегі кѳп кездесе бермейтін ең бір бақытты сәті. Бұл қай заманда да кім-кімнің басында да болған. Әлі де бола бермек. Ертең-ақ оның жалт етіп ѳте шығары хақ. Бірақ, соған қарамастан, әр адамның ѳмірі ѳзінше, бѳлек. Дегенмен екі аяқты бәндә әзәлынан жаңғыз боп тіршілік ету үшін жаратылмаған. Мына он сегіз мың ғаламға тынымсыз келіп жатқан әр кісінің ѳзіне лайқат ѳз жұптысы бар. сен соны іздеп табуға тиіссің. Бірақ ѳмірде үнемі бұлай бола бермейді. Соның салдарынан ѳмір жолы сәтті басталмаған, сәті басшталса да, дұрыс аяқталмаған, ѳз серігін таба алмаған, сақал-шашы ағарған сопа басы сопайып жаңғыз қалған қаншама адам бар! Кісі шолақ тіршіліктің мән-мағынасын сол кезде ғана толық түсінеді. Ойлап қарасаң, кім кімнің де жас кездегі ѳмір жолы бірдей боп басталады. Ол жол кейінінен сан тармаққа бѳлініп кетеді. Неге? Кәзір тамылжыған таза табиғаттың ортасында толықсып тұрған екі жастың ертең дағдыр-талай неліктен басқаша боп кетеді? Әнде бұған жауап жоқ. Жалпы оның керегі де жоқ. Адам ѳмірінің ең бір сәулелі тұсында ғана болатын осындай ыстық сәт кейінінен алтынға айырбастап ала алмайтын мезгілі. Ұлы лирика деп жүргеніміз дәл осы. Мына куплет формасымен жасалған ән соны тыңдаушының есіне қайтадан салғысы келгендей, үшінші және тѳртінші жолдарды қайырмада қайталайды. Әдетте үлкен композицияда онша қуаттала бермейтін мұндай тәсіл мына әнде онша ѳрескел кѳрінбей, керісінше табиғи сияқты боп кѳрінеді.

Осы бір қарапайым, бір демде ѳз ѳзінен туыла салынған сияқты боп кѳрінетін сазды әуен келесі мәтіннің мағынасына қарай құлпырып кеткендей боп сезіледі. Бұл жерде біз мәтіндегі дәлсіздікті ескеріп те жатпаймыз. Музыкалық лирикалық кейіпкердің ѳрескелдеу тұжырымы да әбес кѳрінбейді:

Қырдың қызыл қызғалдағы қырмызы,

жымың қаққан кѳк аспанның жұлдызы,

сұлусыңдар, таласпаймын, бірақ та

ерекше ғой еркетайдың нұр жүзі.

Шынында да, осы сәтте жас жігіт үшін бар жанымен құлай сүйген бойжеткеннен артық не бар, кім бар? Дәл осындай кѳңіл күйін бұрында ѳткен ата-бабалар да бастарынан кешкен. Олар да, қарағайдың арасында қол ұстасып қыдырмаса да, «ақысы кеткен кісідей, кѳшкен елді қуалап, ѳз жиырма бестерін» асқан бір қызықпен ѳткерген. Бізден кейін келетін ұрпақтың да ѳз «қарағайы», ѳз «жиырма бесі» болады. Бірақ қандай болады? Ал мына екі жастың болашағы соншалықты жарқын.

Кѳкжиектен таң келеді арайлап,

нұр жамылды, гүл жамылды бар аймақ.

Нұр жайнайды аяулымның ақ жүзі,

күлімдеген күн жолына қарайлап.

Мұндағы «күн жолына қарайлауда» үлкен мән-мағына бар. Бүткіл жер-жәһан Ұл Күннің шығуы мен батуының екі арасын ѳзінше ѳлшем етіп ѳмір сүреді. Адам ѳмірі де сондай. Сол мерзімде ащы да, тұщы да болады. Мәселе тіршіліктің сондай қатал сынағында әлгі мѳлдір сезімді кірлетіп алмауда жатыр. Бұл арад, неге екені белгісіз, мына екі жастың сол сынақтан аман-есен ѳтіп, болашақта бақытты болатынына сенесің. Олар бақытты болмаған күннің ѳзінде, кейіннен осы бір ыстық сәтті естеріне алып, ешкімге кѳрсетпей, дымын сездірмей, аз ғана сәтке болса да ѳзін бақытты болғандай сезеді. Ал мұндай жағдай кімнің басында жоқ?  Ол адамның ішінде жатқан ең бір құпия сыры. Оны айғайлап, жар салып айтуға болмайды.  Бұ жерде ол сыр мен шерді ѳнердің мәудуатына айналдыруға тек қана ажарлы әннің күш-қуаты жетеді. Мына ән сол себепті де таңсәріде әлі де жан аяғы баса қоймаған кѳк шалғынға қалың түскен таңғы шық тәрізді, жаңа шығып келе жатқан Күн сәулесіне шағылысып, мың құлпырып, ертектегі ғажап бір дүниядай боп кѳрінеді.

Кезінде бұл әнді жастар да айтты, егделер де айтты. Мелодиясы соншалықты бір қазақы боп келе қоймаса да,  кѳне құлаққа ерсі боп естілмей, жаңа шығарма, бүгінгі тілмен айтқанда,  нағыз «шлягер» боп кетті. Бұ жағынан алғанда «Таңсәріде» әні Шәмшінің атақты әндерімен үзеңгілес жатыр. Ѳкінішке орай, осы шығармадан кейін, неге екенін білмеймін, Күнсайын соған деңгейлес, қарайлас тың туынды жаза алмады. Бірақ бұл әнге еліктеген-солықтағандар кѳп болды. Әрине, екінші қатардағы ол нәрселер кѳпке шыдамай уақытпен бірге кетті. Осы арада дәл осыған ұқсас, мынадай бір жағдайды еске ала кеткен жѳн.

Бүгіндері Н.Тілендиевтің «Құстар қайтып барады» әнін кім білмейді? Оны «Таңсәрімен» салыстыру ешкімнің де ойына кіріп-шықпайды. Екеуі бѳлек дүния сияқты. Ал шындығында солай ма? Нұрғисаның әнін тұтастай келтірейін:

Бұл ән де «Таңсәрідегідей» ѳлшеммен жазылған. Мәітіннің ѳлшемі де бірдей. Күнсайын ѳз әнін фа-соль-ля  деп деп бастаса, Нұрғиса, бұған керісінше, ля-соль-фа  деп бастайды. Бұ жердегі бар айырмашылық, Күнсайында әуен екінші октаваға қарай ѳрбіп, дамып, қозғалып отырса, Нұрғиса да мелодия ля-ля-ля-ля  боп бір орнында қозғалмай тұрып алады да,  тѳменгі медиантаға қарай жылжиды. Күнсайында бірінші сѳйлем доминантаға барып толастаса, Нұрғисаның бірінші сѳйлемінде де сүйтеді. Күнсайында екінші сѳйлем доминантаға барса, Нұрғисша да ол доминантаға жетіп аз кідіреді. Келесі үшінші, тѳртінші жолдардағы әуен де ұқсас. Бар айырмашылық, Нұрғиса «ѳте шыққанды» екі рет қайталайды. Ал қайырма, аздаған майда қалтыл-дірілге, аздаған ұзақ-қысқалығына қарамасақ, ѳте ұқсас. Содан кейін Күнсайында үшінші, тѳртінші жол түгелдей қайталанса, Нұрғиса да тѳртінші жол ғана қайталанады.

Бұл ѳз алдына. Соңғы ән де «Таңсәрідегідей» куплет формасымен жасалынған. Интонация, тембр, ѳлшем, ырғақ, екпін бірдей. Тек бар айырмашылық – «Тәңсәрідегі» таза мѳлдір сезім, әзәлғы сұлулық, түнгі сурет, асқақ романтика «Құстар қайтып барадыда» атымен жоқ.

Менің мұны айтып отырған себебім,– Күнсайынның әнінің кезінде басқа композиторларға қандай, қалай, кәйтіп әсер еткенін тағы бір рет келтіру ғана. Мына мысалдан Нұрғисаның Күнсайынның әнінен старт алғаны айдан анық. Жалпы «Жан сәулем»,  «Алатау», «Сарыжайлау»,  «Куә бол», «Ѳз елім» т.б. сықылды ән шығарған Нұрғисаның жалпы композициясында эклектизм басым, бірегей қолтаңба анық емес. Мынау – соның бір мысалы ғана.

Әрине, мұның ақ-қарасын уақыттың ѳзі аша жатады. Бар білерім, біздің жастық шағымыздың символ-нышанындай боп қалған, сол кездегі заманның руһани сипатын кѳрсететін, адам ѳмірінің кѳктеміндей аса бір жарқын сәулеге, арманға, қиялға, болашаққа деген сенімге толы, таңғы шықтай мың құбыла мѳлт-мѳлт еткен «Таңсәрі» әні талай ұрпақтың жан дүниясын тебірентетін, оны тазарта, жақсарта, кемелдендіре түсетін классикалық әніміздің бірі боп қала береді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *