Оу‚ арман‚ қалғансың ба сыйласардан‚
жас кезде мұзбалақ ең бiр қасарған.
Топшысын тасқа соққан тарланым ең‚
терiше жидiмейтiн иге салған.
Жорудан‚ дыбыл шықса‚ тұрар талмай‚
тарлан ең‚ шаба берер құмар қанбай.
Кескiнiн кеспiрсiздiң көре қалса‚
шираушы ең су шылаған қыл арқандай.
Тiрлiкке кейде күйбең салақ қарап‚
көшенi кезетiнсiң сан апталап.
Мiне, ендi ту тағыша жаңға түскен
отырсың‚ болғандайсың молақ қанат.
Көзiңнен бұла шағың бiр-бiр ұшқан‚
шортандай шаршатты ма дүмдi дұшпан?
Көрсек деп әуейiнiң әуселесiн
орнатты өр басыңа кiм зымыстан?
Жөн бе екен соған сола шау тартқаның‚
қиынды қайда қалды қаусатқаның?
Кетпенше тасқа шапқан неге кетiк‚
манжамды қуаты көп саусақтарың?
Қажырдан қалдың ба әлде мүлде айрылып‚
тасқан кез неге болған бұндайда ұмыт?
О шiркiн‚ сенi қайта тағалайтын
жастығым келер ме едi бiр қайрылып?
Кiм бiлген? Бiз бастық па жан бақпаға?
Күдiкпен көз тастаймыз алғы аптаға.
Кетпешi‚ арман-тарлан‚ тастап жаңғыз‚
болмасын тiстейтiнiм… бармақ қана.
1977 жыл