1
Келшi бермен‚ келшi бермен‚ қыз Алма‚
жас ботасыз өскен емiп сiз арда.
Сыр бойының бұйра шашты бұласы
Алтай жақтың ақ аршасын бұзар ма?
Кел қасыма‚ ернiң тiстеп‚ қызар да!
Кеше ғана тарпаң едiк тебiскен‚
қырағы көз қырғи көзбен өбiскен.
Сен iшiңнен сүйетiнсiң шошынып‚
шошынумен сүйетiнмiн мен iштен.
Өттi заман‚ қайда тiлек келiскен?
Тастадың да тұсау салып есiме‚
көп сандалттың. Мәжнүндiк пе, осы не?
Партизан деп сипағанда шашымды‚
телмiргенмiн ту даладай төсiңе!
Өштi бәрi‚ күрсiнесiң несiне?
Жүре алмадым мен өзiңдi қалқа ғып‚
көп жүрмедiң сен де ажардан әр тамып.
Жадыңда ма жайдақ жампоз машина‚
жадыңда ма күздiгүнгi Арқалық?
Түстей бәрi‚ жiптей жәймен тарқадық.
Сүйдi ақыры сымбатыңды жат жанар‚
қаша бердi мен қызыққан бақтан әр.
Бола алмадым мен бәтуалы партизан‚
бола алмадың алма сағақ ақмарал.
Кiм кiнәлi‚ қайда қашты хат-хабар?
Ендi бүгiн таң тамылжып қайта атпас‚
уақыт ұры бұлды еткенiн байқатпас.
Сен отырсың тәттi ернiңдi тiстелеп‚
мен отырмын әлденеге шайқап бас!
Өмiр осы‚ кеуiл осы жәй таппас!
2
Қиялым қайта ұшты аңсап,
шығар деп сенi ендi алдан.
Жақсы едi-ау алма пiскен шақ,
болыппын нашар мен бағбан.
Сол кезде едi ажарың
тартпаған қоңыр желменен.
Жастықтың қиқу базарын
жан едiң онша көрмеген.
Нұр бар-ды көзде саулаған,
жас жаның құдды жосалы бау!
Дулығадай едi аумаған
тепсiнген анау қос омырау!
Жұлдыздай шыққан кешқұрым
дидарың жарқын сiрә дә.
Тоқпақтай қара қос бұрым
құлайтын белге қынама.
Сүрмемен бетке әр берiп,
қызықсын деумен үмiткер,
басқаныңда аяқ сәнденiп
қалатын ит боп жiгiттер.
Сүйсiндi жұрттың көбi де,
бiз дағы босқа алдандық.
Кеттi алма бiрде жөнiне,
жөнiне қалды бағбандық.
3
Қайран Алма, жарқын едi жанарың,
тереңiнде тентек сезiм тебiскен!
Ақ мақташа үлпiлдеген тамағың
Айдың ғана нұрыменен өбiскен.
Науша талдай бойың едi талдырмаш,
күлгенiңдi ойлайтұғын жұрт той деп.
Сымбатты етiп бар тұлғаңды балғын жас,
жарасатын қарапайым шыт көйлек.
Соны сүйген арманы не жарықтың!
Жел бақытты соққан сенi алты орап!
Лекцияда келетiн-дi танытқың,
қыз боп құрып жүргенiңдi салтанат.
Жазық едi жоқ әжiмi маңдайың,
найзадай-ды, қара кiрпiк қақса, дәл!
Талай рет қағамын деп таңдайын,
алған сөгiс Балтакестi бәтшағар.
Басқалар да сүзiлетiн өңiңе,
бiз көрмедiк оңашада жолығып.
өр Алтайдың күмiс сулы көлiне
басқа бiреу кеттi ақыры шомылып.
Быт-шыт болды дүния, күмiс шөлмектi
быт-шыт қылды тиген тосын тас барып.
Қашты қыял, сөзден сұлу өң кеттi,
кеттi тiрлiк бiр оңаза басталып.
4
Ақ алма емес‚ апорты едiң Алтайдың‚
сен шолжыққа шамырқана шалқайдың.
Көрiп көптi қолы өзiңе жетпеген,
мамыражай масайрадың, марқайдың‚
Және ардақтап алма беттi ақ ұндай,
басқа қыздың көрушi едiң бәрiн жәй.
Ажарыңа арбалатын айна да,
айдалаға алғаш түскен сағымдай.
Сезiп соны, көңлiң көкке кеттi өрлеп,
бiздер қалдық басқа ұрғандай дерт меңдеп…
Сенен кейiн не сылқымды көрдiк бiз,
жамалы бiр — мұзды мұхит көкпеңбек.
Ондайлардың ойсыз қарап жүзiне,
бiз бармадық тырнадай боп тiзiле.
Сылқымданған сексен сұқсыр шықса да,
татымайтын едi-ау сенiң iзiңе!
Бiрақ та не амал, — басымыздан қате өттi,
сөндiрмедiк сiлби жанған жат өрттi.
Басқа бiреу ақ сағымды алды аулап,
басқа бiреу алды жұлып апортты!
Болған талай мұндай жағдай тiрлiкте,
өз кезiнде оны ескере бiлдiк пе?
Студент шақ лентасындай киноның
үзiлдi ақыр, қалды жанда мың бүкпе…
Ендi бүгiн бүкпенi ашпай көпке анық,
үрлеп едiм, кетер ме деп от жанып, —
о жасаған, көңде қалған құр күлге
созған қолды алды шайтан шоқ қарып…
1977 жыл