Тиылып мiнез, тасыр күйден…

Тиылып мiнез, тасыр күйден,
дейсiң сен қулық деген тәсiлдi үйрен.
Жол болсын мынауыңа, — жарасар ма
жаманға жалпақтаумен басыңды иген?
 

Алқасын ағайынның алмай шу қып,
мен сонда қалай өтем қардай сырғып?
Тәсiлiң тiрлiктегi қандай тәсiл,
қулығың, айта қойшы, қандай қулық?
 

Әлде оның арғымақты арқандаған,
тәсiл ме тас бөгеттi талқандаған?
Құп-құйттай кемдiкүнгi пайдаң үшiн
жөн бе екен ер жiгiтке жалпаңдаған?
 

Жүргенде соны едәуiр жұмыс көрiп,
тиынды таусылмайтын туыс көрiп,
iргеге iретсiздеу иiлем деп,
кейiннен қалмаймын ба құныс болып?
 

Жоқ әлде қу жалғанның бұл мазағы,
Бұйырар кiмге жұмақ, кiмге азабы?
Жарқыным, жалпақтаумен болсам бүкiр,
белiмдi тәбиб болып кiм жазады?
 

Мұндайдан не кемелдер қашты емес пе,
әркiм өз заманында бақсы емес пе?
Жүргенше өмiр бойы иiлумен,
өткенiм иiлмей-ақ жақсы емес пе?
 

Сондықтан ыңыранбаймын, ысқырмаймын,
сөзiңдi құлағыма қыстырмаймын.
Қойса да қара тауды қарсы алдыма,
пасықтың пиғылына пысқырмаймын.
 

Демеймiн және өзiмдi басындырам,
шайтанша шапшығанның шашын жұлам.
Үйренген тәсiлiм сол, тiршiлiкте
жасамай ешбiр тәсiл, — тәсiл қылам.
 

04.11.1979

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *