Жаман атты борбайлап,
шаба алмадық сор қайнап.
Бiздi құртқан күншiлдiк,
дедiң бiрде айғайлап.
Қойсақ оны, — алысты
ойламастар қарысты.
Ендi, дейсiң, қайрайық
қалғып кеткен намысты.
Қайрап едiк, — тыңайып
қалғанмен, бар бiр айып,
бiрiмiздi бiрiмiз,
дедiң, қатты сынайық.
Сынап едiк, — мастанса
не кеуiлi хош болса,
жүре алмастар жайына
шықты елерiп қошқарша.
Соның соңын кiм бiлген, —
сықылды жер сiлкiнген.
Алыс-жұлыс iшiнде
пайда тауып жүрсiң сен.
Кейде сөздi бұзып қап,
толық айтпай, үзiп қап,
қошқарларға қарайсың
көлденеңнен қызықтап.
Мысқыл шауып түрiңе,
мың күлесiң күнiге.
Абырайдан айрылды
ерем деп ел тiлiңе.
Ендi сенiң жұмысың:
сынау жұрттың мұнысын!
Айналайын, мынадай
көсемдiгiң құрысын!
19.05.1979