Таусылғанша бар демi,
алғанша орын қырқадан,
таусылмайтын әр ненi
етедi екен жұрт арман.
Ол өте көп: бiреуге
бес бөлмелi үй керек,
дөкей керек тiрерге,
қажет кейде сый бөлек.
Бiреуге ендi ту керек,
бiреулерге шу керек,
бiреулерге бақ керек,
бiреулерге тақ керек.
Керек, керек… Көп керек,
керек емес жоқ демек.
Барамын ба сотқа ерек,
тойымсызға өкпелеп?
Қажет пе әлде қазына?
қиын ба оны табу iс?
Мен бе сонда әжуа,
мен бе сонда дәруiш?
Жөн бе осыған қырсыққан?
Жұрт басқаша неге осы?
Үйiрiледi кеп ұршықтай
бұ дүнияның кемесi.
Өмiр осы деп пе едiк?
Мен отырмын мажырап.
Көп арманды жек көрiп,
армандаймын… азырақ.
24.12.1980