Қарайсың күлiмсiреп, iнiм, маған,
қозданар қызбасың ғой дыбырлаған.
Жампоз ем мен де сендей, жойқын жылдар
ақыры жiгерiмдi жырымдаған.
Сол кезде қалды кеуiл бiр талайдан,
қу дарақ жар-дос болды құр қарайған.
Дау-шарда алашаның жiптерiнше
шатысты мың ширыққан жүйке қайран.
Жәнә етпей жарлығын зор телпектiнiң,
iшiнде жүрдiм футбол — мен тепкiнiң.
Сонда да арнасынан адаспады,
Сырдай боп серлеткен сыр тентек тiлiм.
Десем де құрғыр соқпақ мың адасты,
аузыма қарата алмадым бұл алашты.
Тозбастай темiр жолдың балғасынша
тау-тасқа соққыладым бұла басты.
Шаршадым ақырында мен соқтығып,
құрыды қапияда келтек, құрық.
Тентек тiл, бұлағай бас, тозған жүйке
жалт бердi бiр менi жер соқтырып.
Мен ендi сөз айтпаймын тасырланып,
қойғанмын қасаруды ғасырға алып.
Бас бағып, жүйкенi емдеп, тiлге тұсау
салсам да, деймiн жұртқа, «қасынбалық».
Ауыздан шығад жәнә сөз ерiне,
қараймын күпсiгеннiң кезегiне.
Қамшымды сегiз өрме көрсетпеймiн,
қорғасын құйған мықтап өзегiне.
Кей кезде… құдай кеуiл аспандатып
қойғандар өзiн жүрсе астамдатып,
болады оң қолыма сабыр уәзiр,
жiберем десем оны бастан тартып.
Содан соң… тарта алмаймын мен де батыл,
ойлаймын жөн емес деп ерге ғапыл.
Тұрады жөн көрiнiп жас желiктен,
басыма кешеуiлдеп енген ақыл.
Мысқылмен сен қарайсың соны бiлмей,
бола ма әр кiсiнiң жолы бiрдей?
Тезiне салса дағдыр, түсiнерсiң,
ысқырып ұсталардың көрiгiндей.
Көр көштi, оған дейiн өрге сүйреп,
кеулiңдi тайғақ кешу бөлмесiн көп.
Тiлеймiн тура жолды бер деп саған,
тiлеймiн жәнә соны бермесiн деп…
25.02.1980