Ойнаған қара бала қар лақтырып
қуалап қара қызды, алды аптығып.
Отырмын мен бойымды көтере алмай,
жастарға егделiктi салмақ қылып.
Ұстады, әне, тентек бұрымынан,
кәйтедi-әй қара қызды сығыр ұлан?!
О, бала, қызды ұстай бiл, мына ағаңның
қашқан-ды не бiр кербез құрығынан.
Қу бала, әне, ұрды да тұра қашты,
ду еттi қара қыздың құлақ асты.
Ұрныққам мен де талай құрғырларға,
соққылап тау мен тасқа бұла басты.
Тұр бала анадайда одырайып,
жiгiтке жампоз тартар сол ылайық.
Жүргенмiн қырымпоз боп мен де бiр кез, —
құрбының болды ақыры көбi ғайып.
Қу бала, әне, қызға жамбарсыған,
ол құдды келгендей-ақ дәл ғаршыдан.
Наз қылғам мен де талай науша қызға,
бәрi өттi, тек алқынды — қалған шыдам.
Бiр бiрiн тағы қуды ылақтарым,
қара қыз жылап қалды. Сынап бәрiн
отырған мен де қызды жылатқанмын,
өкiнем, неге оны деп жұбатпадым?
Қарайды қара бала жәйлап маған,
қалайша, жаны ашыса, қой деп қалам?
Жұбату бiр бiрiңдi — тiрлiк парқы,
жаны ашу, жәнә парқы — бой бақпаған.
Ескермей соны мен тайрақтағам…
Әй, бала, жұбатсайшы, ойнақтаған!
19.03.1980