Құрдастың кемшiлiгiн көре тұрып…

Құрдастың кемшiлiгiн көре тұрып,
мақтап ем марапаттап мен өтiрiк,
ұсынып жатыр маған орындығын,
ұсынып жатыр маған темекi, қырт.
 

Тұтатып жатыр оны шырпы жағып,
iлiктi езуiне күлкi барып.
Тарихта айтқан сөзiм қалатындай
iшiнен алақайлап, тұр қуанып.
 

Мен сонда көрiп соны шiмiркендiм,
кеп кеттi бiр ойымның түбiн көргiм.
Шалқая орындыққа отырып ем,
құрдастың оң жағына қырын келдiм.
 

Өзiмше, өй, сынадым, шындықты айтып,
осымен бiтсiн, дедiм, бұл бұқпайлық.
Таңғалып табан асты қалды құрдас,
қадап ап екi көзiн, сырғытпай, қырт.
 

Содан соң тез қуарды, түсi қашты,
абайсыз айтқан сөздiң мысы басты.
Кенеттен… қос кемедей ғарыштағы
көзiмiз бiр бiрiмен ұшырасты.
 

Кәрәмәт! Мен неге еттiм мұны салық?
Құрдастың ұстап қалған қырысы анық.
Көзiнен қаулай шыққан ашу-ыза
қолына келе жатыр қылыш алып.
 

Шошындым. Шындығыңды ел бiле ме,
көшеде мазақ қылып жел күле ме?
Дос едiк жаңа ғана, шындық үшiн
қаламыз араздасып ендi неге?
 

Ол неге қабақ түйiп қалды отырып?
Тағы да мақтасам ба сәл көпiрiп?
Кеуiлi семiрсiн деп, достық үшiн
айтуға тиiссiң бе әлде өтiрiк?
 

Үйтпесең, дей бер онда құрсын, бiттiм,
басы бұл басталғаны бiр сұмдықтың.
Жеп-жеңiл өтiрiктiң жолы неге,
ап-ауыр жолы неге бұл шындықтың?
 

Мұны әлде… халайыққа ғажап күткен
жазбай ма расын айтып, газет бiткен?
Бұл әлде шыққан ба өтiрiк дәлелденбей,
шындығың дәлелдену қажеттiктен?
 

Сонда оған жортқаның не құмарлана,
тапқаның өтiрiк, өсек, күмән ғана.
Шарпысқан осы екi жол от пен судай
күн бар ма құйылатын бiр арнаға?
 

Болмаса ол, қосылдыру мiндетiм бе?
Керек пе жолды тарту қыл көпiрге?
Жүйкесiн құрдасымның жонғыштаумен
айғайлау жараса ма күнде-күнде?
 

Заман-ай! Еш халiм жоқ өкiнетiн,
халiм жоқ жәнә басқа секiретiн.
Барады бiрте-бiрте бас иiлiп,
дуылдап бара жатыр екi бетiм.
 

Ал құрдас бiр күлкi алған миығына.
Шындықтың мен болайын сиығына!?
Екi жол екi бұтты айырардай,
батады ауыр салмақ иығыма.
 

Ой күңгiрт, кiр шалатын жоқтай арым,
берердей тiрлiк қолға көк таяғын.
Жарады жойылмаса сол екi жол,
жарады айрылмаса шатқаяғым…
 

30.11.1980

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *