Хикметтiң бiз де қумыз мыңын көрген‚
тiрлiктен тiпте аулақпыз түңiлгеннен.
Алажақ алапа үшiн ала өкпе боп‚
озғанбыз талай жерде жүгiргеннен.
Қарасақ сол заманға бүгiн мiне‚
бiз мүлдем ұқсамаймыз дүбiрлiге.
Бiз ендi жаратпаймыз бiлiмдi де‚
сыбырды‚ хош алмаймыз‚ күбiрдi де.
Қалғандай жан бұрынғы ылайланып‚
шау тарттық. Жағдай жаңғыз құдайға анық.
Жат бiлiп жортақтауды‚ өткенiңе
қарауды жөн көресiң бiр ойланып.
Шаршаудан шыққан шығар‚ бәлкiм‚ мұның‚
алаңы жерiттi ме сан құрбының?
Сызданар сәл нәрсеге сақтап сабыр‚
ақылдың сезгендейсiң салқындығын.
Содан ба‚ қош болғай деп қырын мiнез‚
тез қармап қалсам дейсiң бүгiндi лез.
Кей кезде дүрдей болып түседi еске
шадыр шақ‚ гүлхан тiрлiк‚ дүбiрлi кез.
Жетпейдi оны ойлауға мұршаң мүлде‚
бейне бiр бұ тiршiлiк — құрсаулы iрге.
Жүргенiң жанды аямай құр жанығып‚
ақымды жiбермен деп мың-сан күнге.
Мiндетi — шотқа қағу — басқа шақтың‚
талапты неге ол үшiн жасқамақпын?
Сондықтан соңғы күнгi тоқтықты ойлап‚
бүгiнге алапа үшiн ашқарақпын…
25.05.1981