Қарайды қара жерге зеңгiр астам,
атқан таң тамылжыған кешке ұласқан.
Көрпенiң көптi көрген мақтасындай
бұлттардан әрiде тұр көкшiл аспан.
Күн бүгiн суық та емес, жылы да емес,
жай да жоқ тығылатын түбiне пеш.
Жаңа қар жауар деген жақсы үмiтiң
болып тұр бұлдыраған бүгiн елес.
Ала бұлт. Табиғат та ала кеуiл
дегендей тарта берсiн дала кебiр.
Әлдекiм ала бұлтты әрi асырмай,
өкiнiшпен өте зырлап барады өмiр.
Келместей соны ұстауға шамам мүлде,
өткен-дi осылай боп тамам күн де.
Тағы да бiрi соның өте шықты,
мен ендi арзамды айтып барам кiмге?
Кiнәлi ала бұлт па әлде бұған?
Қанатпен оны ысыратын бар ма қыран?
Ала ауыз ала бұлтша болған бәндә
сардарға сабыр айтып, сала ма ұран?
Осыған әлде адам ба бар айыпты,
түткен кiм ала жүнше халайықты?
Дегендi ала жүннен киiз басу
бүгiнгi белсендiлер қалай ұқты?
Осыны ойламадық, шамасы, бiз,
бардай-ақ азаматта аласымыз,
сыймастан кең аспанға, жүр соқтығып
ойымыз, сөздерiмiз, таласымыз.
Әлде бұл кең аспанның тарлығынан,
жалғанға мүмкiн жолдың даңғылынан?
Кiм бiлген, өттi заман, шаш ағарған,
ой тозған, мажал қашқан, әл құрыған.
Ала да ала бұлттай соны бiлiп,
кiшiсiн жатыр кәзiр соғып, ұрып.
Кең ойлы көсемдерiн көрмегесiн,
айранша сала берген кеуiл iрiп.
Содан соң жоқ бүгiнде еш берекем,
дей алман дүр, гәуһарды текшелетем.
Ала бұлт, ала кеуiл өтер, бiрақ
өмiрiмдi өткен бекер не етсем екен?
01.01.1981