Дабыл қағып, дүрлiгiп…

Дабыл қағып, дүрлiгiп,
қызарақтап, булығып,
дүнияны ду шу қылып,
жүр ғой талай қу жiгiт.
 

Өзi сондай құбыл-ақ!
Мақтайды ма, шеней ме, —
айғайлайды тығып ап
микрофонды көмейге.
 

Жұрт сенедi осыған,
қытығына тигендей.
Ал мен болсам шошынам,
аңды босқа шүйгендей.
 

Не бар дақпырт, даңқыңда?
Терең сулар таспай ма?
Мына шудың артында
жатқан жоқ па бас пайда?
 

Әлде соны байқап қап,
жүр ме жорта шеру ғып?
Тазыларды айтақтап,
аңға қосу — не қулық?
 

Сезбейдi оны ел неге,
кiм қулықтан сыртқары?
Жұрттың бәрi пенде ме,
данышпан ба жұрт бәрi?
 

Күмiлжимiн, әй, қайдам!
Не шықпақ бұл айқайдан?
Жандай бiрақ марқайған
аузым неге аңқайған?
 

Құрсын мұндай дау жынды,
қашсын шудан көп қасаң.
Ашықауыз аузымды
болмайды ендi жаппасам.
 

17.03.1981

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *