Гүмпiлдеп, қара жерге тымақты ұрып…

Гүмпiлдеп, қара жерге тымақты ұрып,
ағайын алапа үшiн жүр аптығып.
Талайдың таңдап тапқан пиғылы осы,
қайда осы жөн-жобаға тұрақтылық?
 

Инсабтан елестетпес көзге өңгенi
қаяқта үлгiсi көп сөзге ергенi?
Әлде бұл жаңа заман жаңа ырайы,
әлде бұл оңазаның өзгергенi?
 

Қай жақта кеше байды сүзген «дүрiң»,
ылақты ма iзерттеймiн деп iздердi мың?
Бұл әлде жазылмыс па пешенеге,
болған ба дәл осындай бiзден бұрын?
 

Сонда бiз ненi өмiрге қарап ұқтық?
Тау деймiз неге дөңдi жоқ алыптық?
Айтылған бала кезде сертке сенiп,
жүрмiз бе егде кезде балалық қып?
 

Ау, сонда тұрақтылық қайда қалмақ,
болдық па бiз де ұшатын сайға қаңбақ?
Жүрмiз бе жердегiнi жете бiлмей,
жүргенде арман аулап, айға алақтап?
 

Мұндайда бар айтылар бiр-ақ кеңес:
замана тыйылмайды сынақтан еш.
Ойласаң, қатып қалған жөн-жобаңның
дәл өзi тұрақты боп, тұрақты емес.
 

Ұқсаң бұл түбi құрдым сабақ тегi,
өмiр — су жатыр ағып жанап менi.
Тiршiлiк топыраштың шабысындай
тұрақсыз. Жалғаншыда бәрi өтпелi.
 

Осы ғой тапқан сырым бiр жапырақ,
бiз де жан мүлде ақылды, мүлде ақымақ.
Ақыры тiршiлiктен тұрақсыздау
тапсам деп толғанамын бiрде тұрақ.
 

04.03.1981

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *