Қулықпен адалдықты жеңе отырып…

Қулықпен адалдықты жеңе отырып,
айтылды отбасында көп өтiрiк.
Апырмау, мен шыдаймын бұған қалай,
жалғанды жамбарсыған көре тұрып?
 

Кеуiлдi әлде қолпаш арбайды ма?
Бiр бiрiн бәндә осылай алдайды ма?
Персем мен сол сұмдықтың тұмсығынан,
менi жұрт әжуә деп қалмайды ма?
 

Не болмақ қарсылығым сонда менiң?
Жортақтап түсе алам ба жолға керiм?
Бағзы бiр замандардан әлде өтiрiк
билей ме адамизат сорлы әлемiн?
 

Қай кезде соның жолы қысқарады?
Ел сөзiн кiм талпынбақ ұстағалы?
Сеземiн, осы кәзiр дауға бассам,
қапияда қалам болып күстәнәлы.
 

Байыппен бағам ауыз сондықтан да,
жамбарсып жымиямын зор тұтқанға.
Тұрғанмен iшiң ұлып, түсiң жылып,
отырудан деймiн асқан қорлық бар ма?
 

Бiлсем де терiстiгiн соны iшiмнен,
қалғанша қомпиямын тегi сүлдем.
Өрiсiм тар болса да, өзiмдi алдап,
ойлаймын өзiмше деп өрiсiм кең.
 

Сол қиял тәркi қалып тек ертесiн,
тiрлiктiң көрiп қорқам көлеңкесiн.
Толғанам неге айттық деп абайламай,
не ғайбат, не мадақтау, нелер кесiм.
 

Тiл-жаққа сүйенемiн мен желiгiп,
бұғыппын жасай салар жерде бүлiк.
Күш алып, өтiрiк, сенен жер үстiнде,
барамын, шындық, сенен жерге кiрiп…
 

16.03.1981

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *