Антон ЧЕХОВ. Жылқы аттас еді

Демалысқа шыққан генерал-майор Булдеевтiң бiр күнi тiсi қақсап қоя бердi. Сосын ол аузын арақпен, коньякпен шайды, ауру тiсiне темекiнiң күлiн, апиын, скипидар, жермай басып көрдi, ұртына йод жақты, құлағына спиртке шыланған мақта тықты, —  бiрақ  мұның бәрiнiң де септiгi тимедi, тiпте бiрде оның құсқысы келдi. Ақыры ол доктор шақырды. Ол ауру тiстi әрi шұқып, берi шұқып көрдi де, хинаны ал деп жазып бердi, бiрақ оның да шипасы бола қоймады. Содан кейiн ол тiстi жұлып тастау керек деген емшiнiң сөзiне көнбей қойды. Сол екен, ендi оған үйдегiлердiң бәрi — әйелi, балалары, қызметшiлер, тiпте аспаз Петькаға дейiн — өздерiнiң бiлетiн емдерiн айта бастады. Бұдан тыс қалғысы келмеген приказчик Иван Евсееч те Булдеевке кеп, тылсым оқытып көрiңiз деп кеңес бердi.

— Жоғары мәртебелiм, мына… бiздiң үйезде,  — дедi ол, — осыдан он шақты жыл бұрын акцизный Яков Васильич қызмет еткен болатын. Ол тылсым оқып, қандай ауырған тiстiң де бiр сәтте ауырғанын қойдыра қоятын. Ол өзi қызық, терезеге қарап, терiс айналады да, бiрдеңелердi күбiрлеп оқып, жан-жағына түкiредi, сол екен, —  ауру сап болады. Оның сондай кәрәмәты бар…

— Кәзiр ол қайда?

— Ол ма, ол, ана акциздан босатқаннан кейiн, Саратовтағы қайын енесiне кеткен, сонда тұрады. Кәзiр ол тек қана тiс емдеп күнелтедi. Тiсi ауырғандардың бәрi соған барып қаралады… Ол Саратовтың барлық әкiм-қараларын үйiнде емдейдi, ал басқа қалада тұратындарды телеграфпен тылсым оқып жазады. Жоғары мәртебелiм,  оған осылай да осылай болды, құдайдың сүйген құлы Алексийдiң тiсi ауырып қалды, соны емдей көрiңiз деп депеша, хабар жiберiңiз. Ал ақшасын поштамен жiбересiз.

— Бос сөз! Алаяқтық!

— Е, неге, жоғары мәртебелiм, онан да талап қылып көрiңiз. Ол өзi… iшуге бiр табан жақын, өз әйелiмен емес, немiс қатынмен тұрады, аузы лас, бiрақ кәрәмәты бар кiсi.

— Алеша, жiбере салсайшы, — дедi генералдың әйелi сөзге араласып. — Сен, мысалы, тылсымға сенбейсiң, ал мен оның құдiретiн көрген кiсiмiн. Жарайды, сенбесең сенбей-ақ қой, бiрақ неге хабар беруге болмайды? Одан бiрдеңең кете ме?

— Жарайды, жарайды, — дедi Булдеев ерiксiз келiсiп. — Мынадай жаның көзiңе көрiнiп тұрған кезде акцизный түгел, ана сайтанның өзiне депеша жiберерсiң. Ойбай! Жаным! Әй, сенiң әлгi акцизныйың қайда тұратын едi? Оған қалай жазамыз?

Генерал үстелдiң жанындағы орындыққа отырып, қолына қалам-қағаз алды.

— Ойбай оны, Саратовта бiлмейтiн жан жоқ, — дедi приказчик. — Жоғары мәртебелiм, былай деп жазыңыз… Саратов қаласы, былай… Қадырданды мырза Яков Васильич… Васильич..

— Иә, сосын

— Васильич… Яков Васильич… құрғырдың фамилиясы қандай едi? Қап, оның фамилиясын ұмытып қалыппын. Құрып кеткiр! Оның әкесiнiң аты-жөнi қандай едi? Жаңа ғана, осында келе жатқанда, есiмде едi… Кешiрiңiз…

Иван Евсеев төбеге қарап, ерiндерiн жыбырлатты. Булдеев пен әйелiнiң тақаты қалмады.

— Әй, болсайшы! Тезiрек ойлан!

— Кәзiр, кәзiр… Васильичке… Яков Васильичке… Қап, Үмытып қалыппын. Ол өзi қарапайым фамилия болатын… былай, жылқы аттас сияқты… Кобылин? Жоқ, Кобылин емес. Тоқта… Жеребцов? па едi өзi? Жо, жоқ, Жеребцов емес. Өй, оның аты өзi… жылқы аттас сияқты едi, бiрақ қай жылқының аты — соны тарса ұмытып қаппын.

— Мүмкiн, Жеребятников шығар?

— Жоға, ондай емес. Тоқта, тоқта…. Кобылицын… Кобылятников… Коболев…

— Өй, қой, соңғың жылқының емес, иттiң аты ғой. Мүмкiн, Жеребчиков шылғар?

— Жоға, Жеребчиков емес… Лошадинин … Лошаков… Жеребкин…. Жоқ, мұндай емес.

— Әй, болсайшы ендi, мен… оған кiмге деп жазам? Бол, ойлан!

— Кәзiр, кәзiр…. Лошадкин… Кобылкин… Коренной…

—Коренников емес пе? — дедi генералдың әйелi.

— Жоға. Пристяжкин…. Жоқ, мұндай емес. Қап, есiмнен шығып кеткенiн қараш!

— Әй, бүйтiп ұмытып қалатының бар, неге кеңес бересiң, а? — деп генерал ашулана бастады. — Кет, құры!

Иван Евсееч бөлмеден жәйiмен шығып кеттi. Генерал болса, қолымен ұртын басып, бөлменiң iшiнде әрлi-берлi сенделiп жүрiп:

— Ойбай, жаным көзiме көрiндi ғой, — деп, жыламсырады. — Ойбай! Мынаның солқылдауын-ай!

Приказчик баққа барып, аспанға ойлана қарап тұрып:

— Жеребчиков… Жеребковский… Жеребенко… Жоқ, мұнадй емес! Лошадинский… Лошадевич… Жеребкович… Кобылянский… — деп, тылсым оқушы акцизныйдың атын есiне түсiруге тырысты.

Аздан соң генерал оны қайта шақырып:

— Есiңе түстi ме? — деп сұрады.

— Жоға, жоғары мәртебелiм.

— Мүмкiн…. Конявский шығар? Лошадников? Осындай ма? Жо-о-оқ?

Ендi үй iшiндегiлер жамырай шуласып, жылқы аттас фамилияларды ойларына түсiре бастады. Олар бар жылқының жасына, тегiне, тұқымына қатысты барлық сөздi айтып шығып, бiрде оның жалы, тұяғы, әбзелiне шейiн естерiне алысты… Бiраздан соң үйде де, бақ пен асханада да кiсiлер сенделiп жүрiп, бастарын қасып, әлгi фамилияны ойлап табуға тырысып жатты.

Олар анда-санда приказчикты шақырып ап:

— Осы әлгiң… Табунов емес пе? — сұрайды. — Әлде Копытин? Жеребовский?

— Жоға, ондай емес, — дедi Иван Евсееч төбеге қарап тұрып: — Коненко… Конченко… Жеребев… Кобылеев…

— Папа! — дедi осы кезде балалар шуылдап кеп. — Тройкин! Уздечкин!

Сәлден соң жылқы аттас фамилияны табамыз деп бүткiл усадьба әбiгерге түстi де қалды. Сабыры қашып, ауру батқан генерал сол кезде әлгi тылсымшының нағыз аты-жөнiн тапқан кiсiге бес сом берем деп уәде де еттi. Содан соң жұрттың бәрi шұбалып:

— Гнедов емес пе? Рысистый? Лошадицкий! — десiп, Иван Евсеечтiң қыр соңынан қалмай қойды…

Сүйтiп жүргенде кеш те болды. Ешкiм де әлгi аты-жөндi таба алған жоқ. Сосын телеграмманы берудiң ретiн таба алмай сенделген жұрт әуре-сарсаң шығып, төсектерiне құлай-құлай кетiстi.

Үй iшiн тынбай кезiп, ара-арасында ыңқылдап қойып жүрген генерал да көз шырымын ала алмады… Ол ақыры шыдамай, түнгi үштердiң шамасында үйден шығып, приказчик жатқан бөлменiң терезесiн қағып:

— Ол өзi… Меринов емес пе? — деп сұрады жыламсыраған дауыспен.

— Жоға, Меринов емес, жоғары мәртебелiм, — дедi Иван Евсееч кiнәлi кiсiдей күрсiнiп қойып.

— Мүмкiн, оның фамилиясы жылқы аттас емес шығар, бәлкiм, басқаша болар!

— Жоғары мәртебелiм, о не дегенiңiз, оны жақсы бiлем, әлi есiмде… өзi жылқы аттас едi…

— Өй, сен де бiр, есiнен адасқан бiреау екенсiң… Кәзiр маған бұ дүнияда оның фамилиясынан қымбат нәрсе болмай тұр. Жаным көзiме көрiндi!

Генерал таң атысмен докторға кiсi жiберiп:

—Келiп жұлып тастасын! Бұдан артыққа шыдайтын халiм жоқ! — дедi.

Аздан соң доктор кеп, ауру тiстi жұлып тастады. Ендi тiсiнiң қақсағаны басылып, генералдың жаны жай тапқандай болды.

Доктор еңбекақысын алғасын, сыртқа шығып, бричка-арбасына мiнiп, үйiне қайтты. Кенет ол қақпадан айнала берiп, жолдың жиегiнде, аяғының астына үңiле қарап, әлдене жайлы қатты ойланып тұрған Иван Евсеечдi  көрдi. Оның маңдайына жиыла қалған әжiмдерiне, ойға толы көзiне қарап, приказчиктiң қатты азапқа батып тұрғанын байқауға болатын едi…

—Буланов… Чересседельников… — дейдi ол өзiне өзi күбiрлей сөйлеп. — Засупонин… Лошадский…

Осы кезде оның жанына тақап келген доктор:

—Иван Евсееч! — дедi. — Сiз маған бес қадақтай сұлы сатпайсыз ба? Мен оны ана мұжықтардан алып ем, олардың сұлысы нашар боп шықты…

Сол арада Иван Евсееч доктордың жүзiне дағдара, состия қарап, бiр түрлi қолапайсыздау күлiмсiреп сәл тұрды да, кенет… бiр ауыз сөз де айтпастан, қолын бұлғалап, құдды артынан жынданған ит қуып келе жатқандай, усадьбаға қарай зымырай жөнелдi. Ол сол оқтай ұшқан қалпы:

— Жоғары мәртебелiм, таптым, таптым! — дедi  әңгiрлей сөйлеп, генералдың кабинетiне асығыс-үсiгiс кiре берiп. — Таптым, таптым! Ол бар болғыр доктордың атын таптым! Таптым! Оның аты-жөнi — Овсов! Акцизныйдың фамилиясы Овсов! Жоғары мәртебелiм, оның аты-жөнi Овсов! Кәзiр сол Овсовқа тездетiп депеша жiберiңiз!

Сол кезде генерал оған тыжырына қарап:

— Мә, саған жiберген! — дедi. Сосын ол орнынан атып тұрып, бұған жақындап кеп: — Ендi маған сенiң жылқы аттас балгерiңнiң көк тиынға да керегi жоқ! Мә, саған жiберген! — дедi де, ол екi қолын шығарып, приказчиктiң мұрнына әкеп иiскеттi.

(1962 жылы аударылды)

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *