Сабырға кенде қылса бұ құдайым,
пәленiң бiрiнен соң бiрi дайын.
Осыны отбасыңа орнатты ма,
жарымес, жарамсақтау, жынды байың?
Кiм бiлген? Көрiп сенi бiр асылдай,
бағалап басыңды елдiң бұласындай,
жүрушi ем. Барлығына салмай назар,
қабағың көптен берi жүр ашылмай.
Күлмеңдi ұмытқандай көздерiң де,
бүгiнде жазық маңдай өзге мүлде.
Шынымен, ажарыңа қарап сенiң
отырарын отбасының сезбедiң бе?
Жатардай не бар сонша бас жарылып?
Қай жаққа құт-береке, қашқан үмiт?
Талдырып тараң тiрлiк, кеуiлiңдi
жүр ме арбап әлдәқандай басқа күдiк?
Бостандай болмағасын бұл тұрағың,
мансабшыл месқарынды, құлқы мәлiм,
дөй көрiп, әлдә iшiңнен қызғандың ба,
киетiн қатынының жылтырағын?
Жөн бе осы шын ақылы дүзiктерге?
Әзәлдән арамға әуес, бұзық пенде,
апырмай, ақ кеулiңдi ақтар ма екен,
саусақты сықаса да жүзiктерге?
Не нәсте дәметесiң далбасадан?
Бал сөздi бола алар ма балды асаған?
Тәрiздi қолдың кiрi дүния шiркiн
жұмақтай көрiне ме әлдә саған?
Азырақ сабыр етшi! Ет қанағат!
Жөн шығар жоба да алған көпке қарап.
Жоғыңды сен бәрi бiр бар етпейсiң,
барыңды бiлмей, кейде жоққа абалап.
Ұстайсың бұл мiнезбен қолда кiмдi,
кiм тыңдар есебiңдi, долбарыңды?
Жоқ үшiн әлдә асыла қалғың бар ма,
шашақша алсаң шашып сол барыңды?
Сабыр ет! Табамын деп дүзден күмiс,
күдердi құр алаңнан үзген дұрыс.
Зәһәрлы бұ заманда алтын емес,
бастауға тиiс алға бiздердi ұлы iс.
Қарамай ой-пiкiрдiң алшағына,
жұбатып жаңғызды да, баршаны да,
хайуандар қос аяқты қылған хәрәм,
заулаған бiр тылсымға жер шарына
берген жөн бiлгiшсiнбей бiр тиыштық,
жөн жүрген жердiң бетiн жұрт ырыс қып.
Күрделi тiрлiк бiрақ, ‘аршыға асты,
тұрғандай адам астан түртiп iстiк.
Дүнияда не кәуiп бар сол барында?
Шатысқан жүрер жiмлә жолдарың да.
Кеменiң бiздер мiнген, бiле бiлсең,
дағдыры тұр адамзат қолдарында.
Қайдағы секеңдеген селтекке ерiп,
қарайсың сен осыған, ертек көрiп.
Ойлашы, хал-жағдайың не болмақшы,
кетсе әгәр бұл қара жер жентектелiп?
Сонда зар болмаймыз ба мына кешке,
Ай, жұлдыз айналмай ма шын елеске?
Отырып бөшке үстiнде дәрi толы,
ойлану дүния жайлы… күнә емес пе?
Азырақ сабыр етшi! Содан асқан
еш дау жоқ. Сабырыңды ала қашқан
басылар бұралқы сөз. Келер ақыл
ояны оздыратын көп алаштан.
Әзiрге… әр неге әуес бала болмай,
кеулiңдi көрiп түскен жаңа қардай,
көтерген дүния жүгiн қосағыңның
демешi қолтығынан қара нардай!
Сондайда шын серiк боп жүрер сенiм,
жұпты деп, кәдiрiңдi ел бiлер сенiң.
Азырақ сабыр ет те, соз қолыңды,
менiң де тұр дiрiлдеп тiлерсегiм…
17.06.1981