Антон Чехов. Қызметкердің қазасы

Бiр тамаша күнi, тамаша экзекутор Иван Дмитрийұлы Червяков екiншi қатарда жайғасып, дүрбiмен “Корневель қоңырауларына” қарап отырды. Ол қараған сайын бiр керемет раһатқа батты. Тек кенеттен… Жалпы әңгiмелерде осы “кенеттен” жиi кездеседi. Бұ жерде жазушылардың еш кiнәсi жоқ:  өмiрде кенеттен кездесетiн жәйттер жеткiлiктi. Сонымен, кенеттен… ол бетi тыржиып, көзi мөлиiп, тынысы тарылып… көзiнен дүрбiсiн ала сап, алға қарай еңкейе берiп… әтфшу деп түшкiрiп қалды!!!  Түшкiргенде қандай, кәдiмгi түшкiру! Ешкiмге түшкiрмесiн деген заң жоқ. Бұл түгел мұжықтар да, полицмейстерлер де, кейде тiпте құпия кеңесшiлер де түшкiредi. Онда тұрған не бар, жұрттың бәрi түшкiредi. Червяков сол арада қысылып-қымтырылмай, мәдәнияттылығын көрсетiп, ормалымен аузын сүрте бердi де, кенет… бiреудiң мазасын алған жоқпын ба деп, жан-жағына жалтақтай қарады. Сол екен, өз өзiнен қысылып сала бердi. Мұның алдында,  бiрiншi қатарда отырған бiр кәрi шал бiрдеме деп күңкiлдеп, қолғабымен басының қасқасын, мойынын аса ыждаһаттылықпен сүрткiштедi. Бұл оның темiржол саласында қызмет iстейтiн генерал Бризжалов екенiн бiрден таныды.

“Қап, түкiрiгiм шашырап кеткен болды-ау! — деп ойлады Червяков iшiнен. —  Әрине, тiкелей бастығым емес, сонда да өзi… ыңғайсыз болды. Кешiрiм сұрау керек”.

Червяков сол арада жөткiрiнiп, алға қарай еңкейiп, генералдың құлағына аузын тақап:

— Кешiрiңiз, мәртебелiм, сiзге түкiрiгiм тиiп кеттi…. мен абайсыз… — дедi сыбырлай сөйлеп.

— Оқа емес, ештеме етпейдi.

— Құдай үшiн, кешiрiңiз. Мен байқамай… ойымда түк те жоқ!

— Өй, тиыш отырыңызшы! Тыңдайық!

Червяков ұялып, әлденеге ыржиып, сахнадаға қарады. Қараған бойда-ақ, бағанағы кешiп отырған раїаты сап болды. Ол бiр түрлi боп қобалжып, себепсiзден себепсiз мазасыздана бастады. Үзiлiстiң кезiнде тура салып ұрып баруға батпай, ол Бризжаловтың маңайында әрлi-берлi айналшықтап жүрiп, ақыры батылданып, оған жақын кеп:

— Жаңа… менiң сiзге түкiрiгiм… былай, шашырап кеттi-ау деймiн, мәртебелiм… Кешiрiңiз… Мен былай… байқамай…— дедi мiңгiрлеп.

Генерал оған:

— Жарайды, оқасы жоқ. Мен тiпте ол жайында ұмытып та кеттiм, ал сiз болсаңыз соны қайта-қайта… — дедi. Бұған сол арада оның астыңғы ернi ашудан дiр ете қалғандай боп көрiндi.

Червяков генералдың жүзiне сенбей қарап тұрып, iшiнен: “Ұмыттым дейдi. Ұмытса, неге маған мысқылдай қарайды, а? —  деп ойлады. — Сөз жоқ, менiмен сөйлескiсi келмей тұр. Менiң  оған байқаусызда түшкiрiп қалғанымды… түсiндiрiп айтуым керек едi. Ау, ол деген табиғаттың заңы емес пе, генерал менi әдейi түкiргендей көрiп жүрер. Ол кәзiр солай демесе де, ертеңдерi солай дейдi!”.

Червяков үйiне келгесiн, әлгi өрескел жай туралы әйелiне айтты. Әйелi әуелгiде түк те болмағандай, аз-маз шошыған түр көрсеттi де қойды; әсiресе, ол Бризжаловтың бұның тiкелей бастығы емес екендiгiн бiлгеннен кейiн мүлдем жайбарақат тартты.

— Дегенмен де барып, кешiрiм сұрап шық! — дедi әйелi. — Кiм бiлiптi, генерал сенi көп iшiнде дұрыстап отыра алмайтын бiреу деп жаман ойлап қап жүрер!

— Өзiм де солай деп отырмын! Мен кешiрiм сұрауын сұрадым, бiрақ ол… бiр түрлi… Дұрыстап бiр ауыз сөз де айтпады. Өзi… о жерде әңгiмелесетiн уақыт та болған жоқ.

Келесi күнi Червяков жаңа винцмундирiн киiп, шашын алдырып, бар жайды түсiндiрiп айтайын деп Бризжаловқа барды… Оның келушiлердi қабылдайтын бөлмесiне кiргенiнде, ол шағым айтуға келген көп кiсi-қараның ортасында отырған генералды көрдi. Генерал бiрнеше кiсiнiң шағымын тыңдап болғаннан кейiн, Червяковқа қарады.

— Кеше, есiңiзде бар ма, “Аркадий” театрында… — дедi экзекутор дыбырлап, — мен абайсызда түшкiрiп қап… ойда-жоқта сiзге түкiрiгiм шашырап… Ке-е-еш…

— Өй, қойыңызшы! Со да сөз бе екен?! Сiзге не керек? — деп, генерал ендi келесi шағым айтушыға қарай бұрыла бердi.

Сол арада түсi қуқыл тартып, Червяков iшiнен: “Сөйлескiсi келмей отыр, — деп ойлады. — Шамасы, ашуланған болды… Жоқ, мұны былай… жәй қоя салуға болмайды… Мен оған мән-жайды, былай… түсiндiрiп…”

Генерал ең соңғы шағым айтушымен сөзiн бiтiрiп, кеңсенiң iшкi бөлмесiне қарай жүре бергенде, Червяков оған жасқаншақтай қарап, жақын кеп:

— Мәртебелiм! Сiздiң мазаңызды алғаныма кешiрiңiз, мен кешегiден қысылып, ұялғаннан кейiн… Өзiңiз бiлесiз, әдейi емес, — деп мiңгiрледi.

Генерал жылағысы келген кiсiше бетiн тыржитып, қолын сiлтеп:

— Қойыңызшы, сiз немене осы кiсiнi мазақтайсыз ба? — дедi де, есiктi iш жағынан жауып ала қойды.

Дем арасында самсоз бола қалған Червяков: “Мазақтағаны несi! — деп ойлады iшiнен. — Оны мазақтап, мен немене өле алмай жүрмiн бе? Мұны генералдың өзi де бiлмей ме? Егер де ол мұны бiлмесе, онда менiң о топастан кешiрiм сұрап не жыным бар? Қолынан келгенiн iстесiн! (Не iстесе, о iстесiн!) Мен ендi оған хат жазам, оның алдына сандалып өлдi бармайым! Басымды кесiп алса да, бармайым!”

Червяков үйiне келе жатып, өзiмен өзi осылайша сөйлесе бердi. Бiрақ ол хат жаза алмады. Қанша ойланса да, хат жазудың ретiн таппады. Ақыры келесi күнi ол тағы да генералға барды.

— Мен кеше сiздiң мазаңызды алдым, мәртебелiм-с, — дедi ол генерал өзiне “неге келдiң дегендей” боп қарағанда мiңгiрлей сөйлеп. — Сiз кеше айтқандай, мен мазақтайын деп емес… Мен сiзден түшкiрген кезде түкiрiгiмнiң шашырап кеткенi үшiн кешiрiм сұрадым, ойымда Сiздi мазақтайын деген дәнеме де жоқ. Немене үйтiп маған бiрдеме көрiнiп пе? Жұрттың бәрi бүйтiп ұлықтарды мазақтай беретiн болса, онда… сыйлайтын ешкiм де қалмайды ғой… ол өзi…

Сол арада түсi бұзылып, көгерiп кеткен генерал қалш-қалш етiп:

— Кет жоғал! — дедi айқайлап.

— Не-е-мене-с? — дедi зәресi зәр түбiне кеткен Червяков сыбырлай сөйлеп.

— Кет, жоғал! — дедi генерал ендi жер тепкiлеп, әлгi сөзiн қайталап.

Сол арада Червяковтың iш жағында бiрдеме үзiлiп кеткендей болды. Ол дем арасында көзi қарауытып кетiп, құлағы тарс бiтелiп, есiкке қарай беттедi. Кеңседен сыртқа шыққаннан кейiн ол үйiне қарай аяғын iлби басып келе жатты… Червяков үйiне қалай жеткенiн де бiлмедi; келе, вицмундирiн шешпестен, диванға қисая кеттi де… қаза болды.

1962 жылы аударылды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *