Алжасып Арқа жақтан ауғаны ма…

Алжасып Арқа жақтан ауғаны ма,
түскейдiң тамылжыған бау-бағына
тоңдырып тәнi тозған шандыр шалдай,
жол болсын қардың кенет жауғанына?
 

Бар ма екен бiздiң жақта мұны күткен?
Болды ма әлде мұның iрiлiктен?
Бiлмеймiн. Тар бөлмеде тонға оранып,
отырмын тосын халден тығылып мен.
 

Ау-тауық айналаға қарап қоям:
әне жүр жас жiгiттер жалақтаған.
Күмiс қар көпiршiген мақтадай боп,
түспестей мiнiп апты дараққа нән.
 

Кербез күн сол ұлпаға күлiп қарап,
ойнайды сәулесiмен қыдықтап ап.
Тұр дарақ омырылған қос бұтағын
жия алмай, қыран сынды сынық қанат.
 

Сол бұтақ ендi қайтып бүршiк көрмей
солады-ау! Келген кенет қырсық нендей?!
Жап-жасыл жапырағы оның жайсыз тиген
ақ қардың сүйiсiнен түршiккендей.
 

Табанда солып түспей сонда дағы
тұр әлi, бар сияқты алданары.
Жапырақ ендi не етсiн, тап келгенде
ол түгел бәндәның да бар ма амалы?
 

Шынында, кiм құтылған көресiден,
кiм қашқан аласы мен бересiден?
Тоқпақпен тас төбеден ұрған сынды
кiм бiлген не түсерiн төбесiнен?
 

Кiм барған мына жайдың астарына?
Телефон соқсам ба екен дос-жарыма?
Бiлмеймiн. Әлi отырмын қарап қойып,
қайратты қос бұтақтай қос қолыма.
 

27.10.1982

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *