Бiле алмадым‚ бұл не өзi‚ — балалық па‚
шолалық па‚ ақылға шалалық па‚ —
отырсам да жайнаңдап жаңа жұртта‚
тарта бердi кеуiлiм көне жұртқа.
Шыдамадым‚ жол тарттым мен ақыры‚
самұрықша самғадым қанаты iрi.
Менi апарды жұртыма бiр жаш шопыр,
тамашалап оқыған дарақыны.
Әне‚ Түбек! Әнеки‚ тас тамдарым‚
осы арада қауызын ашқан жаным.
Есiме алдым ауылдың Нестайларын‚
осы құмда махаббат басталғанын.
Тамылжумен таң атып күнде-күнде‚
бiр пәленi салатын сұм кеуiлге.
Екi көзiм сол жаққа қарайлайтын,
қозы-лақты көгендеп жүргенiмде.
Түнiменен толқытып мұндай бақыт‚
саз сауғандай сары дала сырнайлатып‚
пойыз үнiн‚
көп қойдың пысқырғанын
ұйықтайтынмын дел-сал боп тыңдап жатып.
Ертеңiне ор шұнақ ерке қызды
алдыға сап ажарлы серкемiздi‚
жаяулатып мектепке келушi едiк‚
асынып ап шүберек сөмкемiздi.
Онда жаным басқамен былықпайтын‚
әр қарасын сол қыздың ұмытпайтын.
қайтқан кезде ауылға, жусан исi
қайдағы бiр сезiмдi қыдықтайтын.
Сол көзқарас‚ сол қыдық‚ сол үмiтпен
қызбен жүрдiм қиялда жолығып мен.
Алақанда мәз болып қалған тапқа‚
аршитынмын кеуiлдi не күдiктен.
Соның соңы… Мен жүрсем босқа лағып‚
қызды ап қашты бiр жiгiт масқара ғып.
Тағдыр менi ап қашты Алматыға.
Пәтерiм бар. Адаммын астаналық.
Жанда бiрақ жымысқы жатыр ойран‚
жетпейтiндей күн көзi шақырайған.
Ендi‚ мiне‚ сол ару жаулық тартып‚
кемпiр бопты ауызы опырайған.
Кәртейiптi бiр кезгi құсым өрен!
Қатты басқан тiршiлiк мысыменен.
Сәл қымсынып‚ жас шайған екi көзiн
сүрткiлейдi жаулықтың ұшыменен.
Көк кiреуке басқандай шарайнаны‚
аңдалады ажары алай дағы.
Қысылып қап‚ жаулыққа тыға салды
бiр-екi ақты көрiнген самайдағы.
Мен аң-таңмын. Нұрынан жаратылған
бiр кез Сырдың осы ма дара тұлғам?
Тұр ол болса‚ ойна деп‚ итермелеп‚
боқмұрынды етекке оратылған.
Бала бiрақ етекке оралады‚
көрiнбейдi тап кәзiр жоғалары.
Қайта маған сонадан одырайып‚
“халық жауын” көргендей қадалады.
Ал келiншек менiмен сөз алмасқан
қылмыстыдай қайтадан базарға асқан.
Уақыт тек арада жатыр шөгiп.
қуат кеткен. Тән тозған. Ажар қашқан.
Тiрiлтуден көненi кеуiл ада.
Оңыма да‚ қараймын‚ солыма да.
Көне жұртта қап қойған махаббаттың
жылытатын тап кәзiр табы ғана.
Сол сәт менiң басыма бiр ой шапты:
деймiз неге басқа бiз құдай сапты?
Жас шағыңда уыздай тiзгiндеген
iркесiң бе нәпсiнi — бұ найсапты?
Жастық шақта Сыр келмес жұлығыңа‚
неге тонның қараймыз сұлуына?
Ендi неге қараймыз жылуына‚
егделiктiң әлде бұл ырымы ма?
Жоқ болмаса‚ даң дүния былығына
көп кездескен кiсiнiң қылығы ма?
Айырбастап алтынның сынығына‚
тоқ санау ма түскендi құрығыңа?
Неге кiсi бағы үшiн алыспайды?
Неге жанын қайғымен жаныштайды?
Неге кейде табысып сүймегендер‚
неге кейде… сүйгендер табыспайды?
Әлде… мұндай өмiрi болмайды ма?
Салқар сезiм ақыры зор қайғы ма?
Мiнсiз болса‚ қым-қуыт тiршiлiктiң
еш қызығы бiз үшiн қалмайды ма?
Бiле алмадым. Әлi алда үйрену көп.
Бiз кексемiз. Баяғы имену жоқ.
Келiншекке мен күлiп қалжыңдаймын:
— Сонда неге бас салып тимедiң? — деп.
Ол айтады:
— Өзiң сөз салмадың‚ — деп‚ —
менi тартып анадан алмадың‚ — деп.
Мен күлемiн:
— Көзiңдi салмадың‚ — деп.
Ол күледi:
— Киноға бармадың‚ — деп.
Бiрақ бiр мұң тұр төнiп күлкi артында.
Жасқанады ол жастықтан сыр тартуға.
Көне жұртты жаңа жұрт ету оңай‚
тұра берсек құйқылжып бұл қалпыңда.
Әрине‚ ақыл бар кәзiр мұны шектер.
Дыңылдайды жандағы қыл iшектер.
Бiздiң жеген опықты жейдi ме екен
қарындастар‚ кейiнгi iнiшектер?
Кәтелесiп келгенде жiп тағуға‚
еңсесiне елудiң шыққанында‚
жүрер ме екен олар да жылу iздеп‚
келiп-кетiп көнерген жұрттарына?
Кiм бiлiптi? Жас төлдiң өзге арманы‚
жаңа өрiс қой қолдарын созған жағы.
Әр заманның болмақшы алуан сазы‚
әр заманның болмақшы өз жолдары‚
деп күбiрлеп‚ баспай ой бұзығына‚
тоқтау салып iштегi қыжылыма‚
жаңа жұртқа тұрдым мен саулық тiлеп‚
басып аздап… көне жұрт қызығына.
07.05.1983