Желөкпелене жүгiрiп‚
жүргенде бiлек түрiнiп‚
қара су сынды қара көз
қараса қатты құбылып‚
ұрынып отқа қалғандай‚
тiл қатпай‚ iштей тығылып‚
самсаған сансыз сәуленiң
шуағын сезiп‚ жылынып‚
үлбiрей қалған ерiннен
басқаша бiр сыр ұғынып‚
қимылы қас пен қабақтың‚
о тоба‚ болмай бiрi ұмыт‚
төсекте түнде төңбекшiп‚
сан рет көрпең сырылып‚
киноға барған кезiңде‚
жаңғыз қап жұрттан жырылып‚
таптырмас маза тiлегiң‚
бетiңнен табы бiлiнiп‚
дiрiлдеп саусақ‚ қолға қол
кетердей тисе бүлiнiп‚
қайдағы шомып қиялға‚
әр неге ойша ұрынып‚
арыған аттай арқанда
аз күнде қалар сылынып‚
намысқа басып бiр нойыс‚
iстейтiн ыңғи iрiлiк‚
жастық шақ естен шығар ма?
Не деген қиын бұл‚ Алла?!
Сол қиын келдi ақыры‚
көбейдi кеуiл ғапылы.
Аранға жығып әр қадам‚
оңбады iстiң ақыры.
Жастықта татқан ләззатың
таңдайда у боп татыды.
қиылған сол бiр қара көз —
басқаның кәзiр қатыны.
Қожаңдап кiрсе көргенсiз‚
кiсiдей оған хақылы‚
қысса кеп екi өкпеден
тағдырдың тарпаң тақымы‚
елестей кездi еске алып‚
пәндәның болып пақыры‚
көргендей кеуiл қуысын‚
жуымай жанға жақыны‚
шақшадай басы шара боп‚
байыпқа бармай ақылы‚
көпшiкке төгiп көз жасын‚
жойылмай жанның лапылы‚
жадына салып жас шақты‚
аңқыған әсем әтiрi‚
жатыр ма жаны суалып‚
тiрлiкте түрлi сатылы?
Осы ғой өмiр ойсыздан
тартатын азап заты iрi!
Ер керек мұны ұғарға.
Не деген қиын бұл‚ Алла?!
05.01.1985