Тыңдайды кәзiр кiм сенi‚—
болмады соның бiр шегi.
Жоғары жақта жүргеннiң
бәһамын‚ дейсiң‚ бiлсе едi?
Жаланы жүндей сабаса‚
жұрт‚ дейсiң‚ жақын жүрсе едi.
Ышқына шыққан үнiңе
құлағын қауымың түрсе едi.
Ақты — көк‚ ақ деп қараны‚
теңдiктiң тимед бiр себi.
Бас шұлғып‚ кеуде кергенде‚
данышпан дестiк дүмшенi.
Аузына қарап ауамның‚
аузына тостық күлшенi.
қай жақтың басса безбенi‚ —
өзгердi ойдың өлшемi.
Инабат‚ iзет‚ ұяттың
мандымай қойды мөлшерi.
Бұрынның бiлмес бағасын
көбейдi соқыр «сал-серi».
Солардың сиқын көргенде‚
көтеру қиын еңсенi.
Тармағы жолдың таусылып‚
қалғандай жақын жер шегi.
Айқайлап бәрiн айтардай
болсам ба көптiң үншеңi?
Арқырап алыс аққан сел
көрмей ме жаңқа бiр сенi?
Даңғыра даусы саз кезде‚
тыңдайды тұрып кiм сенi?
Айтпасқа жәнә жоқ амал‚
оныңа ой елiң бөлсе едi?
Жан-жағын жапқан шаңыттан
кеспiрдi анық көрсе едi.
Сол талап қиын қолқалап‚
азаншы дейдi болса едi.
Үйтердей қайда мешiтiң‚
кiм бермек гәпке кеңсенi?
Сонда да суша сарқылмас‚
мен — көптiң тынбас тершеңi.
Келедi айтқым әр ненi‚ —
жұрт бiрақ ойын бөлсе едi!
Ашамын қалай аузымды‚
тiгiсiн қауымым көрсе едi?!
06.04.1986