Араша сұрап Аралға…

Араша сұрап Аралға‚
жар салдық талай жаранға.
Халыққа қаны қосылмас
құрыдық кез боп тараңға.
 

Сәйхуннан тамбай бiр тамшы‚
Жәйхуннан тамбай бiр тамшы‚
сөзбенен салып құр қамшы‚
жабыса бердiк қаламға.
 

Айтсақ та ойды әр түрлi‚
сабыры судың сарқылды.
Түбiнен теңiз тартылды‚
кез болып құрдым аранға.
 

Жүзетiн жайнап топталып‚
тереңге тартты көп балық.
Береке‚ байлық кеттi анық‚
қалмастан шалшық‚ шалаң да.
 

Ырысын елдiң тиеген
айрылып қамқор иеден‚
боздаған аумай түйеден‚
қаңырады кеме жағамда.
 

Айтпадық соны бiз көптен‚
қорықтық атақ‚ қызметтен‚
жауғанда барып тұз көктен‚
басқандай болдық амалға.
 

Оңалған шаруа жоқ бiрақ‚
үстелдi талай соққылап‚
жүргенде заулап өттi уақ‚ —
келмедi Арал орамға.
 

Босқан ел кеттi бетiне‚
жай жатқан жұрттың шетiне
зiлзала жеттi лепiре‚ —
ылаж жоқ не айла табарға.
 

Орнына келер ел қашан‚
қалпына келер сел қашан‚
бұрынғыша гүлдер жер қашан‚ —
қайтар ма теңiз табанға?
 

Сыңайы қиын‚ байқаймын‚
жайсыздар жүр деп жайпаймын‚
басымды ақырын шайқаймын‚ —
күмәнмен көз сап адамға.
 

31.07.1988

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *