Халықтың құдды “ағасы”…

Халықтың құдды “ағасы”,
пәленiң болған “панасы”,
кезiнде Кеңес кергiген,
кешегi қуды қарашы!
 

Кәзiрде ол алған “көсем” боп,
сөйлейдi топта шешен боп,
шығады көп сөз нөсерлеп,
билiкке бардай таласы.
 

Қан кешкен билiк жұлықтан,
ол берген қайтпай тұлыптан,
шекпен мен шенге құныққан,
ол едi-ау, iште аласы.
 

Сардарды ол талай сатқан-ды,
алыптың бәрiн атқан-ды,
ойлыға құрып қақпанды,
келгенше құртқан шамасы.
 

Айтсын деп алаш бiлгiр деп,
тамсантқан талай шүлдiрлеп,
бiлмейтiн өзiн көлгiр деп,
сасыған сонда-ақ санасы.
 

Мақтаған жатты астамдап,
сатқынды көрiп, қашты әруақ.
Ол кәзiр елдi басқармақ?
қауымның қайда данасы?
 

“Көсемiң” сонда осы ма?
Кiм ермек құбыл қосына?
қараймын қатты шошына,
қажыды-ау қазақ баласы…
 

1991 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *