Бар қуатын Күн берiп‚
кетсе дала аңылжып‚
Сыр бойының түндерi
орнаушы едi-ау тамылжып.
Ыстық қайтып күндiзгi‚
салқын самал соғатын.
Самсап жанған жұлдызды
Сыр айдыны шолатын.
Шеге топырақ мұздай боп‚
жататұғын керiлiп.
Толықсыған қыздай боп
Ай туатын ерiнiп.
Сонда ойменен мүлде iзгi
мен бармастан бау-баққа‚
тал шыбықтай бiр қызды
күтушi едiм аулақта.
Қызық едi-ау сол бiр сәт
не қиялға шоматын.
Мен аңсаған мөлдiр шақ
кеудеме кеп қонатын.
Болашағым сол кезде
тұратұғын нұрланып.
Келiскен бiр кербездей
қыз келетiн ырғалып.
Соның соңы… айтпашы‚
болашағым — құр сағым.
Кеулiмнiң жоқ лайықтасы‚
жаным болған кiр сабын.
Тал шыбық қыз бүгiнде
болып алған бөшкедей.
Кеулi бiткен iрiңдеп‚
жаны — күс-күс өкшедей.
Сонда ойыма Сыр бойы‚
Ай мен дария түседi.
қажыр-қайрат шын мойып‚
сiрке суын iшедi.
Өттi дүния‚ амал не‚
жас кездi өттiм құндамай.
…қайта орнар ма маған кеп‚
Сыр бойының түндерi-ай!?
28.11.2001