Қас пенен досты кесектеп…

Қас пенен досты кесектеп‚
тiкiрейе шығып түгiмiз‚
артықтау жұрттан жесек деп‚
шыңырауда шiрiп шынымыз‚
озғанды оңбай өсектеп‚
би болып бiзге пұлыңыз‚
есерге кетсе есе ептеп‚
қалғандай түсiп құнымыз‚
дос-жардан жақын не шеттеп‚
не барып жақын‚ үнiмiз
құбылып‚ қара ешекке
жем болған сынды сырымыз‚
есенi кеткен есептеп‚
тот басқандай боп түрiмiз‚
байқамай күндi бос өткен‚
шаруаға болмай қырымыз
жүргенде‚ шайтан түртiптi‚
кетсiн деп еткен қырын iс.
қолтыққа жынды бүркiптi‚
iзерттескен iзден Iбiлiс.
Қарасақ кәзiр соң жаққа‚
қолайсыз қырсық iз қалған.
Желiгiп жастау ол уақта‚
қағылдық қандай қыздардан!?
Арманнан қандай қағылдық‚
арлаумен алға сүйреген?
Оң жолдан қандай жаңылдық‚
тағдырға көнiп илеген?
Кеуiлiн қандай жар-достың
гүмпiлдеп жүрiп қалдырдық?
Құлағандай боп қар көшкiн‚
елдi естен қалай тандырдық?
Мас болып мал-жан‚ мансапқа‚
көзге шел қалай қаптаттық?
Қиялды қашқан сан-саққа
қалайша қуға таптаттық?
Не болды соның ақыры?
Бердi ме опа қу жалған?
Тiрлiктiң батып тақымы
жанымыз неге уланған?
Бiрiне мұның жоқ жауап.
Алдырып ақылды әр тұста.
түскендi қолға қалжалап‚
келiп те қаппыз алпысқа.
Сақал-шаш кәзiр ағарған‚
шөккен бой бiр кез сырықтай.
Жамыраған жаста көп арман
тартылған кәзiр құдықтай.
Қуат та қашқан бойдағы‚
келгендей жанбыз iңiрге.
Жас кездiң қызық ойнағы
бiр түрлi ұят… бүгiнде.
Ойласақ‚ қалай мұнымыз?
Жөнсiз iс жанды азаптап
жатқанда‚ құрғыр Iбiлiс
күледi бiздi мазақтап.
Жөндеуге келмейдi ендi өткен‚
пайда жоқ‚ — шайна бармақты.
Бұл кезде сырың серлеткен
дарияға‚ қарсы желге өктем
лақтырғанмен бiрдей қармақты.
Мұңымды ендi барып кiмге айтам?
Ашар ма жанда дүзген бүр?
Сонда да сайқал жын-шайтан
қалмайды аңдып iзден бiр.
Қуады қандай мұны күштi?
Құл болу бәндә қалпы шын?
Жолатпа ендi Iбiлiстi
ақылға басқан алпысым!
 

16.09.2005

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *