Бiз дағы келiп қаппыз жерге бiраз…

Бiз дағы келiп қаппыз жерге бiраз‚
дей алман осы жолда көргенiм аз.
Бүгiнде шаш ағарған‚ қуат қашқан‚
бел шiркiн сырқырайды болғалы жаз.
Бойым да бұрынғыша бүгiлмейдi‚
болғандай денсаулықпен шын дүрдiараз.
Тырысып соның бәрiн бiлдiрмеуге‚
мен құдды қоқиланған бiр қу қораз.
 

Сонда да iштей бiлiп соның бәрiн‚
қаламай кеуiлiмнiң қорынғанын‚
нәпсiнiң тасқа барып соғылғанын
жасырып‚ дегендей сол орындамын‚
дегендей жас кезгi сол порымдамын‚
бастамай кәриялықтың жолын‚ заңын,
түйенiң деп әлi де қомындамын‚
iшiмнен батып ойға не бiр залым‚
қиялмен қыздың көрiп не бұлдарын‚
дүнияның алмай еске тарылғанын‚
кәртеймей кеуiл шiркiн көрген көптi‚
отқаным еске алумен бәрiн‚ бәрiн.
 

Мұндайда шашпай жүрген сабырын түк
мен қақсал сықылдымын кәрi бүркiт.
Қанша амал қылсаң дағы қартаймасқа‚
сенбейдi сияғыңа бәрi бiр жұрт.
 

Одан да шал бола бiл шамасынша‚
сөз сөйле жұрттың саңлақ ағасынша.
Не көрдiң‚ ненi бiлдiң‚ ненi түйдiң‚ —
не заман бастан өттi қара суша‚
сен әлде сырғанаумен кештiң тiрлiк
зырлаған замананың шанасынша‚
сол кезде алапаң не қалған алып‚
бар ма iсiң барша халық таңғаларлық‚
жоқ әлде есiл өмiрiң өттi босқа‚
кемiтiп өр басыңды хан боларлық‚ —
 

деп кәзiр iштей екшеп отырғаным‚
кеткендей iшке түсiп нөпiр жалын
қиналам‚ қыңыраям‚ қобалжимын‚
бiле алмай алғы шақта не тұрғанын.
Тiрлiктiң таусылмақшы шамасы бұл‚
көнбейдi салсаң да иге қара сiңiр.
Бұйырған ырыздыққа болып ырза‚
әуредей тiршiлiктiң таласы құр‚
қараймын көп жалтақтап кейiнгiге.
Бұрамын өткен күнге зейiндi де.
Не лаж бар‚ өткен — өттi‚ кеткен — кеттi‚
солардың жарар ма екен кейi үлгiге?
Бiлмеймiн. Не бар онда жарағандай?
Асылық әбден мұным болар‚ Алла-ай!?
…Отырмын өткенiме тәуфиқ ойлап‚
жүгi ауған жапан дүзде қара нардай.
 

02.08.2005

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *