Тiршiлiк ету дым да емес…

Тiршiлiк ету дым да емес‚
бойыңда қуат тұрғанда.
Жеткенде жампоз жиырма бес‚
түскендей қызыл қырманға‚
қыздарға қарап‚ қырланып‚
қызғанып сұмнан‚ сұрланып‚
қабағын оның мың бағып‚
бұлданбас жерде бұлданып‚
қарамай қойса‚ тұлданып‚
жүрушi ек. Сол кез ақыры
бiр өшкен‚ оттай‚ бiр жанып‚
кетiптi менi қатырып.
Жүргенде ойлап‚ ырғалып‚
шаруасын iстеп мұнда жұрт‚
тотымды тойға шақырып‚
басына жаулық салыпты‚
дегенiн iстеп алыпты‚
бұйыртып маған қапылық.
Мен сонда соғып санымды‚
қимайтын iздеп жанымды‚
алғандай ластап қағымды‚
судай боп қалған салынды‚
далаға шықсам атылып‚
өзiмдi көрiп наушаруан
жүргенде‚— бiткен бар шаруам!
қалыппын босқа аһ ұрып!
 

Содан соң болды бiр тiрлiк‚
сан саққа шаптық‚ ұмтылдық
болмайтын iстiң соңынан.
қиюы iстiң кеткесiн‚
бәндәның кәйтсiн өкпесiн‚
қу тағдыр еттен ет кесiп
жатқандай‚ кеулiм шөккесiн‚
тумады Айым оңынан.
Жөнiне тайды жиырма бес‚
ол кәзiр маған — мүлде елес‚
бермейдi ол маған бiр кеңес‚
айрылған аттай қоңынан
мықшиып‚ қашып мажалым‚
еске алып жастық базарын‚
кейiнге ауып назарым‚
мен де бiр күзетшi сынды
ескi бiр жұртты торыған.

Сол барлық қылар демеуiм‚
мен кәзiр көзi көненiң.
Ешкiмге етпей емеурiн‚
iшiмен қатты шөгемiн.
Жиырма бес баста тұрғанда‚
бидайға толған қырманда
демедiм өзiң өрелiм.
Қыз да бiр қызыл бидай деп‚
жасаған жоқпын ырбаң көп‚
сауық пен сайран құрғам жоқ‚
ақылдың салып бөгенiн.
Ұнап бiр бидай өңдi қыз‚
келсе де кеуiл бөлгiмiз‚
күн-түнi жүзiн көргiмiз‚
жолында соның өлгiмiз
келсе де‚ сыпа болдық бiз‚—
үзбестен әдеп көгенiн.
Оқысақ та бiр класста‚
кеуiлдi бермей ласқа‚
сөйледiк сөздi сынаспай‚
шын Ләйләм болды о менiң.
Жанасу оған — бiр арман‚
көйлегi қандай шұбалған‚
бантигi артық тұмардан‚
даусы бiр оның бөлек үн!
Қандай ед жүрген жүрiсi‚
қандай ед күлген күлiсi‚
болмайтын жұртпен бiр iсi‚
шықпаған жаман сыбысы‚
жан едi сырбаз‚ көк өрiм!
Мен жүрдiм бiр тiл қата алмай‚
он бiр жыл өттi бақандай‚
сыйладым оны тақалмай‚
белгiсiз болып не дерiм.
Ақыры артық Ләйләмның
басқаға жiбi байланды‚ —
кеуiлiм қатты лайланды‚
бұрынғы бимаз жәй қалды‚
кесiлгендей болды кемерiм.
Содан соң… оны айтпағай‚
бұ бастан өттi жәйт талай‚
тоқтайтын жерде тоқтамай‚
шаруаны дұрыс тақтамай‚
қабар деп қармақ өзi кеп‚
дайраға атқан атпадай
тағдырға сенiп‚ жоқтамай
қонатын бақты‚ өттi‚ ойбай‚
у-шумен тiрлiк дегенiң.
Түскенде кәзiр сол еске‚
берiлiп ескi елеске‚
қаусаған нарша шөгемiн.
Сүйткенде… бұлай болар ма ем‚
өзгенiң алдын орар ма ем‚
шайқасып нем бар-ды қоғаммен‚
деп iштей шердi төгемiн.
Бiлушi ем ғой оны құрығанда‚
қимаушы ем ғой оны бiр жанға‚
жасырар одан сыр бар ма‚—
сонау бiр‚ сонау жылда анда
бiр жайдық қой жастық желегiн.
Ұйыған болып айрандай‚
кездессе де алдан күй қандай‚
өтер ек мүлдем қиналмай‚
ескермей тағдыр елегiн.
Ол тәркi болды бүгiнде‚
жыл табы қалды түрiмде‚
ұласты таңым iңiрге‚
қарайтын жан жоқ күлiмдеп‚
барлығы тайды бiрiндеп‚
қалмады қаста сенерiм.
Тек қуат бойға өткенiм‚
болармын мұндай деп пе едiм‚
мақсатқа не бiр жетпедiм‚
болмайтын iстi иектедiм‚
жас едiм онда көп-көрiм‚ —
ұшындай қырлы жебенiң.
Қанағат ендi қалғанға‚
кiмдер бар жеткен арманға‚
жүргенде талай тарнауда‚
сақтасақ абырай‚ — болды онда‚
кеулiме шөкпек неге мұң?
Мына бiр шолақ тiрлiкте
шақырдым жұртты бiрлiкке‚
бақ қонсын дедiм түндiкке‚
дедiм ел жарысын кiндiкке‚
қиынға түстi бұл тiпте‚
соны анық кәзiр көремiн.
Етпедiм жұртқа зиянат‚
қылмадым қасқа да қиянат‚
болмадым жатпен жүдә одақ‚
шаруам жоқ еткен бiр олақ‚ —
өссiн деп бiлдiм өрелiм.
Сонда да… әлгi жиырма бес
бүгiнде болып нұрлы елес‚
енедi түске ерте-кеш‚
жайқалтып жасыл желегiн.
Сол дәтке қуат қыларым‚
еске алып соны тұрамын‚
сол шуда барлық құлағым‚
құдiретi де бұл құданың‚ —
келедi кейде жылағым‚
сабыр ғып бiрақ тұрамын‚
осы да барлық көрерiм.
Ұзын жiп келiп күрмеуге‚
түйiн боп қалса бiр демде‚
лажым қайсы‚ — көнемiн.
Тiрлiкте не едi сүйгенiм‚
тiрлiкте қандай түйгенiм‚
пұшпағын ненiң иледiм‚
батыр ма едiм‚ би ме едiм‚ —
айтар-ды кейiн оны елiм.
Айтарым жұртқа әзiрге‚
көрмедiм жанды жәбiрлеп‚
қуандым‚ күлдiм әзiлдеп‚
бұйырған дәмдi мәзiр деп
мен таттым болсын қабыл деп‚
руханий болды көрегiм.
Көпiрiп‚ жауды жасқадық‚
бар iстi қырып тастадық
демеймiн‚ кейде бас бағып‚
қанадан қатты аспадық‚
шаруаның ойлап көлемiн.
Бары осы. Болдым. Болғанбыз.
Бiреуге тарлан‚ бағланбыз.
Бiреуге қымбат‚ арзанбыз.
Бiреуге жәуһар‚ маржанбыз.
Бiреуге шындық‚ жалғанбыз.
Ойлаған иман бiр жанбыз.
қалдырсақ болды жалғанда iз…
Осы бар белгi‚ бедерiм.
Кезiнде болды мүмкiндiк‚
шаруаға не бiр ұмтылдық‚
тұтастық‚ кейде жыртылдық‚
бұ тiрлiк өттi бiр түрлi‚
көрсетiп бiзге өнерiн.
өмiрге ешбiр жоқ өкпем‚
өзгеден мен не‚ бөлек пе ем?
Өткеннен тек сабақ көремiн‚
сөзi осы болмақ көненiң…
 

02.08.2005

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *