Шығарам деп шумен атағын…

Шығарам деп шумен атағын‚
болмайтын бастап шатағын‚
шендiнiң шен мен шапанын
алам деп‚ төгiп қаһарын
бишара бiзге‚ көрсетiп
достықты даңққа сатарын‚
көрсетiп жәнә кезi келсе
тасадан оқпен атарын‚
сүрiнер тұсты аңдумен‚
оңтайлап ұстап бақанын‚
бастыққа қатты бағынып‚
жылмаңдай сөйлеп‚ жағынып‚
қолшоқпары боп қағынып‚
аузынан жын сөз ағылып‚
дүмдiге‚ таққа табынып‚
сұмдарға сатқан сақалын
iнi боп‚ алып iрейiп‚
бiрiн татпай жәбiр-жапаның‚
ар-ұят деген әдiрә қап‚
не екенiн бiлмей опаның‚
дүния қуып‚ пұл жинап‚
қызығын көрiп «қопаның»,
қылымсып жүрген қырқынға
бүлк етпей сатып бет‚ арын‚
мына бiр фәни жалғанды
деп бiлген жатар жатағым‚
абырай алған жағынып‚
қызмет алған жалынып‚
кеудесiне өрдiн тағынып‚
жас кезгi жолдан жаңылып‚
қиялдың болып бәрi ұмыт‚
алпысқа қарай сабылып‚
келiп қапты менiң қатарым.
 

Қарасам бүгiн‚ — бәрi шал.
Шаш‚ кiрпiк қатты ағарған.
қиын-ау бәндә қарыса‚
бұларға осы не болған?
Әнәу бiр қуым қағылез
көретiн жұрттың бәрiн ез‚
саппайтын ешбiр табаннан‚
iзiнен қыздың жүгiрiп‚
бермесе қабақ‚ түңiлiп‚
сонда да сөйлеп күпiнiп‚
озам деп жалпы жараннан
жүрушi едi. Бүгiнде
бiрi жоқ соның түрiнде‚
шал бопты құмар күбiрге.
О дарих‚ қандай бұ жалған?!
Екiншi бiрi семiз-дi‚
алдайтын арбап не қызды‚
оңаша жерде өгiз-дi‚ —
қашпайтын едi құмардан.
Бұтағы қалған қиылып
дарақша о да иiлiп‚
бiр қара кемпiрге бұйырып‚
мергенше мұрнын шүйiрiп
жүретiн жай жоқ‚ түйiлiп
о да тұр қалпын құп алған.
Үшiншi бiрi — месқарын‚
ойына алған жоспарын
дегендей iстеп тастадым‚
өзiнше кәрi сұр арлан.
қарамай жөндеп кiсiге‚
өзi ырза еткен iсiне‚
түсiре алмай есiне‚
керенау қалпы есiнеп‚
айбатын сыртқа шығарған.
Жолдасым демей талайғы‚
астамсып саған қарайды‚
сәлемiңдi алса‚ жарайды‚ —
бiреулерге кәзiр бұ да арман.
Қарайды ол кәзiр қалтаңа‚
жегенiң қазы‚ қарта ма‚
сорғаның құрт па‚ малта ма‚ —
бәрi есеп ол бiр шығарған.
Ақшалы болсаң‚ адамсың‚
ақшасыз болсаң‚ қабансың‚
ол үшiн нағыз надансың‚
тiпте сен тексiз шағалсың‚ —
жансың ба құның сұралған?
Жоқ‚ ойбай‚ сенiң жоқ құның‚
жастық шақ не ол‚ — өттi күн‚
көкесiн көрген тепкiнiң
сен әжуа жоқты құп алған.
Қай кезде қулар озған жоқ‚
қай кезде аңқау тозған жоқ?
Өзгерсiн мейлi заманың‚
өзгере қоймас адамың‚
бiлмеген соны кезiнде
оңаза жансың өзiң де‚
көзiң бар жасқа шыланған.
Қайратты едiң-ау сен де ондай‚
азулы едiң арландай‚
табанды едiң тарландай‚
не дерсiң мына жалғанға-ай‚
шынында өзi сұм жалған!
Берердей мәңгi таң ата‚
ертеңге iстi қарата
жүргенде‚ тойды тарата‚
аузыңнан қашты алапа‚
түлкiше түрлi қырланған.
Соны алған шалдар кәдiрлi‚ —
тәрк етiп мықты шағыңды‚
кiтаптан алып бар iлiмдi
жүргенде‚ заман қағынды‚
сен соқтың сонда саныңды!
Қолайсыз кештеу қарманған!
Кешiккен жандай базарға‚
сен тұрсың жаңғыз назарда‚
балдыз да‚ күледi‚ бажаң да‚
тартатын осы сазаң да‚
шыдайсың мұндай азарға‚ —
жөн емес кештеу арланған.
Жәнә жоқ таққан шылдырмақ‚
күнiң жоқ көрген пұлды ұрлап‚
тазалық жолын мың құндап‚
еткенiң тiрлiк тым қымбат‚
дүнияға күнә арбалған.
Адалдап iшiп асыңды‚
ағартып армен шашыңды‚
иесiң хаққа басыңды‚
тiрлiкке түрмен таңданған.
Иә‚ осылай болған бұрында‚
сол бола бермек шынында‚
тiрлiктiң қыбын‚ сырын да
кiм бiлген? Қарап қырымға‚
жөн болар қайта жанданған.
Тiрлiкте жүрген бәндәның
шығатын жерi белгiлi‚
баратын жерi белгiлi‚
бұл орам буған жан-жағын‚
кiмдер бар соған қамданған?
Бiлсе де соны‚ ескермей
ұятты‚ арды хош көрмей‚
атағы жердi тескендей
мына жұрт желше ескендей
бар болсын‚ — еңсең пәстенбей
жарайды жүрсең. Ендi арман
арбаған көздi баяғы
бұлдырықша бiр-бiр таяды‚
бұйырмыс шалдың таяғы‚
тiрлiктiң осы аяғы‚
ақыры кетпекшi ол қолдан.
өлшеулi өмiр — шектеулi‚
кiм оның түбiне жеткен-дi?
Шалға аңсау мақұл өткендi‚
қызықты кiмдер жек көрдi?
Қарымас кiсiнiң тек кеулi‚
болса да тұсың торланған.
Еткен жөн ендi қанағат‚
тiрлiгiң болған неге олақ‚
неге алдың сонша жарақат‚ —
кiм оның сырын таба алад‚ —
кiм қаққан сенi олжаңнан?
Жолым деп жүрген бұл менiң‚
атаның дәурен сүргенiн
қалайша‚ кәйтiп — бiлгенiн
кейiнгiнiң қаузап жүргенiң‚
сол мирас кейiнге шалдардан.
Соны ойлап‚ мен де жасымай‚
таңдайға басып насыбай‚
кемпiрдiң жанап қасына‚
әр түрлi ой түсiп басыма‚
қатарға қарап сиреген‚
даң болып дүнияға билеген‚
бәрiне мұның шүкiр деп‚
буыным тұрсам күтiрлеп‚
олжа деп дәмдi татқаным‚
шүйкедей шал боп жатқаным‚
дүнияға түрмен таңғалған…
 

Кiмдерге жолдас бұл жалған?
 

30.07.2005

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *