Сөйлеме сонша дыбдырлап…

Сөйлеме сонша дыбдырлап,
аңқылдап, арлап, асықпа.
Адамның жаны бiр жұмбақ,
қайтып та, тұрар, тасып та.
 

Сұрасам жөндi… Сырдағы
дейсiң сен ескi қалқоздан.
Белгiсiз кәзiр кiм бары,
емес пе екен ел тозған?
 

Ертеде… оқып жүргенде,
оруға күрiш барған ек.
Ақсүйек ойнап түндерде,
салғанда қыздар ойға әлек,
 

Қарамай, сертпен күндiзгi,
сыңсыған сары масаға
дыбдырлап жүрген дүр қызды,
құшқан ек түнгi тасада.
 

Бүгiнде белгi — о да бiр,
кеуiлде шоқтың табындай.
Сезiмге, жаста, жоқ әмiр,
сол бiр сәт ыстық сағымдай,
 

пойызша заман аңыраған
кеттi өтiп сыбдыр, дүрсiлсiз.
Бiздерден көзiн алмаған
қалған-ды сонда бiр сұм қыз!
 

Сен содан қалған бiр елес,
жақсыдан жеткен бiр белгi.
Арзандау қымбат түк емес,
қымбатты қыздан кiм көрдi?
 

Десек те, сұлуды мен Сырдан
көп көре кәзiр бастадым,
Саңқылдап тұрған даусыңнан
түседi-ау еске жас шағым!
 

Дер кезiң сенiң, бол да абай,
керiлген болмай көп керiк,
шағыңды жастық алмағай,
тасқындап, ойсыз өткерiп.
 

Бiзде де болған сол тасқын,
қайраң да болған сел соңы.
Жанымен жүрер жартастың
арылған қашан ер соры?
 

Болмасын сенде күн мұндай,
болса аман Сырдай атырабың,
дыбдырлай берсең, сыбдырлай,
жайқалған жасыл жапырағың
 

бiр күнi түссе үзiлiп…
Қалмақшы кiмдер кiжiнiп?
Кiм жүрмек ойы бұзылып?
Қарамақ кiмдер қызығып?
 

Бiлмеймiн, емен сәуегей,
бiлмейтiн бақты бiз надан.
Көрмесе болды ел өгей, —
қандай бақ керек қызға одан?
 

Сол себеп, сөйлеп дыбдырлап,
аңқылдап, арлап, асықпа.
Таусылмас тiрлiк — мың жұмбақ,
қарай бiл, қарғам, қашыққа!
 

18.06.2009

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *