Кiшкентай вокзалдың пойызды күтетiн залының салқын бiр скамьясында бүрісiп отырған Жолдасбек қабырғадағы өлiмсiреп жанып тұрған шамға, салақтаған тiлi сырт-сырт етiп соғып тұрған үлкен сағатқа қарап, терiскейден келетiн пойыздың уақытының әлi де ерте екенiн бiлiп, iшiнен ақырын күрсiнiп қойды. Сосын жанында томпиып отырған Тыныштыққа, одан әрi күңгiрттенiп тұрған терезеге көз тастады. Бұл кезде вокзалдың алдында тұрған қара ағаштардың бұтақтарын иiп, жапырақтарын жұлып, дiңдердiн сидитып тастаған солтүстiктен соққан суық жел өрши түскен екен. Оның қатты екпiнiне шыдамаған қара ағаштар сәл-пәл майысып, қайтадан керi шайқалақтай кетiп, бей-берекет, әрлi-берлi қозғалады. Соны көрiп, Жолдасбек те скамьяның суығын сезгендей қозғалақтап қойды. Сосын осы Жарық стансасына екi күн бұрын Алматыдан арнайы келгенi жайлы ойлады. Оның бұ жаққа ат iзiн салам деген ойы жоқ та болатын. Оған себеп мұның орталықтан шығатын бiр газетте басылған очеркi болды. Бұл онда бiр жiгiттiң сүйген қызы қарамай кеткесiн, соған ерегiсiп, қой баққаны, содан үлкен жетiстiкке жетiп, депутат болғаны жайлы жазып едi. Оны iшiнен кәдiмгi күнделiктi газетте жазылып, шығып, елеусiз өтiп кетiп жатқан бiрдеме деген де қойған-ды. Содан он шақты күн өткесiн бұның атына редакцияға Жарық стансасынан хат келдi. Ол конверттi ашып, оқушы дәптерiнiң екi бетiне жазылған сөздердi оқи бастағанда, есiне осыдан жиырма жылдай бұрыны бiр уақиғаны ерiксiз алды. Онда да мұның мектепте оқып жүргенде орталықтан шығатын газетте бiр қысқа әңгiмесi басылған болатын. Оған “Сәт сапар” деген айдар қойылып, редакция жақсы тiлек тiлептi. Содан он шақты күн өткесiн Қарағандының жанындағы Саран қаласында, бiр педагогтар дайындайтын училищеде оқитын Бейсекеева Тыныштық деген қыз жазған хат келдi. Ол хатында мұның әңгiмесiн оқып, ырза болғанын, жасының мұнымен шамалас екендiгiн, келешекте хат алысып тұруға ықыласы барлығын бiлдiрiптi. Алғашында бұған онша кеуiл аудара қоймаған Жолдасбек оған рахмет айтып хат жоладй салған-ды. Содан кейiн қыздың екiншi хаты келдi. Бұл тағы да жауап жазды. Одан кейiн одан үшiншi хат келдi. Бұл тағы да жауап жазды. Содан кейiн бұлар жиi-жиi хат жазысатын болды. Бiрде Тыныштықтан өзiнiң училищенi бiтiргелi жатқанын айтып, қорытынды кешке мұны шақырған хат келдi. Бұл кезде Жолдасбек он бiрiншi класта оқып жүрген едi. Мұның әлдеқайдағы Саранда оқитын бимәлiм қызбен хат алысып жүрген жайы бұл кезде үй iшiне де белгiлi бола бастаған едi. Мұның ыңғайын бiлген болса керек, әкесi Жолдасбектiң Саранға баруына қарсы болды. Сосын бұл үндеген жоқ. Жолдасбек мектептен кейiн ауылда бiр жыл киномеханиктiң көмекшiсi боп жұмыс iстедi де, келесi жылы Алматыға аттанып, университетке оқуға түстi. Мұнда келгесiн жаңа жiгiттермен, қыздармен танысып, Тыныштықты ұмытып та кеттi. Сүйтiп жүріп бiр белгiлi журналистiң қарындасына үйлендi. Соның сүйреуiмен белдi газетке жұмысқа тұрып, партияға өтiп, бiрнеше жылдан соң бөлiм меңгерушiсiнiң дәрежесiне де жеттi. Ендi жауапты хатшының орнынан дәме қылып жүргенде, мына очеркi жарияланып, баяғыда ұмытып кеткен қыздан хат келiп, мұның тиыш кеуiлiн абайсызда соққан жел толқындатқан көл бетiндей жұлмалап өте шықты. Содан бұл оған не жауап жазарын, не үндемесiн бiлмей бiр аптадай жүрдi, хатты бiреу-мiреу көрiп қалмасын деп, үстелiнiң тартпасының ең астына салып, үстiне күнде келiп жатқан он шақты хатты қойып, өзiнше қулық жасады. Сосын кешкiсiн үйiнде телевизор көрiп отырып, әлденеге: “Жарық стансасы қай жақта екен?” — деп қойды. Сол арада асханада аяқ-табақты салдырлатып жатқан әйелi Гүлнәрдың:
— Қызметтен келіп, телевизорға үңiледi де отырады. Көмектесу деген жоқ. Менi жұмысқа барып ойнап келедi ғой деймiн. Ана жұрттың еркектерiне қараш, қатындарының қол-аяғын бiр қозғалтпайды. Ал бұл… нағыз феодал, — деген даусын естiп, ыңғайсызданып қалды.
Оның күнде айтатыны — осы сөз. Кейде соны естiгiсi келмей, бұл аяқ-табақты жуып, жинастыратын да әдет алған-ды. Бiрақ оған құлықсыз. Ендi кәзiр әйелiнiң наразы даусын естiп: “Баяғыда ана Тыныштыққа үйленгенiмде, ол да бүйтер ме едi? — деп ойлады. — Кiм бiлiптi? Етi үйренiп алғасын, әйел деген… кiсiнiң басына мiнедi. Бұрынғы шалдар сүйдейтiн. Кәзiр жiгiттiң не бiр марқасаларының көрген күнi күнi емес. Кейде сөйлесе қалсаң болды, олардың бәрi де, осыны айтып, жылап қоя бередi. Сонда бұ не, а?”
Жолдасбек ертеңiне редакцияға келгесiн, өзiнiң Көкшетауда өтетiн бiр жиынға қатысуы керектiгi жайлы бiлдi де, аэровокзалға кеп, самолетке билет алды. Сол түнi ұшып, облыс орталығына кеп, мейманханаға орналсты. Ертеңiне жиналысқа қатысып, құжаттарына мөр бастырып алғасын: “Пойызбен қайтып, жолай Жарық стансасына түссем кәйтедi? — деп ойлады. Ақыры сол қамшы боп, жиналыстың соңына қарамай, керектi деректерiн қойын дәптерiн түсiрiп алғасын, Жарыққа тартып отырды. Оған пойыз күндiзгi сағат ондарда келедi екен. Вокзалға түсiсiмен бұл қалтасынан конверттi алып, оның сыртына жазылған адреске қарап, Тыныштықтың үйiнiң нөмiрiн бiлiп алды да, кездескен кiсiлерден жөн сұрап, ақыры кiшкене стансаның батыс жағындағы кiшкене екi қабатты үйге келдi. Ертеректе темiржол жұмысшыларына арнап салынған екi қабатты үйдiң сырты кiр-кiр, ауласы лас екен. Бұл портфелiн көтерген қалпы аулаға кiре бергенде, бiр толық, етжеңдi орыс әйелi қарыс ұшырасты. Содан жөн сұрап едi, ол басыдағы косынкасын жөндеп қойып:
— Мiне, мынау үй, бiрiншi этажда, — дедi быртиған саусағымен кiшкене терезенi нұсқап.
Жолдасбек үйдiң қоңыр сырмен сырланған ағаш есiгiне жақын кеп, оны тықылдатты. Ешкiм үндеген жоқ. Бұл есiктi қайтадан қақты. Аздан соң iштен аяғын апыр-тапыр басып келе жатқан кiсiнiң сыбысы естiлдi. Ол әр жақтан босағаға тақап келдi де, ысырғышты сырт еткiзiп, есiктi ашты. Қара көлеңкеде сарғыштау шашы желбiреген, орташа бойлы, сары өңдiлеу әйелдiң бейнесi бұған онша анық көрiнбедi. Сол арада барып Жолдасбектiң басына: “Апырау, мұның күйеуi болса ше?” — деген ой сап етiп түсе қап, ыңғайсызданып қалды:
— Кешiрiңiз, мен газеттен едiм. — дедi тамағы құрғап.
Әйел бұған таңырқай қарады:
— Газеттен?
— Иә. Мен былай… бiр танысымды iздеп…
— Таныс дейсiң бе? — дедi де, әйел бiрдеменi сезгендей, сәл керi шегiне берiп: — Сiз, сiз, Жолдасбексiз бе? — деп сұрады. Сосын мұның жауабын күтпей: — Мен баяғы Тыныштық болам. Кәне, төрлетiңiз, — деп, ол дереу қолын созып, коридордағы шамды жақты.
Бұл iшке кiрдi де, плащын шешiп, қабырғадағы киiмiлгiшке iлдi. Сосын портфелiн көтерiп, кiшкене қонақүйге кiрдi. Мұнымен iшке қоса кiрген Тыныштық ендi ашыла сөйлеп:
— Сiздi келедi деп ойлаған кiм бар! — дедi. — Кешiрiңiз, үйдi жинастыра қоймап ем.
— Ештеңе етпес. Мен командировкадан келе жатып… жолшыбай соға кетейiн деп, — дедi Жолдасбек бiр ағаш орындыққа отырып жатып, үй iшiне көз тастап қойып. — Ал, жағдайыңыз қалай?
— Жағдай осы, — дедi Тыныштық та отырып жатып. — Осында жол бойында жұмыс жасаймын. Бұрындары комсомолда болғанмын. Баяғыда… училищенi бiтiргесiн… Атасуға барып, төрт жыл мұғаiлм болдым. Сонда жүргенде ерге шықтым. Бiрақ ол… онша сәттi бола қоймады. Содан екi бөпемдi алып, Жарыққа келдiм. Содан берi тұрып жатырмын.
— Е, жақсы екен, — дедi Жолдасбек не дерiн бiлмей. Сосын қарап отыра бергендi қолайсыз көрiп: — Сiздiң баяғы жазған хаттарыңызды сақтап жүрмiн. О бiр қызық кез екен ғой.
— Романтикпiз ғой. Мен темiржолшының қызымын, орыс мектебiнде оқыдым. Содан ғой… бәрi… Болмаса қыз бала ұл балаға хат жаза ма?
— Неге? Онда тұрған не бар?
— Сонда да… Ана Онегинге хат жазған Татьяна құсап… Мен де бiраз елiгiп… — Тыныштық бiр түрлi боп қоңырайып, үнсiз қалды. — Сiздiң сонда салған суретiңiз менде сақтаулы. Соны ешкiмге көрсетпей жүр едiм, бiрде суреттi күйеуiм қағаздарымды тiнтiп тауып алды. Ол: “Бұ кiм?” — деп сұрады. Мен: “Бала кезгi қиял ғой. Оны көрген де емеспiн”, — дедiм. Бiрақ ол сөзiме сенбедi. Содан бастап жұмыстан кешiгiп келетiн, аздап iшетiн болды. Соның ақыры дау-дамайға ұласты. Ақыры ажырасып тындық…
— Ойпырмай, ә? — дедi Жолдасбек өзiн кiнәлi сезiп. — Бұлай болады деген кiмнiң ойында бар? Жас кезде не болмайды? Оның үстiне хат деген…
Осы кезде есiк ашылып, iшке жасы ондарға тақап қалған, басында бантигi бар қыз бала кiрдi. Үйге екпiндей кiрген ол бейтаныс кiсiнi көрiп, бiр түрлi боп қысылып, есiк алдында кiдiрiп қалды да, аяқ киiмiн шешiп, өз бөлмесiне қарай өтiп кеттi. Содан көпке дейiн шыққан жоқ.
Қызына қарап қойған Тыныштық сәлден соң:
— Ау, мен нағып отырмын? Тамақ дайындайын, — дедi орнынан тұра берiп.
— Жо-о-оқ, сiз абыржымаңыз… мен… мен…
— Неге? Қаншама жылдан кейiн кездесiп тұрып, сыбағаңызды жемей… болмайды… Сосын… пойыз жоқ.
— Жоғы қалай? — дедi Жолдасбек абыржып.
— Алматыға баратын пойыз ертең түнде ғана келедi. Оған дейiн жүк пойыздары ғана жүредi.
— А-а, солай екен ғой.
Сол күнi Тыныштық жолдас-жоралатын, көршi-қолаңдарын шақырып, мұны қонақ қылды. Жолдасбектi оларға Алматыда университетте бiрге оқыған курстасым дедi, менi iздеп келiптi деп таныстырды. Олар шуылдасып қуанысқан болғандарымен, iштерiнен бұның сөзiне сенбегендiктерi көздерiнен байқалды. Сосын олар арақ-шарап iшiп, орысша-қазақша аралас ән айтып, уылдап-шуылдап түн жарымына дейiн отырды да, бiр бiрiне ымдасып ап, жапырыла шығып кеттi. Ендi оңаша қалған екеуi есiгi ашық тұрған кiшкене бөлмеде пысылдап ұйықтап жатқан екi балаға қарап қойып, әр нәрсенi сөз етiп, бiраз отырып қалды. Екеуi өздерiнiң жазысқан хаттарын еске алыс-ты. Сол арада мұның да, Тыныштықтың да көмейiнде тағдырымыз әу баста ұшырасқанда, өмiрiмiз қандай болар едi деген бiр сұрақ тiрелiп тұрған едi. Бiрақ оны екеуi де айта алмады.
Тыныштық бұған қонақ бөлмеге төсек салып бердi де, өзi балаларының қасына барып жатты. Жолдасбек төсекке қисайып, аздап iшкен арақтан аздап басы айналғандай боп, бiраз жатты. Сосын өзi ұрлық жасауға келген кiсiдей ыңғайсызданып, Тыныштық жатқан бөлмеге көз салудан да жасқанып, кеудесiне тарта жапқан жұқа көрпешенi қолымен сыртынан сипап қойып жатып, қалай ұйықтап кеткенiн де байқамады.
Ертеңiне Тыныштық лұқсат сұрап ап, жұмысына бармай, мұны тағы да қонақ қылды. Балалары мектепке кеткесiн, бiрде бұған жақындап отырып:
— Өмiр деген осы. Ол ойлағаныңдай бола бермейдi екен, — деп қойды.
— Ол рас, — дедi Жолдасбек қоштап.
— Әне-мiне дегенше отыздан да асып қалдық. Әне, қырықтың да төбесi көрiнiп тұр. Содан кейiн белгiлi ғой…
— Айтары жоқ. — Жолдасбек осы арада, неге екенi белгiсiз, өзiне күнде-күнде мiн таға беретiн әйелiн есiне алды. Сосын Тыныштықтың өзiне неге хат жазғанын бiлiп, өзiнiң оған беретiн көмегiнiң жоқтығын, өмiр жолын қайтадан басқаша жалғастыра алмайтынын сезiп, күмiлжи бердi. — Иә, өмiр деген осы. Оны, шiркiн, қайтадан бастаса ғой… кiм бiлiптi? Бiрақ ол қайда?
— Мен де кейде солай ойланып қоям. Ана кiтаптарда оны өмiрдiң варианты… басқа бiр нұсқасы дейдi ғой. Бiрақ ол өмiрде болмайды. Қалай дегенмен де романтик болған бiздердiң… жолымыз басқаша. Ал тiрлiк басқаша. Оның заңы қатал. Оған көнбеске не ылаж бар?
Сол күнi түн ортасына таман Тыныштық екеуi стансаның вокзалына келдi. Оның кассир танысы бар екен, сол арқылы Қызылжар жақтан келетiн жүрдек пойызға билет алды. Содан келетiн пойызды күтiп әлi отыр. Мұның қасында отырған Тыныштық та қажыған сияқты, әлсiн-әлсiн сағатқа көз сала бередi. Соны байқаған Жолдасбек:
— Тыныштық, бәрiне рахмет. Ендi дұрыстап таныстық дегендей. Сен ендi… кеш боп қалды, қайта берсейшi. Өзiм мiнем ғой, — дедi.
— Ештеңе етпес. Күнде келiп жатқан жоқсыз ғой… Мiнгiзiп салайын.
Содан тағы да сарсылған үнсiздiк басталды. Сырттан сабалаған желдiң дыбысы естiледi. Бiрде сол дыбысты бұзып-жарып, станса кезекшiсiнiң пойыздың келе жатқаны, оның екiншi жолған алынғаны туралы хабарлағаны естiлдi. Сосын екеуi орнынан тұрып, перронға шықты. Есiктi ашып, сыртқа шыққан бойда, қарсы маңдайдан соғып тұрған жел мұның қойны-қонышын тiнтiп, бетiн қарып, жалаңбас болғандытқан, шашын судыратып, тұла бойын мұздатып жiбердi. Басына бөкебай тартқан Тыныштық бұған бiр түрлi аяғандай боп қарады.
Пойыз келдi. Буферлер бiр бiрлерiне соқтығысып, дөңгелектердiң тежегiштерi ысқырып барып, вагондар iлбiп тоқтағасын, Жолдасбек ұйқылы-ояу проводникке кеп, билетiн көрсетiп iшке кiрдi де, портфелiн қоя сап, тез сыртқа шықты.
— Алысқа кетпеңiз. Екi-ақ минут тоқтайды, — дедi проводник әйел дөрекi үнмен.
Бұл жерге түсiп, Тыныштықтың қасына келдi. Оның үстiнен әлдеқандай көптеу етiп себiлген әтiрдiң исi шығады. Қараңғыда екi көзi жылтырап көрiнедi. Оның сарғыш жүзi вагонның сыртқы шамынан түскен жарықтан кiреукеленiп көрiнедi. Соған қарап тұрып, Жолдасбек әлденеге өзiн өзi ұстай аламй, тез қимылдап, Тыныштықты оң қолымен мойынынан орай құшақтай алды да, ернiнен сүйдi. Әйел қолымен керi итердi. Бұл тағы да сѕйдi. Осы кезде проводник әйелдiң:
— Қозғалдық! Болыңыз! — деген даусы естiлдi.
Жолдасбек Тынышытқтың ернiнен тағы бiр рет сүйдi де, қолын қатты-қатты қысып, жалт бұрылып, вагонның тепкiшегiне аяғын салды. Сосын тамбурға өтiп, проводник әйелдi сырт жағиында тұрып, айқайлай сөйлеп:
— Қош, қош! — деп, қолын бұлғады.
Перронда жүріп бара жатқан вагондарға қарап тұрған Тыныштық бұған қолын бұлғады. Сәлден соң пойыздың жүрісi үдеп, қарауытқан стансаның әлсiз шамы жанып тұрған перроны көрiнбей кеттi. Сонымен бiрге Тыныштықтың тұлғасы да көрiнбей қалды. Ендi проводник әйел есiктi жапқасын, Жолдасбек iшке кiрiп, плацкарт вагонның бiр жерiнен орын тауып ап, қалың әйнектен қарауытқан сыртқа көз салып, ойланып бiраз отырды. Пойыздың жүрісі үдеп, қарқыны өсiп, Жарық стансасынан ұзаған сайын ол өзiнiң қызығы көп балалық шағынан, жас кездегi алып-ұшқан ыстық кеуiлiнен алыстап бара жатқанын, ендi бұ жаққа келу-келмесiнiң беймәлiм екенiн, Тыныштық екеуiнiң базарларының ендi бiраздасын тарқай бастайтынын, мұның бәрiнiң тек қана естелiк болатынын сезiп, өз өзiнен қоңырая бердi. Сосын неге екенi белгiсiз, даусын сәл шығарып:
— Өмiр деген осы, — деп қойды да, орнынан тұрып, проводник әйелден төсек алып, жатудың қамына кiрiсiп кеттi.
Жүйрiк пойыз та-та-та-та, та-та-та-та-лап, екi жағына қарай теңселе қозғалып, түнгi қараңғылықта Бетпақдаланың тыныштығын бұзып, жүйткiп келедi…
1978 жыл