Қара телефон шар ете қалды:
— Әй, барсың ба? Қатыныңның ыстық құшағынан әлi шыға алмай жатырсың ба?
— Кетшi, әй, сен де бiр! — дедi Жұмағазы өзiмен бiрге қызмет iстейтiн, үнемi жанығып жүретiн Мақпыр Жалбыровтың даусын даусын бiрден танып. — Бүгiн демалыс болғасын шамалы ұйықтап алайын деп ем…
— Сен, давай, дем алғанды қой. Қалтамда аздап бiрдеме бар, түнде… былай, қонақта боп дегендей… ана сыраханаға барсақ кәйтедi?
— Баяғы ма?
— Дәл өзi. Кәзiр қатыныңа дымыңды бiлдiрмей шық та, соған жет. Кеудемде жаным болса, мен де жетермiн, — деп ол, шамасы әр жағынан әйелi келiп қалған болса керек, дем арасында даусын өзгертiп: — Кеше кислородты дұрыстап берiп едiк қой. Қалай, қалай? Род дұрыс қабылданып алынған. Сәби сау, екi жарым кило келедi. Не, не? Тез жетуiм керек пе? Өй, осы сендер де бiр, менсiз жұмыс iстеу дегендi бiлмейсiңдер. Бүгiн демалыс емес пе? Кiсiнi былай… дұрыстап демалдырмайсыңдар да. Осы жұмыс, жұмыс деп өлетiн болдық қой. Жақсы, жақсы, кәзiр барам, — деп, трубканы қоя салды.
Жұмағазы мырс ете қалды. Орталық әйелдер босанатын үйде жұмыс iстейтiн акушер-гинеколог Мақпырдың үнемi iстейтiнi осы: әйелiне өтiрiк айтпаса, кеулi көншiмейдi. Әсiресе, ол бiрiншi әйелiнен ажырасып, екiншi әйелi Күлшемен отасқалы өтiрiк айтуды шығарды. Себебi Күлше қатал. ЖенПИ-дiң музыка факультетiн бiтiрiп, қазақ радиосында қызмет iстейтiн ол үнемi еркектердi “азғын, бұзық, суқит, айнымпаз” деп сыртынан сөгiп отырады. Кейде Күлше осы сөздi Жұмағазының көзiнше де айтып салады. Бiрде Жұмағазы күлiп: “Сонда мен де соның санатына жатам ба?“ — деп сұраған едi. Шотмаңдай Күлше қабағын ашпай: “Сен деген жiгiттiң алтынысың ғой. Саған ана сайқалдарды аладу қайда? Қайта олар өзiңдi қу тақырға отырғызып кетпесiн”, — деген болатын. — “Онда Мақпыр… қай тiзiмге кiретiн болды?” — “Өй, оны қой, күнде-күнде көрiп жүрген нәстесi емес пе? Соның оған несi қызық дейсiң? Қайта одан жеркенетiн болар. Қасымызға жоламағалы бiраз боп қалды”. — “Қойшы, әй, шын ба? Онда құрдастың орнын басып, зам болып…” — “Құры, оңбаған!”— деп, көп жадырай бермейтiн Күлше сол кезде ыржиып, мұны арқасынан түйгiштеген болатын. Соны көрiп, ағеден Мақпыр: “Бұл ақұдайдан қыз алуға болмайды? Алсаң, осы, өмiрi қабағын бiр ашпайды. Бұлардың маңдайларына былай… — Мақпыр екi қолын жұмып, маңдайына апарып тигiздi, — құдай қос жұдырықты жазып қойған”. Мақпырдың онысының себебi бар. Күлше Қазалыдан. Ал Мақпыр мен бұл екеуi Қармақшыдан елу шақырымдай жердегi Ленин колхозында туылып-өскен болатын. Бұлар бiр мектепте, бiр класта оқыды. Содан жетi жылдықты бiтiргесiн, екеуi қол ұстасып кеп, Қызылордадағы медицина училищесiне оқуға бiр таныстарының көмегiмен әзер алдалап түстi. Оны бiтiргесiн екеуiн армияға алып кеттi. Бұл осы кезде космосқа кiсi ұшырып, даңқы жер жара бастаған Төретамда, орысша айтқанда Ленинскiдегi әскерде болды да, Мақпыр Владивостоктан бiр-ақ шықты. Ол теңiзшi боп, кемемен бiраз жердi шарлады. Содан екеуi әскерден босанысымен, Алматыда кездесiп, медицина институтының емдеу факультетiне документтерiн тапсырған едi. Әскерге барып келген, әрi фельдшер деген мамандығы бар бұларға емтиханда көп жеңiлдiк жасалды, — екеуi де институтқа қиналмай түсiп кеттi. Содан екеуi жатақхананың бiр бөлмесiнде жатты. Осылайша өмiрде айрылмаймыз деп жүрген екi дос үшiншi курсты бiтiрiп, мамандық таңдар кезде ғана ажырасты: бұл — эндокринолог, ал Мақпыр — акушер-гинеколог болам дедi. Содан институтты бiтiрiсiмен, алғашқыда екеуi екi мекемеде жұмыс iстеп жүрдi. Ақыры сәті түсiп, Алматыдағы орталық әйелдер босанатын үйге қызметке тұрды. Содан берi он шақты жыл өтiп те кеттi. Кәзiр қаланың бiр шағын ауданында тұрады.
Басынан осы нәрселер жалт-жұлт етiп өте шыққан Жұмағазы орнынан тұрып, жуынып-шайынып, азанғы шәйiн апыл-ғұпыл iше салды да, киiнiп сыртқа шықты. Бұл кезде декабрь айының аяқ жағы жақындап та қалған едi. Күн ашық. Түнде жауған қар арқан бойы көтерiлген күн сәулесiне шағылып, көз қаратпайды. Үй жанында ақ қырауға малынып тұрған теректердiң бұтағынан ақ қылау жерге күмiсше шашырап түсiп жатыр. Жұмағазы салқын ауаны кеуде кере жұтып, кiреберiсте аз тұрды да, суыққа бойы үйренгесiн, ширақ қимылдап, көше жаққа барды; машиналар сирек жүрiп жатқан көшенiң арғы бетiне өтiп, үйреншiктi тротуармен жүрiп отырып, төбесi жапырайған кiшкене үйде орналасқан сыраханаға келдi. Оның есiктi ашып, iшке кiре беруi мұң екен, iштен ашыған дәннiң, спирттiң, темекi түтiнiнiң араласқан исi бiрден мұрнына ұрды.
— Әй, мұнда кел, — дедi Мақпыр анадайдан қолын көтерiп, айғайлай сөйлеп. — Бол, тездеп. Мен мыналарды… алып та қойдым.
Жұмағазы құрдасының жанындағы орындыққа кеп отырды. Сосын ақ көбiгi ернеуiнен асып шығып, жерге төгiлейiн деп тұрған салқын “Жигули” сырасынан бiр-екi ұрттады. Сол екен, ол өңешiнен әрi қарай өтiп бара жатқан салқын затты сезiп, қабағын кiржиттi. Мұның онысына қарайтын Мақпыр жоқ, үстелге жататындай боп, еңкейiп алып, мұның құлағына сыбырлап:
— Бала, ана Ауғанстанның жағдайы қызық болғалы тұр дейдi, — дедi.
— Қызығы нес?
— Оған кәзiр қаракөздерi сыпырып алып жатыр. Менiң бiр балдызым бар едi, түнде соны үйiне кеп, военкоматқа алып кетiптi. Содан берi одан хабар жоқ.
— Жәй… былай… жылдағы шақыруы шығар?
— Қайдағы? Ол деген көктемде не жазда болмайтын ба едi? Ал мынау деген… мобилизация, — деп, орысшалай берiп, кенет Мақпыр жақын жердегi үстелде арақ iшiп отырған, жас шамасы елулерге келiп қалған екi орыс адамына сақтана қарап қойды. — Былай, жинап жатқанға құсайды. Масқара болғанда, медперсоналдарды да алады дейдi.
— Қой, өтiрiк шығар, — дедi құрдасының қашаннан бiр нәрсенi өсiрiп, дабырайтын айтатын әдетi барын бiлетiн Жұмағазы ыржия күлiп. — Қалай десе де, оған сенi мен менi алмайды. Соғыс болып жатқанда, әйелдер қайдан босансын?
— Оның рас, — дедi Мақпыр және де әлгi екi кiсi жаққа көз тастап қойып. — Сонда деймiн-ау, кешелерi ана Вьетнамда анадай болды. Оның әр жағында Венгрия мен Чехословакия бар дегендей… Сонда осы басқалардың iшкi шаруасына кiрiсiп не бар, ә? Одан да бiзге жетiспейтiн құралдарды алса ғой…
— Айтпа.
— Менiңше бар ғой, ана ауылдағы Бiрлiкбайды бiлушi ме ең, — дедi Мақпыр ендi бұған тесiле қарап. — Ана ше…
— О кiм? Ондай адам бар ма едi?
— Өй, сен де бiр, ана Бiрлiкбай шал ше, жағы алмалы-салмалы…
Оның жұмбақтап отырғанының Бiрлiкбайының кiм екенiн түсiнiп, сыра iшiп жатқан Жұмағазы күлкiден шашалып қала жаздады.
— Кетшi, сен де бiр. Саясатта не шаруаң бар? Онан да өз шаруамыздың бабын…
— О не деген сөзiң? Олар сенi жайыңа қоя ма? Осы сен айлықты кiмнен аласың, а? Сөз жоқ, одан. Тамақты қайдан сатып аласың? Сөз жоқ, оның дүкенiнен. Тiпте бар ғой… — Ол бұған аузын тақап, сыбырлай сөйледi. — Өткенде ана құдай атқан балдызымның қайынатасы келiп едi, үйге, өзiң бiлесiң, кiлең ақұдайлар толып кеттi. Олардың жиналыс жасама, арақ iшпейтiнi белгiлi. Сонда әлгiлердi бастап келген, бәрiне мәтiби боп отырған Қоламсақ деген бiр сапқоз директорының жұрт қызып алған кезде, қолын көтерiп: “Жолдастар, мына жиынның құрметтi президиуымын сайлап алмай, осы бiздiкi не шуылдап, а? Менiң ойымша, мына отырыспаның құрметтi президиумына Бiрлiкбайдың кандидидатурасын ұсыну керек”, — дегенi бар емес пе? Жұрт қыран-топан күлiп жатыр. Онысы бар болсыншы. Содан не керек, ақұдайлар арыз жазбаса жүре алмайды, содан алты ай өтпестен әлгi Қоламсақ орнынан түсiп, басқа жұмысқа ауыстырылды. Көрдiң ғой? Демек… — Ол әлгi екi кiсiге тағы да көз тастап қойды. — Бiз де…
— Қой, қайдағыны айтпа, — дедi Жұмағазы ерiксiз сақтанып. — Нағыласың қайдағы-жайдағыны сөз етiп? Онан да өзiмiзге қатысты нәрселер…
— Сонда сен немене қоғамнан, саясаттан тысқары тұрмақсың ба? Өзiң немене гәзет-журнал оқымайсың ба? Үйте берсең, былай, ана журналистер жазып жатқандай, ауыл арасының…
— Өй, оның маған керегi жоқ, — дедi Жұмағазы осы кезде қызып ап, өзара дауласуға кiрiскен әлгi екi орыс кiсiсiне қарап қойып. — Әркiм өзiнiң басына шамалап сөйлеуге тиiстi емес пе? Аспандағы, өмiрi қолың жетпейтiн нәрселердi сөз етiп нең бар?
— Сонда қалай? — дедi сол арада Мақпыр тез пальтосының қойнына қол салып, әр жағынан бiр бөтелкенi суырып алды да, үстел үстiнде жатқан шанышқымен оның қалайы аузын тез ашып, бос қырлы екi стаканға құя бастады. — Кәне, мынадан алып жiберелiк. Әйтпесе мына сыра дегенiң бөтекеге бiрден шабады.
Екеуi даяшыға көрсетпей, тез-тез алып қойды. Содан кейiн Жұмағазы жәй нәрсенi сөз ете отырып, осы кезде қызу таласқа кiрiсiп кеткен екi орыс кiсiсiне қарады. Олардың бiреуi болбыр денелi семiз де, екiншiсi тырыли арық екен. Арық кiсi қолын бiрдеменi шауып тастайтындай боп жоғары көтерiп:
— Оларды былай… ұру керек, — дейдi. — Ана амеркиканыдқтарды қой, олар бүлiк шығармаса жүре алмайды. Тiпте ана Вьетнамда жеңiлгендерiне қарамайды.
— Ол ендi онша дұрыс емес, соғыс болды ғой, — дейдi семiз кiсi. — Содан елдiң беделi кемiп қалды.
— Қайдағы? — дейдi арық кiсi едiрейiп. — Олар баяғыда ана Венгрияда да осынадй бүлiк бастаған. Мен сонда танкист едiм, былай… оларды гусеницамен таптап…
— Жәй, жәй, — дедйi семiз кiсi оны жеңiнен тартып.
— Несi жәй? — дейдi арық кiсi қаттырақ, даусын шығара сөйлеп. — Оларды сүйту керек. Бiз олардың бәрiн асырап отырмыз. Ана Венгрия, Чехословакия, Болгария, Польша дегендерiңнiң бәрi нахлебники, арамтамақтар ғой… Бiздiң нанымыз болмаса, олар аштан өлiп қалады.
— Ендi мына Афганистан… — дейдi семiз кiсi даусын ақырын шығара сөйлеп. — Бұ да солардай…
— Болсын. Бәрi бiр далаға кетiп жатқан ақша емес пе? Ана душмандарды бар ғой… былай, гусеницамен таптау керек!
Мұның басқа жаққа алақтап отырғанын сезген Мақпыр кенет тиыштала қап:
— Бала, тағы да бiреуiн, — дедi. — Оған қалайсың?
— Аздап.
Мақпыр тағы да екi қырлы стаканға даяшыға бiлдiрмей арақты құя бастады. Оны алып тастағасын, Жұмағазы бiр түрлi кеуiлденiп, әлгi екi орысқа қарап қойып, iшiнен: “Оларда несi бар? Осы ұлан-байтақ жер де жетпей ме? Соны ұстап тұра алса да жарамай ма? Ендi кеп ол аздай… Ауғанстаны несi? Сонда оған да мәдениет апарамыз дей ме? Ау, олар баяғыдан мәдениеттi ел емес пе? Оларда немiз бар? Одан да оған шығатын қаржыны өзiңе жұмсап”, — деп, әлгi екi орыспен таласқысы, айтысқа кiрiскiсi кеп тұрды да, кенет өздерiнiң мекемесiне құрал-жабдық керек болғанда, ақшаның табылмай қала қоятынын бiр жайын ойлап, әлденеге iштей ызалана бастады. Сосын әлденi туралы айтып отырған Мақпырдың тынымсыз аузына қарады. Бұл оның сөзiн бiрде естiсе, бiрде естiмей қала бередi. Ақыры Жұмағазы өзiнiң мас бола бастағанын, қанға шыққан спирт уытының миына барып, орталық нерв жүйесiнiң әлдеқандай белгiсiз бiр жерлерiнiң қызметiн әлсiретiп, өз басын мәңгiрте бастағанын сезiп, себепсiзден-себепсiз ыржиып, кенет бойындағы бар күшiн жинауға тырысты. Соны жинай келе, бiр сәттерi ол аздап айыға бастағандай болды. Сол арада басына: “Адам неге қымбат уақытын осындай болмайтын жерде босқа өткiзедi, а? Ертең ғой осы кез қайтып келмейдi. Оны ақшаға сатып ала алмайсың. Одан да өз шамаңды бiлiп, тiршiлiк еткен жөн емес пе? Адам да бiр, жәндiк те бiр. Жәндiк жартылғасын, тiрлiк етедi, өсiп-өнедi, сосын топыраққа айналып кетедi. Химияда мұны заттардың басқа түрге айналуы дейдi. Бұдан адам да қашып құтыла алмайды. Соны бiле тұрып, менiкi не осы, а?” — деген бiр ой түсiп, Жұмағазы бiр шешiмге кеп, Мақпырды бүйiрiнен түртiп:
— Кетсек кәйтедi? — дедi.
— Е, неге? — дедi Мақпыр бұған жансыздана бастаған көзiнiң қарашығы қызарып тұрып.
— Мыналар шатақ сияқты…
Жұмағазы соны айтып, аузын жұмғанша болмады, осы кезде қызу таласып жатқан әлгi екеудiң арығы:
— Я тебе покажу либеральничать, — дедi де, орнынан тәлтiректей тұра сап, семiз кiсiнiң бетiне шапалағымен шар еткiздi.
Семiз кiсi де тез түрегеле сап, жуан жұдырығымен арық орыстың шандыр бетiне былш-былш етiп ұра жөнелдi. Арық та жұдырығын сiлтеп жатыр. Сүйтiп, екеуi жұлыса келе, алдындағы үстелдi төңкерiп жiбергенде, оның үстiнде тұрған тәрелкелер, бокалдар, стакандар жерге сыңғыр етiп ұшып түсiп, қирап та үлгердi. Соны көрген даяшы бажылдап:
— А ну-ка, доғарыңдар, сволочи! — деп, жетiп кеп, добалдай қолымен арық кiсiнi пальтосының жағасының сыртынан ұстай сап, оның есiн жидырмай, дырылдатып сүйрей жөнелдi де, есiктен сырқа шығарып, қатты итерiп жiбердi: — Пошел ты вон, сука! — Ол сосын жеп семiз кiсiге жiберетiндей боп түнерiп, жақын келiп: — Сен де жоғал! Болмаса милиция шақырам! — дедi жуан екi қолымен екi бүйiрiн таянып тұрып.
Семiз кiсi ләм-мим демей сыртқа қарай ата жөнелдi.
Соны көрген Мақпырдың жыны тез басыла қалды. Сосын басына пальтосының далбайын асығыс кие сап, орнынан тұра берiп:
— Қой, таяйық! Ендi береке болмайды, — дедi де, сыртқа беттедi.
Екеуi көшеге шығып, бет қаритын аязда мұрындарынан булары бұрқырай демалып, аздап тұрып қалды. Бiраздан соң Мақпыр әжептарқы солғындау дауыспен:
— Ал, мен кеттiм! Жұмысқа соқпасам болмайды, — дедi.
Жұмағазы оның кәзiр үйiне барудан қаймығып, қызметтегi бөлмесiне барып, ондағы кушеткаға жатып демалатынын, содан есiн жиғасын барып, үйiне қайтатынын бiлiп, досын iшiнен бiр түрлi аяп кеттi. Оны өз үйiне шақыруға ақырып шыға келетiн әйелi Орыншадан қаймықты. Мақпыр да мұның жағдайын түсiнгендей, неге екенi белгiсiз, бетiне бiр мысқыл шауып, мұны оң қолының сұқ саусағын иiп, шақырды да, сырахананың сыртындағы бiр топ талдың түбiне қарай жүрдi. Жұмағазы оның соңынан ерiксiз ердi. Олар бiр түп талдың тасасында тұрып, арақтың қалғанын бөлiп iшкесiн, жөн-жөнiне кеттi.
Үйiне қайтып келе жатып, Жұмағазы iшiнен әлденеге: “Осы күштi жұрттың басқа елсiздерге қоқан-лоққы көрсетпесе бойын асы сiңбей ме? Олар күндердiң күнiнде теңдiк алады емес пе? Үйтiп жаман атқа қалғанша, онан да шаруаңды жасап, тиыш өмiр сүрген дұрыс емес пе? Оған шыққан ақшаны… Мына дүниеде қаншама адам әлге дейiн дұрыс өмiр сүре алмайды, дұрыс тамақтана бiлмейдi, керексiз зиянды әдеттермен айналысады, бiр бiрлерiнiң жүйкелерiн түкке де арзымайтын нәрселермен тоздырып, бiр бiрлерiн ауру қылады десеңшi? Оны айтпағанда, қаншама сәби дүниеге ауру-сырқау боп туылады? Олардың генiне… нәсiлiне түскен ақауды емдеуге болмай ма? Мiне, соларды зерттеп, емдеуге тырысудың орнына… қайдағы бiр жақтарға барып, қызылсөздi көпiртiп, жұртты өтiрiк айтып алдап, жас адамдардың өмiрiн қауiп-қатерге салып, қылмыс жасағанның несi ақылды? Бұл, бiлген кiсiге, қылмыс қой. Одан да әйел алып, бала-шаға сүйiп, тату-тәттi өмiр сүрген жөн емес пе?” — деп ойлай бердi. Сосын ол iшiнен өзiнiң бұл ойын жұртшылыққа, басқа кiсiге, тiпте дос-жаран түгел, қасыңда жатқан әйелiне де айтуына не оны күнделiк дәптерiне жазуына болмайтынын, тек қана iштей бiлiп, iштей тынуы керектiгiн анық сезiп, әлденеге жан-жағына жасқаншақтай, күдiктене қарап қойып, үйiнiң кiреберiсiне келдi де, кiлтiмен есiктiң құлпын сырт еткiзiп, есiктi аша берiп, iштен шығып жатқан әйелiнiң:
— Ана сүмелек аузы былшырап арақ iшiп отқан шығар? Оған саясат не керек? Алдымен қара бастарын жөндей алмай жүрiп, бұлар да бiр лақуаланып… бет алдына лаға бередi. Пiшту-ау, деген. Олардың сөздерiнiң кiмге керегi бар? — деген даусын естiп, қалт тұра қалды.
Жұмағазы iшке кiрерiн, не кiрмесiн бiлмей, есiк алдында бiраз тұрып қалды.
1979 жыл