Фарсы тiлi

— Бұ пәленi қайдан үйрене қалдым? — дедi орташа бойлы, орақ мұрынды, тездеу қимылдайтын Ибадулла бөлмеге кiрiп, кiшкене үстелдiң бiр бұрышында арқалығы көрiнiп тұрған орындыққа отырып жатып.

Оның мұнысына көмекшi медбике Колесникова Галина кезiлдiрiгiнiң томпақтау әйнегiнiң ар жағынан таңырқай қарады:

— Тағы да воемнкомат па?

— Иә, сол, — дедi Ибадулла енжарлау қалпынан арыла қоймай.

— Ау, оларға средний персонал да жетпей ме? Обязательно ученый керек пе? — дедi түрi аздап Азия халықтарына келетiн, қызметшiлер оның әкесi месхеттiк түрiк, шешесi орыс екен деп өсектеп жұретiн Галина екi иығын қиқаң еткiзiп.

— Ол өз алдына. Менiң анада… ерiгiп фарсы тiлiнiң курсына барғаным қиын боп тұр… Ендi соны жетiлдiретiн курсқа жiберiп аламыз, сосын Ауғанстандағы госпитальге баруыңыз керек деп ұсыныс айтып жұр.

— Олар да өзi… қызық. Кәзiр не көп, хирург деген көп емес пе? Соларды ала бермей ме?

— Шынында да-ау, — дедi сол арада басына мұндай ой келiп көрмеген Ибадулла iштей таңғалып. “Осы менi алып кетсiн деп жүрген бiреу-мiреу жоқ па?”

Сосын ол өзi кешелерi операция жасаған кiсiнiң ауруының тарихымен таныса бастады. Бiрақ көзi тышқанның iзiндей боп иректеле түскен жазуда болғанымен, ойы басқа жаққа ауа бердi. Аздан соң ол не оқып, не қойғанын да бiлмедi. Сосын талған көзiн демалдырайын деп, екi қолынынң саусақтарының iшкi жағымен екi көзiн жұмып, қабағының сыртынан жәйiмен басып, жәйләп қозғап қойды да, ерiксiз бала шағы жөнiнде ойлай бастады.

Ибадулланың жастайынан тiлдi үйренуге қабiлетi бар едi. Темiр жол бойында туылып-өскен ол разъезде Орынбор жақтан келiп, бiр-екi вагонды үй етiп жатып, темiр жолды жөндейтiн татар, ноғайлардың бригадасына жанасып, аз уақыт iшiнде татар мен орыс тiлiн тым жақсы үйренiп алған болатын. Соны көрген әкесi бiрде шәй үстiнде кеуiлденiп отырып: “Қой, министр сәбшения Каганович тұрғанда, темiр жолдың бәсi кемiмейдi, жыл сайын Москва мен Владивостокқа дейiн баратын пiрбезенкең бар, асылы осы жол бойынан дұрысы жоқ. Ана мәшенест болсаң, кiмнен кем боласың? Оған жету үшiн орысша бiлуiң керек. Сенiң оған ыңғайың бар екен, сенi ана қаладағы iнтернатқа бермесем болмас”, — деген де, шешесiнiң уайым жеп, саранғанына қарамастан, мұны Қазалыдағы №419-ыншы орыс мектебiне апарып берген едi. Бұл ондағы интернатқа разъезде жол шолушы боп iстейтiн, үнемi мұрнынан әндетiп жұретiн Мақайдың Шабыласымен бiр бөлмеде жатты. Шабыла қортық денелi, екi қолының бұлшық етi бiлем-бiлем, көбiне екi бiлегiн түрiнiп жiберiп, жуан қарын жалаңаштап, бұлшық еттерiн ойнатып, балаларға күш көрсетiп, нанын тарытп жейтiн содырлау бала едi. Бұған Шабыланың сонысы жақсы болды, — Ибадуллаға басқа балалар тимейдi. Кейде стансаның бұзық балалары топ болып кеп, интернатта жататындармен төбелеседi. Сондайда Шабыла олардың ортасында жұредi. Өзi қысқа сiлтеп, бiр ұрғанын құлатып түсiрiп, қандай топты да қақ жарып жұре бередi. Соған сенген бұл өзiмен тетелестерге мәтiби де боп алды. Сүйтiп оныншыға көшiп, келесi жылы мектептi бiтiргесiн, қай оқуға барам деп ойланып жүргенiнде, Хрущев өзгерiс жасап, үш-төрт облыстан бiр өлке құрып, жұртты әбiгерге салды да жiбердi. Сондай өзгерiс мектепке де келдi. Ендi бұлар он бiрiншi класты оқитын болды. Сүйтiп бұл бiр жыл бойы бұрынғы өткен сабақтарды қайталап, стансада сенделiп жүрiп алды. Шабыла болса қолын бiр сiлтеп, стансадағы ЖДУ деген, темiр жолшылар училищесiне кеттi де, бұл интернатта жаңғыз қалды. Бiрақта бұған Шабыланың келiп тұратынын көрген балалар онша тиiсе қоймады. Оған қарап жатқан Ибадулла да болмады, өзi жақсы көретiн химия мен биологияны қайталап оқи бердi. Сонысы келесi жылы мұның Ақтөбеге барып, медицина институтының емдеу факультетiне барып түсуiне көп көмегiн тигiздi. Соны бiтiрiп, хирург мамандығын алып шығып, Қазалыға кеп, бес-алты жыл бiр совхозда жұмыс iстедi. Сосын бiр танысының көмегiмен облыс орталығы Қызылордаға ауысты. Сүйтiп жүргенiнде облыстағы орталық ауруханада тексерiс басталып, Алматыдан бiр топ емшi кеп, бұларды қайтадан сынақтан өткiзгендей болды. Сондай бiр күнi киiк атам деп жүрiп, мотоциклден құлап, iш құрылысына зақым келген бiр жiгiтке бұл операция жасай қалды. Оған Алматыдан келген бiр үлкен хирург кеңесшi ретiнде қатынасты. Соны көрiп бұл барын салды, көмекшi медбикеге ыммен бұйрық берiп, скальпель мен кесiлген тұсты тiгетiн капрон жiптi қолына алып, бала кезiнде шешесiнiң киiм тiккенiнен көргенiне басып, операцияны ешқандай да қиындықсыз жасап шықты. Сонысы кейiнiнен өзiне жақсы болды, — бiр жылдан кейiн бұл Алматыдағы госпитальға ауысты. Содан берi осында тұрып жатыр. Ана бiр жылы пәтер жалдап жүргенiнде, бiр кiсiнiң көмегiмен, кооператив салатын үйдiң кезегiне жазылып, үш бөлмелi пәтер алған-ды. Бұл кезде Хрущев орнынан түсiп, Брежневтiң мамыражай, той-думаны көп заманы басталып та кеткен едi. Түрi қазақтан гөрi татарға көбiрек ұқсайтын, жиналыстарда сөйлей қалса, тiлi қазақшаға онша келе қоймай, тегiнiң басқа нәсiлден екенi бiлiнiп тұратын, ұзынтұра, сонысына қарамастан ептейлiлiгi бiрден-ақ көзге шалынатын, аздап тiлiн тiстеп сөйлейтiн республиканың сол кездегi басшысы медицина саласына онша назар аудармай, өндiрiс пен астық жағын қаузап кеткендiктен, бұлар далада қалғандай болатын. Сүйтiп жүргенiнде бiр күнi мединституттың жаныдағы ескi кiтаптар сататын дүкенге әшейiн кiре салып, арнаулы әдебиет бөлiмiн қарап жүр едi, көзi сырты көк бумвинилмен қапталған, қалың-қалың бес томға түсе кеттi. Соны алып қараса, Әбу Әли ибн Синаның Ташкенттен шыққан атақты “Емдеу ережелерi” деген кiтабы екен. Бұл өзi бұрындары оқып көрмеген, атын тек қана медицина тарихынан оқыған соны қызық көрiп сатып ала салды. Сосын үйге келгесiн, оны парақтап, бас-аяғын шолып шығып, әр жер-әр жерiнен оқып едi, әуелгiде жазылуы да, баяндауы да тосын көрiнген кiтап аздан соң мұны өзiне баурап ала бастады. Содан оны бiрер айда түгелдей оқып шықты да, оның арабшадан орысшаланғаны көрiп, таң қалды. Бұл осы кезге дейiн iлiм-бiлiмнiң бәрi Европа мен орыстарда ғана болған деп түсiнетiн. Ендi соларға Авиценна деген атпен таныс болған ұлы емшiнiң кiтабын оқи отырып, iшiнен: “Бiз неге осы араб, фарсы тiлдерiн бiлмеймiз?” — деген-дi. Ақыры сол қамшы боп, Алматыдағы жаңғыз университеттiң жанынан ашылған шығыс тiлдерi курсына барды. Онда араб тiлiне жазылған кiсi көп болғасын, факультеттiң хатшы қызы бұған фарсы тiлiн үйренiңiз дедi. Бұл көне салды. Сол тiлдi үйрене келе, бұл оның қазақ пен орыс тiлiнiң екi арасынан шыққандай қызық бiр тiл екенiн көрiп, жұмыстан бос кезiнде, кабинетiнде оңаша отырып: “Мән мишәвәм, то мишәви, у мишәвәд”, — дейтiндi шығарды. Соны көрiп, бұ кезде тамақты талғамай көп жегендiктен жуанытып, бөксесi анау-мынау креслоға сыя қоймайтындай боп кеткен әйелi Перуза жақтырмай: “Құдай-ай, сен де бiр осы…. Ерiккен сарт е…н уқалайды деген, басқа iстейтiн шаруаң құрып қалды ма? Онан да ана типың-типың еткен Серәлі құсап, кандидаттық қорғап алмайсың ба!” — дейтiн. Ол осы сөздi бiр емес, бiрнеше рет айтқаннан соң, Ибадулла бiр күнi жұмысқа барардың алдында, коридордағы төрт бұрышты, үлкен шар айнаның алдына кеп, өзiнiң қабағын жапқан қалың қасына, қоңқақ мұрнына, оның астында орналасқан, ұқыппен қиып, әдемiлеп қойған қара мұртына қарап тұрып: “Шынында да, қорғасам кәйтедi? Менiң онан нем кем!“ — деген бiр ой басына шауып, аз-кем кiдiрiстеп қалды. Шындығына келгенде, ауылдағы мектептi бiтiрiп, Алматыға кеп, аздап орысша үйренген Серәліге қарағанда, бұл орысшаға суша ағып тұр. Оның үстiне осы салада негiзiнен мәтiби боп тұрған еврейлердiң ғалымдарымен де, басшыларымен де бұл жақсы. Содан осы ой қамшы боп, бiрер жылдың көлемiнде Ибадулла асық жiлiктiң iшкi құрылысы және жiлiктiң майының адам организiмiне ететiн ықпалы жөнiнде кандидаттық диссертация қорғады да шықты. Қорғаған күнi Алматы ресторанын жалдап, екi жүздей кiсiнiң басын қосып, институт ректоры, тәпелтек бойлы, аяғын тыпылдатып басатын, екi шекесi шығыңқылау келген, иегi сүйiрлене бiткен, аздап сәнқойлығы бар Сармановты әйелiмен қоса шақырып, дуылдатып той жасады. Банкеттiң үстiнде бұл жөнiнде айтылмаған мақтау, қойылмаған қолпаш қалмады. Алғашында оған iшiнен мысқылдай қарап отырған бұл бiрте-бiрте өзiн емдеу iлiмiне соншалықты қомақты үлес қосып тастаған алым кiсiдей сезе бастады. Тiпте бiрде ибн Сина туралы да ойлап: “О кiсi де осы өзiмiздей-ақ болған шығар. Ана жазушылар көпiртiп жаза бередi”, — деп те қойды. Содан той бiтiп, оның қызуы басылысымен, бұл орыс мектебiнде оқып жүргенде үйренген пысықтығымен, ғылыми кеңестiң басшысы Вайсманға барып, докторлығының тақырыбын бекiтiп те алған болатын. Содан соң лабораторияда отырып, микроскопқа үңiлiп, адам клеткасында болып жатқан майда жәндiктердiң қозғалысына қарап, бiр түрлi қызықтағандай боп жүр едi, мұның шырқы ойламаған жерден бұзыла бастады. Осы кезде СССР мен АҚШ-тың арасындағы шатақ ширыға түсiп, сәбет әскерлерi Ауғанстанға басып кiрген де едi. Бұл ол туралы ойланып та жатпаған-ды. Бiр күнi бұған әскери комиссариатқа шақырған тiлдей қағаз келдi. Ибадулланың жасы бұл кездерi отыздан асып қалған болатын. Ойында дәнеме де жоқ бұл Алматы қаласының Алатау ауданының әскери комиссариатына барып едi, бiр арық денелi капитан бұған қарап: “Сiздi фарсы тiлiн бiледi дейдi ғой”, — дедi. Ибадулла қысылып: “Ендi… бiлу деген сәл артықтау болар. Мен оның грамматикасын… курста оқып… зерттегенмiн”, — деген ештеңе де ойлап жатпай. — “Онда… практика болса… олармен аралассаңыз, үйренiп кетесiз ғой?” — “Ояғын қайдам. Бiз деген медикпiз ғой. Менiкi жәй былай… ермек қып”. — “Онда бара берiңiз. Хабар өзiмiзден болады”, — деген де, капитан мұның ат-жөнi, мәлiметi жазылған қағазды бiр бөлек қоя салған-ды.

Сол ендi мұның басына бәле боп жабысты. Бұл кездерi әскери комиссариаттың жiгiттерi Алматыда тұратын жас жiгiттердi түнде барып, ұстап ап, ерiктерiне қарамай, самолетке зорлағандай боп мiнгiзiп, Ауғанстанға жiберiп жатыр екен деген хабар өршiп тұрған да едi. Ендi бiраздан соң сондағы соғыста шейiт болған әскерлер жайлы хабар да жетiп үлгердi. Олардың арасында мерт болған емшiлер де кездеседi. Сол жөнiнде газеттен оқып отырып, бұл бүгiн институтқа өткен жылы проректор боп тағайындалған Серәліге барғысы келдi. Оны танығанымен қоса, мұның әйелi Перуза оны жерлес, ағасы тұтынып жүретiн. Серәлімен бiрнеше рет дастархандас болғаны да бар едi. Осы ой қамшы боп, Ибадулла жұмыстан сұранып, институтқа келдi де, проректорға кiрдi. Тапалтақтау келген, мазасыздау Серәлі мұның бетiне күле қарап:

— Қалай, Совет Одағының Батыры болайын деп жатырсың ба? — дедi не қалжыңдағаны, не кекеткенi белгiсiз бiр дауыспен.

— Қайдағы?

— Е-е, бола бер. Немене болып алғандар сенен артық дейсiң бе? Ана соғыстағылардың бәрi фашистердi қырып тастаған деп ойлайсың ба? Олар да былай… өзiмiз құсап…. бармақ басты, көз қыстылап дегендей… сәтi келгесiн, — деп Серәлі креслосының биiк арқалығына шалқалап, екi қолын екi жағына керiп, аздап керiлiп алды. Ол керiлген сәтте екi иығы мен жауырының арасы сытырлап, бiрдеңе бырт-бырт үзiлгендей болды.

Ибадулла iшiнен: “Мына кiсiнiң де арқасына тұз жинала бастаған ба? Оны қалай құртпай жүр?” — деп ойлап қойып, оған аракiдiк көзiн қадап қойып, келген шаруасын айтты.

Мұның сөзiн естiген Серәлі қабағын шытып, байсалды тарта қап:

— Оны… қалай етсек ене, а? Ана жоғарғы жақта бiр таныс бар едi… Ол кәзiр өзi… Адам өспесiн, өссе, оның көзiнiң етi өсiп шыға келедi. Сосын кешегi таныстарына пiшту деп те қарамайды. Дегенмен де… айтып көрейiн, — дедi. — Сен телефонмен хабарлас. Бiр сыласы бола жатар…

Бiрақта оның бiр сыласы жуық арада бола қоймады. Жұмыстан соң Ибадулла осы кезде онға келiп қалған ұлы Нұрланның сабағын қарап, химиядан көмектесiп жатыр едi, Перуза бұлар отырған кабинеттiң есiгiн жұлқа ашып:

— Бар! Ана Бекең шағқырып жатыр, — дедi.

Серәлі бұ жолы да баяғы майысқақтығына басып, өзiнiң сөйлесiп жатқанын, түбi жаман болмайтынын, о жағиынан қам жеме деген сөзi мен алдағы сенбiде үйiне министрдiң келетiнiн, соған Перузаны жеңгесiне көмектесуге жiбере қойшы деген тiлгiн қоса қабат бiлдiрдi. Бұл амалсыз көндi. Соны естiп тұрған Перуза айна алдына барып, бигудилерiн қалай болса солай жабыстыра салған шашына қарап, оны халатының жеңiнен бiлегi көрiнiп тұрған толық, етжеңдi қолымен сәл жөндегендей болды. Сосын бұған сәл күлiмсiрей қарап:

— Немене Совет Одағының Батыры болмаймын дейсiң бе? — деп қойды.

— Ба-а-а-тыры?

— Иә, батыры. Немене болып жатқандар сенен артық па? Ана космосқа бiр ұшып барып, батыр атанып жатқандар соншалықты мықты ма? Көп болса олардың денсаушылығы артық шығар. Болмаса басқа несi артық дейсiң? — дедi ол тағы да айнаға қарап, бгосап кеткен бiр бигудидi саусағымен қайтадан шиыршықтап орап тұрып. — Олардың өзi… окладтары сұмдық дейдi ғой. Оған қоса батыр атағына алатындарын сұмдық дейдi…

— Сен сонда маған Ауғанға барып соғыс, батыр атан деп тұрсың ба? — дедi Ибадулла тiксiнiп.

— Қойшы? Үйдеп тұрған кiм бар? Мен жәй… былай…

— Не былай? — Ибадулла сол арада жаңағы сөздi бұған өткенде барғанына Серәлінiң айтқанын есiне алды: “Екеуiнiң сөзi неге ұқсас, а?”

— Өй, қойшы сен де бiр, — дедi Перуза қабағын түйiп, шырт ете қап. — Жәй ойнап айтқанға… соншама, — ол терiс бұрылып, жататын бөлмеге кiрiп кеттi. Перуза есiктi жауып жатқанда, оның қатты орындықта отыра-отыра жалпайып кеткен толық бөксесi бұған бiр түрлi боп көрiндi. Сосын мұның көз алдына ЖенПИ-дiң кiтапханашы дайындайтын факультетiн бiтiрiп келген, ашаң денелi, қағылездеу сары қыз Перуза келе қалды. Ол кездерi Ақтөбедегi институттың ақырғы курсында оқып жұретiн бұл жазғы демалысында Қазалыға келгенiнде, өзiнен бiрер жас үлкендiгi бар, аудандағы ауруханада психиатр боп iстеп жүрген Сейтәлиев Серiктiң үйiнде қонақта болғанда танысқан едi. Оның әйелi Перузаның апасы екен. Сол таныстықтың аяғы мұның үйленуiмен тынды. Ендi сүйткен қосағы… мұның Совет Одағының Батыры атанғанын көксейдi!

Ибадулла не дерiн бiлмей, баласының сабағына көмектесiп болғасын, медицина энциклопедиясын қарамақ боп, кабинетiне кiрдi. Үлкен томды алдына алып, ортасынан ашып отырып ол, әлденеге Сейтәлиев Серiктi есiне ала бердi. Сосын жәй ерiгiп, телефонның трубкасын көтерiп, қалааралық стансаға Қызылорданы қосыңыз деп өтiнiп, Серiктiң телефонының нөмiрiн бердi. Жарты сағаттан кейiн бұл Серiкпен сөйлесiп отырды:

— Сонымен… солай дейсiң бе? — дедi Сейтәлиев дыбырлай сөйлеп.

— Солай боп тұр. Шамасы алып кетедi-ау, — дедi бұл дағдарып.

— Сен осы… институтта әскери кафедра болған жоқ па… лейтенантсың ғой…. Ендеше алып кетедi. Военкомат ешкiмге де қарамайды, олар тура Москваға бағынады…

— Ол рас.

— Ендi не iстедiк?

— Бiлмей тұрмын.

— Айтпақшы, сен бар ғой… ана психоневрологический диспансер бар ғой… ана Каблукованың бойында… соның бас дәрiгерi — менiң курстасым… болмай бара атса, соған бар. Не дейсiң? Ояғы… телефонның әңгiмесi емес. Сен әуелi соған барып таныс, мен де звандап қоярмын…

Ибадулла дың-дың еткен дыбысы айқын шығып жатқан қара трубканың тiлiк-тiлiк тесiгiне бiр түрлi боп қарады. Сосын iшiнен: “Бұл өзi қалай болар екен? Ертең… соңыра…” — деп, бiраз отырды. Сосын: “Осы адамдар неге соғыспай, жайына, жұмысыны жасап жұре алмайды? Соғыспай өмiр сүру мүмкiн бе өзi? Саясатшылар бiр бiрiмен келiспей қалса, солар үшiн неге қара халық соғысуға, бiрiн бiрi мерт қылуға, кемтар, бақытсыз етуге тиiстi, а? Көсемдер соларды бiрiн батыр, бiрiн қаһарман деп, атақ берiп, алдап жатады. Надан ел соған мәз болады. Он екi мүшеңнiң iрi кемiс боп, немесе шайқаста боп, орталық нерв жүйең бұзылып, ауру-сырқат боп өмiр сүргеннiң несi қызық? Оның арты бәрi бiр жақсы болмайды емес пе? Ертең соғысқа бара қалсам, жарайды, госпитальда бола қояйын, аяқ астында қаңғыған бiр оқ тиiп болмаса снаряд кеп жарылып, мерт боп кетсем, немесе кемтар боп қалсам, кiмнiң бiрдемесi кетедi? Ештемесi де кетпейдi ғой. Қор болсам, өзiм қор болам. Сонда бұ қалай, а? Медицинаның соғыс ашып, сорақы қылық, тiпте адамзатқа қылмыс жасайтындарға қызмет еткенi қалай болады? Ибн Сина да, Гален мен Гиппократ та сүйткен бе? Әлде бәрi басқаша ма?” — деп, ойланып қалды.

Ертеңiне ол Каблуков көшесiнде орналасқан диспансерге барып, оның бас дәрiгерi толықша денелi, бетiнде шешек дағы бар, өзi бозбоқырлау келген Әлихановпен танысып қайтты. Шамасы, Сейтәлиев телефон соғып қойса керек, ол мұнымен жылы сөйлесiп, хал-жағдайын сұрап, диссертациясының тақырыбын бiлгесiн, өз пiкiрiн айтып, бiраз әңгiмелестi. Сосын Ауған тақырыбына келгенде, қабағын сәл шытып:

— Өзi… былай… партия айтқасын, орындау керек. Бәрiмiз де коммунистпiз, — деп қойды. Сосын барып, аузын аша есiнеп алып: — Кәзiр бiзге келушiлер көбейiп кеттi. Ана комиссияда барлар да…. былай… өтiнiш етiп… Жарайды, аңсыны аңдайық. Болмай бара жатса, бiр иласын табармыз, — дедi ол сөз бiткенiн аңғартып, екi қолын үстелге тiреп, орнынан тұра берiп.

Арада бiрнеше күн өттi. Серәлі мұны қонақтығына шақырмады. Тек Перуза барып, оның әйелiне қолғабыс етiп қайтты. Содан бiрнеше күннен кейiн бұл Серәліге әлде бiр шаруамен барып едi, мұны көре сала, өзiнiң бiр түрлi қымсынғанын жасырғысы кеп, жорта қарқ-қарқ күлген Серәлі екi қолын екi жағына керiп, креслоның жалпақ арқалығына шалқалай берiп:

— Ә-ә, кел, кел, — дедi.

Оның бұ жолы, өткен жолғыдай боп, жауырыны, арқасы бырт-бырт үзiлгендей боп қытырламады. Серәлі мұның соны сезгенiн аңдаса керек, креслода шайқалақтай отырып:

— Кiсi өзi… үлкейгесiн… былай, қимылдамаса болмайды екен, мына буын-буындға тұз жиналып қалады екен. Өткен жолы дачаға барып, былай қимылдап едiм, жап-жақсы боп қалдым. Өзi ендi… сүйтiп тұрмаса болмайды-ау, — дедi де, мұны Ауғанға алып кететiн жайына жоламай қойды. Сосын сөзiнiң соңын ұзын арқау, кең тұсауға салып: — Ана комиссариаттағы ағайды таба алмай жұрмiн. Өткенде званадп ем, жеңгемiз Генштабқа, ана Москваға кеттi дедi. Содан әлi келген, келмегенiн бiлмедiм. Бүгiн обязательно звандаймын, одан қам жеме, — деп, мұны өтiрiк қарқ-қарқ күлiп, арқасынан қағып, есiктiң алдына дейiн шығарып салды.

Ибадулла үйге келгесiн, әйелiнiң айнаның алдында тұрып, шашына бигудилердi қайтадан салып жатқанын көрiп:

— Сен де бiр шашыңды бұрай беруден жалықпайды екенсiң, — деп, күңк ете қалды.

Перуза мұның бетiне ажырая қарады:

— Онда сенiң не шаруаң бар? Шаш өзiмдiкi, бас өзiмдiкi.

— Құдай бермеген бұйраны қолдан жасағанмен болмайды ғой. Үйте берсең, май бездерiне зақым келтiресiң.

— Өй, со да сөз боп па? Май безi iстен шықса, қолдан глицерин-ақ жағып жұре берем. Ол деген өзi… ана майыңнан он есе жақсы. Одан да ана Совет Одағының Батыры атағын қашан аласың?

— Оны саған-ақ бердiм.

Екi аптадан кейiн мұның Ауғанстанға кететiнi анық болды. Соны естiген баласы қуанып:

— Папа, маған о жақтан автомат әкел, — дедi.

— Автоматы нес, папаңа Батыр атанып кел де. Сонда мына пәтердi кеңiтiп, орталықтан үй алар едiк, — дедi Перуза күлiп.

“Атаңның басын!” — дедi Ибадулла iшiнен.

Ол сол түнi ұйықтай алмай шықты. Ертеңiне жұмысқа бармай, Сейтәлиевке қайтадан телефон соқты да, Каблуков көшесiндегi диспансерге барып, өзiне “нерв жүйесi қажыған, шаршаған, переутомление, срыв” деген диагноз қойдырып, ауруханаға жатып алды. Бiр аптадан кейiн болған медкомиссияда отырғандар ғылым кандидаты бұған мысқылдай қарап қойып, iштерiнен сенбегендей боп отырып, барлығы келген тұжырымға қолдарын қоя-қоя салысты. Содан бұны палатаға апарып, кiлең алкаштардың арасына орналастырды. Ибадулланың мұндай диспансерде бiрiншi рет болуы едi. Оның есiктерiн емшiлер кiлттерiмен сыртынан жауып кетедi, кiрерде, өздерi ашып кiредi. Әр палатаның коридорында отырған медбикелер бұлармен сөйлеспейдi; олар тiлдесе қалса да, аурулармен бiр жерi кем адамдай көрiп, менсiнбей, iштерiнен күле отырып сөйлеседi. Сосын үш мезгiл тамақ iшердiң алдында дөрекiленiп кеткен медбикелер бұлардың ауыздарына транквилизаторларды зорлап тығып, қашан жұтып жібергенiнше, кетпей аңдып тұрады. Алғашқыда Ибадулла олардың мұнысына таңғалды. Сосын өзi бас дәрiгермен келiсiмi бойынша, транквилизаторларды iшпеймiн деп ойлап едi, бiрақ бәрi де олай болмай шықты, — дөрекi, арыс-гүрсi жүретiн, еркек пiшiндес медбикелерi мұның аузына да таблеткаларды зорлап тығатын болып алды. Сосын бұл өңешiмен асқазанына қарай жәйiмен сырғып бара жатқан, сырты жылтыр, жұмыр көгiс таблеткалардың асқазанына түскен бойда, оның түгiнен бөлiнетiн сөлмен араласып, реакцияға кiрiп, мыйға әсер ететiн химия заттарын бөлiп шығарып жатқанын, оның қанға теуiп, содан лимфа арқылы тканьдарына, мидың бөлшектерiне барып, бiр түрлi әсер етiп жатқандарын жан-тәнiмен сезгендей болды. Содан басы мең-зең боп, бойы ауырлап, құлағы зыңылдап, палатға келедi де, керуетке жатып алады. Бұл орнынан тұрып қозғалмаған сайын, медбикелер палатаның есiгiн ашып, бұған қарап өтедi. Бұл олардың мұныл сынауға келгенiн, қалай жатқанын көрiп, журналға не деп жазатынын бiледi. Сосын, амал жоқ, басын көтерiп, ауырлап кеткен бойын қолдан жеңiлдетiп, коридорда әрлi-берлi жүрген болады. Кейде бұларды қойша қоралап, сыртқа шығарғанда, таза ауа жұтып, аспанға, бұлттарға, сәулесiн төгiп тұрған күнге қарап, өзiнiң осы кезге дейiн мына табиғаттың кәдiрiн жете бiлмегендiгiне, емделушiлерге сол жайында талай рет кеңес айтқанына, сол ақылын өзiнiң осы кезге дейiн дұрыстап тыңдамай келгенiне таңғалады. Содан соң өзiне медбикелердiң қарап тұрғанын сезiп, жәй адамның қалпына көшiп, темекi шегiп, оңаша отырады. Сондайда бала шағын, студент кезiн, Перузамен қалай танысқанын, үйленген уақытын, госпитальда қызмет еткен жылдарын есiне алады. Бұл диспансерге түскеннен кейiн Перуза бұған бiрнеше рет келiп кеткен. Кәзiр ол сирек келетiн болып алды. Ол өткен жолы мұның өтiнiшiмен кабинетiндегi полкада тұрған Чеховтың үш томдығын әкеп берген едi. Мұның ендiгi ермегi сол. Ибадулла оның “Алтыншы палата” деген хикаясын оқып шығып, бiр түрлi болды. Ол емшiнiң философиясына таңғалып бiраз отырды да, ақыры осы соғыс, қырғын, шатақ атаулының бәрiнiң қоғамды өзгертемiз, жақсартамыз, адамды тәрбиелеймiз деп қиялға берiлiп, нақтылы рас өмiрден алшақ, оның заңдарымен үйлеспейтiн, қайдағы жоқты соға беретiн философтарды жек көрiп кеттi. Олардың онысынан жақсарған қауым да, адам да жоқ, — баяғы бiр тiршiлiк! Бұл өмiр осыдан мың жыл бұрын қалай болса, кәзiрде де солай. Тек оның түрi ғана өзгерген, ал мазмұны бiрдей. Сосын мына қара құмырсқа сияқты аузына тiстеген бiр тал қауызын ұясына тасып жеткiзгенiне мәз болатын, биологияның заңдарынан шыға алмайтын кәдiмгi қарапайым тiршiлiктiң қандай мән-мағынасының болуы мүмкiн? Адам баласы өмiрге келедi, тәнiне керек белок, май, көмiрсуды, майда темiрлер, витаминдердi тамақтан алып, оны қорытып, кәдiмгi жан-жануар сияқты қарапайым тiршiлiк етедi, организмi тозған күнi, ана бөлшектерi тозған машина сияқты, адам да бұ дүниеден өтедi. Осы заңды бұзған ешкiм де жоқ, оны бұзу ешкiмнiң де қолынан келмейдi. Бiз соны ойламай, сөздi неше саққа жүгiртiп, жас ұрпақтың миын қатырып, том-том кiтаптар жазамыз. Кәзiр сондай мылжың, iшi кеуек кiтаптардың санынан адам жетiп болмайды. Соның бәрiн оқып тауысамын дегенше, бәндәның өмiрi де өтiп кетедi. Оған қоса, мемлекеттiң басына келiп, алтын таққа мiнiп алған алаяқтар, өзiнiң кешегi өзiмiз сияқты қарапайым бәндә екендiгiн ұмытып, аузы көпiрiе сөз сөйлеп, пайғамбар бола қалғандай бүткiл қауымды жөндемек боп, өзiнiң ұстанған жолын ғана дұрыс деп, басқаларды бұрыс деп, соғыс ашып жатады. Сондайлардың былшылы үшiн қара халық қан майданда құрбан болады, олардың нерв жүйелерi бұзылады, одан кемтар ұрпақ туылады, ол сырқат кейiнiнен тұқым қуалайды, кем туылған олар және соғысады… Бұл нәрсе, ана химиядағы тiзбектi реакция сықылды, бiтпестен созыла бередi. Ибадулла болса сондай тiзбектi реакциядан қашып, мына қалыпқа түсiп отыр. Ендi әңгiме-қауға басылғасын, диспансерден шықпаса болмайды…

Осы ойға табан тiреген ол ертеңiне медбикеге:

— Главврачқа жолығуға бола ма? — деп сұрап едi, ол бұның түрiне күдiкпен қарап тұрып:

— Оның қолы тимейдi, — деп арс ете қалды. — Ол әр пациентпен сөйлесе берсе, сонда не болады?

Содан кейiн қанша өтiнсе де, Ибадулла бас дәрiгер Әлихановпен сөйлесе алмай қойды. Тiпте оның қарасын да көрген жоқ. Сосын, лажы қалмаған ол, бiрде келгенiнде Перузаға:

— Ана Сейтәлиевпке телефон соқ, главврачпен сөйлессiн, мен амбулаторияға шығарсын де, — деп өтiндi.

Ол үндемедi.

Содан берi бiр айға жуық уақыт өттi. Бiрде келгенiнде Перузадан Сейтәлиев жөнiнде сұрап едi, ол қабағын шытып:

— Өй, соны қойшы. Оның сөзi әр түрлi, — дедi.

— Әр түрлiсi қалай?

— Ол сенiң сырқатыңды тұқым қулаған, оның арғы аталарында бар нәсте дейдi.

— Қойшы? Шын ба? — дедi бұл шошынып.

— Шын емей, менi, немене өтiрiк айтып тұр дейсiң бе? — дедi Перузамұның сұрағын жақтырмай. — Ол өзi… рас болса, рас та шығар. Жалпы сенiң мiнезiң бiр түрлi… өзi қызық қой.

— Не бiр түрлi?

— Оны өзiң бiлмейсiң. Ана жұртқа қараш, бәрi майлы қасықтай жылмаңдап жұр. Ал сен болсаң, кiтапқа үңiлгенiңе мәзсiң. Баяғыда Қазалыда кездескенде-ақ, саған… былай… қарап едiм. Соның ақыры… мынау…

— Әй, сен осы не деп тұрсың? Сен, сен… медицинадан не бiлесiң? Менiң ешқандай да тұқым қуалайтын дәнемем жоқ. Мен тек… мына… пәледен құтылайын деп… амал болмағасын…

— Сонда осы ма бар бiлгенiң? Ана жұрт барып келiп жатыр ғой. Өлген ешқайсысы да жоқ. Қайта ветеран деген ат алып кеп жатыр. Ал сен болсаң… қорқып, үркiп… Ана Серәлі ағайдай бастық болсаң ғой…

Ибадулла Перузаға не дерiн бiлмедi.

Сол күннен бастап әйелi бұған тамақ әкелуiн сиреттi. Кешелерi госпитальда бiрге iстеген қызметтестерi бұған бiр-бiр рет келдi де, мұның жүзiне тура қарамай, әр нәрсенi сылтау етiп, кеткендерiнше асығып бақты. Содан кейiн олар да iздерiн суытып кеттi. Сүйтiп жүргенiнде алты ай уақыт өттi. Күнде-күнде транквилизаторды iшемiн деп, бұл оған үйренiп те алғандай болды. Ақыры Ибадулла қулық тауып, медбикелер аузына зорлап тыққан таблеткаларды жұтқандай түр көрсетiп, өтiрiк күшенiп, екi бетi қызарып, отырып алатынды шығарды. Әуелгiде мұның сонысына сенбей қараған медбикелер қасында айналшықтап тұрды да, ақыры олар да сенiп, кетiп қалатын болды. Сол кезде бұл оларға көрсетпей, өңешiне жеткiзбей, тiлiнiң астына кәдiмгi насыбай құсап басып алған таблеткаларды дереу алақанына сап, жан қалтасына тыға қояды. Сосын тамақ iшiп болғасын, оларды туалетке апарып, сумен құбырға ағызып жiбередi. Мұның осы қулығы өзiне пайдалы болды, — аздан соң әсер ететiн зиянды заттардан арылған миы бұрынғы қалпына келе бастады. Ақыры бiр күнi… Ибадулла өзiнiң мүлдем сауығып кеткенiн аңғармай да қалды. Бiрақ Ауғанстан есiне түсiп, онысын медбикелерге бiлдiрмей, оңашалана бердi. Ақыры жетiншi ай дегенде, психиаторлар кеңесiп, мұны үйде емделсiн деп қорытынды шығарды. Ибадулла үйiне кеп, бiр күн демалды да, ертеңiне қызметiне барса, мұның орнына басқа адамды алып қойыпты. Сосын бас дәрiгерге барып едi, ол мұның жүзiне күдiктене қарап отырып:

— Әрине, коллега бәрiн де түсiнемiн… Ендi мынадай жағдайдан кейiн… саған операция жаса дей қою қиын. Ана скальпель деген де қанжардай ғой, ал қанжармен кiсi өлтiредi… Оның жауапкершiлгi бар… Одан да бар ғой, бiзде администратор деген бiр орын босап тұр, соған қалайсың? — дедi мүсiркеген түрмен.

Ибадулла әрi ойлап, берi ойлап, сонымен амалсыз келiстi. Сосын үйге келгесiн, Сейтәлиевке телефон соғып едi, трубканы әйелi алып, оның командировкада жүргенiн айтты. Оған екiншi, үшiншi… рет телефон соғып едi, әйелi баяғы “командировкасын” қайталай бердi. Соған жыны келген бұл бiр ретте: “Ол әлде ана жаққа… мәңгiлiк командировкаға кеткен шығар? Соған тiлектеспiн”, — дедi, трубканы қоя сап, iшiнен: “Бұл өзi… сөйлеспеймiн дегенi ғой”, — дедi. Сосын кабинетiне кеп, орнынан отырып, кiтаптар тұрған полкаға қарап едi, көзi қыдырып барып, фарсы тiлiнiң оқулығы мен қалың екi том сөздiгiне түстi. Сосын әлденеге жыны кеп, кiтаптарды алды да, суырмадан скальпельдi алып, әлгiлердi майдалап ұзақ, айызы қана қиқалады. Содан соң әйелi ұйықтап қалғанда, қиқымдарды жинап алып, сыртқа шығып, оларды қоқыс салатын жәшiктерге апарып тастады да, Алматының шарбы бұлт торлаған қара күңгiрт аспанына, Темiрқазыққа, Жетi қарақшының шөмiшiне қарап қойып, таза ауа жұтып, бiраз сейiлдедi. Бiраздан соң басы басқан тұманнан айығып, денесi ширақ тартқандай боп көрiндi. Сосын бiр жерде қалт тұра қап, соңғы кездерi Перузаның жанына жоламай, бөлек бөлмеге көрпе-төсегiн алып кеткенi, Серәлінiң үйiне қолғабыс етем деп жиi-жиi барғыштайтынды шығарғаны, бұған пiсiрген тамаған бiрде берiп, бiрде бермейтiнi, мұнымен жөндеп сөйлеспейтiнi, балаларын бұған жолатпайтыны жайында ойлады. “Оның мұнысы несi?” — дей берiп, Ибадулланың басына аулындағы бiр Көжек дейтiн шалдың бала кезiнде: “Қарақтарым, қатын да бiр — қаншық та бiр. Қаншық күштi арланмен ғана жанасады. Әгәр арлан әлсiз тартса, қаншық оған қарамай қояды. Құдай басқа қатынды шығармасын. Ол бiр шығып алса, күнiң қараң”, — дейтiнi есiне түстi. Ол кездерi Ибадулла шалдың бұ сөзiн ескiлiктiң қалдығы деп түсiнетiн. Ендi соның өзi басына тура айнымай келгенiн сезiп, дiр ете түстi. “Апырамй, мұндай да болады екен-ау, а? Сонда оқу, бiлiмнiң… адамды өзгертпейтiн болғаны ма? Әлде жаратылыстың заңы күштi ме? Шамасы, ол өзгермейтiн болды ғой”, — деп, iшiнен күбiрлеп, Ибадулла пәтерiне қайта кiрдi де, төсегiне жатып қалды.

Ол бiр аптадан кейiн таңертең, бет-аузын бес елi етiп бояған Перуза кiтапханадағы жұмысына кеткесiн, таза киiнiп, үстi-басын қағынып, сыртта сылбырап жауып тұрған жаңбырды көрiп, қолшатырын алды да, сыртқа шықты. Аяғын ылайлы су көл боп ағып жатқан асфальтке аңдап басып, автобусқа мiнiп, мединститтуың жанына кеп түсiп қалды. Сосын басына бiр ой түсiп, ретi болып жатса, мединститутқа мұғалiм боп ауыссам ба деп өтiнiш айтып көрейiн деп, проректор Серәліге келдi. Қабылдайтын бөлмеге мұның бас сұға бергенi сол едi, безiлдеген қара келiншек мұны көре сап, бiр түрлi боп состиып:

— Серәлі Жарасович бос емес, ешкiмдi қабылдамаймын деген, — дедi.

— Мен бiр танысы едiм…

— Ол түске дейiн ешкiмдi де қабылдамаймын деген…

— Iшке кiрiп, менiң аты-жөнiмдi айтып шықсаңыз кәйтедi?

— Үйтуiме болмайды. Оған бiрадам… вернее, әйел кiрiп кеткен. Олардың жеке шаруасы бар-ау деймiн, сол әйел келсе болды, Серәлі Жарасович ешкiмдi де қабылдамайды… Одан кейiн кiрем десеңiз… көп уақыт өтедi… шыдасаңыз. Күтiп көрiңiз…

Ибадулла келiншектiң ызыңдаған даусын тыңдамай, iшiнен: “Бiр танысы шығар. Сонда о кiм болды екен?” — деп қойды да, орындыққа кеп отырды. Арда бiр сағататй уақыт өттi. Iштен шыққан кiсi болмады. Хатшы келiншек шарылдаған телефондардың трубкасын ала сап: “Его нет. Попозже”, — дейдi де, қара трубканы рычагқа қоя салады. Бұл соған қарап отырғанында, тағы да бiр сағаттың өтiп кеткенiн байқамай да қалды. Бiрақ iштен әлгi әйел шықпай қойды. Сосын бұл орнынан тұрып, сыртқа шығып, қара көлеңке, төбесi биiк коридорда бiраз жүрдi. Қарсы ұшырасқан бiр-екi танысы бұған жақындай бере, құдды бiрдеменi бойларына жұқтырып алатындай, мұның қолын қалай болса солай ала сап, әр нәрсенi сылтауратып, сырғып кете бередi. Сосын бұл ыңғайсызданып, кабинетке қайтадан беттей берiп едi, үлкен емен есiк iш жақтан ашылып, плащының етегi мен көйлегiнi өңiрiн жөндеп, ерiнiндегi помадасын орамалмен сүртiп, сыртқа қарай асығыс шығып келе жатқан Перузамен соқтығысып қала жаздады. Ол мұны көрiп, қалт тоқтай қалды.

— Сен мұнда нағып жұрсiң? — дедi Ибадулла тiкiрейiп.

— Сенiң онда қандай шаруаң бар? Мен консультация алып, — дедi Перуза ентiгiп тұрғанын бiлдiргiсi келмей, бұдан керi шегiне берiп

— О нағылған консультация?

— Өй, қойшы, жайыңа жүршi! — дедi де, ендi Перуза тiлге келмей, мұны иығымен қаға-маға, сыртқа қарай ата жөнелдi.

Ибадулла аяғын тық-тық басып, далақтап кете берген қара плащынынң етегiн қолымен жинақтап ұстауға тырысып, асығып бара жатқан әйелiнiң соңынан жек көре қарады. Сосын жалт бұрылып, iшке кiрiп, өзiне қарсы ұмтыла берген келiншектi иығымен қағып жiбердi де, кабинетке баса-көктеп кiрiп келсе, — iште ешкiм де жоқ! Сол арада бұның дыбысын естiсе керек, кабинетiнiң әр жағындағы кiшкене, жасырын бөлмесiнен үстiне ақ халатын киiп, екi қолымен шалбарының алдыңғы түймелерiн салып, екi бетi қып-қызыл, аздап ентiгiп тұрғаны байқалатын, берi қарай еңкеңдеп шығып келе жатқан Серәлінi көрдi. Ол мұны көрдi де, қалт тоқтай қап, жасырын бөлмесiне қайта кiруге ұмтылды. Көзi қарауытып кеткен Ибадулла оған тұра ұмтылды. Бұл жетем дегенше, Серәлінiң тыпыңдап барып, жасырын бөлмесiне кiрiп кетiп, iштен оның iлмешегiн iлiп ала қойғаны естiлдi. Бұл есiктi бiрнеше рет тарытп едi, ашыла қоймады. Сол кезде келiншек жетiп кеп, мұны қолтығынан алып:

— Ағай, ағай… со кiсi… сiзсiз бе? Анау әйел… ол өзi… Түсiнiктi емес пе? Ағай, қойыңыз, соңы бәле болады, — дедi бұған жалынғандай түрмен қарап тұрып.

Ибадулланың есi сонда ғана кiрдi. Ендi кiдiрсе, Серәлінiң милиция шақыртатынын, өзiнiң диспансерге қайтадан барып жататынын, зорлап емдейтiнiн ойлап, жалт бұрылды. Сыртқа шығысымен, ол әзiрге әйелi бiлмей тұрғанында бар шаруасын тындырып алайын деп, автобусқа мiнiп, үйiне келдi де, есiктi ашып, өзiне таңырқай қараған баласына ләм-мим демей, кабинетiне кiрдi. Сосын үлкен, дермантиннен тiгiлген шамаданын ашып, оның iшiне жеңiл пальтосын, көйлек-көншегiн, бiр-екi шалбарын, шұлықтарын, жүн свитерiн пәттелеп, сыйыстырып салды да, аузын жапты. Содан соң үстелiнiң тартпасын ашып, паспорты мен институтты бiтiргенi жайлы дипломын, басқа да керектi құжаттарын тауып ап, оларды пиджагының iшкi қалтасына тықты. Содан кейiн үстелiнiң үстiнде жатқан анықтама кiтапқа қарап, аз отырды. Ақыры бiр ойға бекiп, аяғын нық басып, пәтерiнен сыртқа шықты. Бұл кезде аспанды торлаған қап-қара бұлт тұтаса түсiп, күзгi жаңбыр сабалап тұр екен. Ибадулла бетiне тынымсыз тиiп жатқан салқын тамшыларды бiр түрлi ем сияқты сезiп, қолшатырын жаймастан, аяғын ақырын басып, автобус тоқтайтын жерге келдi де, “Алматы” санаторийiнде медбике боп жұмыс iстейтiн бiр жерлес, таныс апасының үйiне барды. Сол үйде бiр апта боп, қызметтен өз ықтиярымен арыз жазып шығып, есептескесiн, заттарын көтерiп, Алматының екiнiш вокзалына кеп, Қызылордаға бармақ боп, жолаушылар пойызына бiр проводникпен келiсiп мiнiп алды. Пойыз бiрiншi Алматыдан ұзап шыққасын, плацкарт вагонның бiр бүйiрдегi орнына жайғасқан бұл сыртқа енжар көз сап отырып, осы кезде жүрiсi жылдамдап, тынымсыз тақ-тақ, тақ-тақ, тақ-тақ, тақ-тақ деп келе жатқан дөңгелектердiң бiр қалыпты ырғағын тыңдап, соған қосылып, iшiнен: “Мә, саған, мә, фарсы тiлi! Мә, саған, мә, фарсы тiлi!” — деп қайталай айтып отырғанын байқаған да жоқ…

 

1980 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *