Танау

Маржанкүлдiң дариядан өте салысымен, өзiне бөлiнген тиесiлi жерге келіп, шеке тамыры тырыса қалғанын көрiп, Құлбосынның зәресi зәр төбсiне кеттi. Өзi ендi байқап қараса, шынында да, бұл араның қамысы сирек екен; әр жер-әр жерде шоқ-шоқ боп өскен балапан құрақтар таңғы самалдан ақырын судыр-судыр етедi. Оның берi жағы, әр жағы тiзеге жетпейтiн майда шалғын. Мұндайда Маржанкүлдiң айтар сөзi белгiлi: “Өй, алакөз! Менi жетiм-жесiр, дауласатын iжкiмi жоқ қой деп, басынып, қайдағы бiр жын ұрған жердi бергенсiң ғой. Мен саған кәзiр басынғанды көрсетейiн”, — үлкен отыр, кiшi отыр демей, аузына келгенiн құса салады. Сол жорамалы расқа шықты. Осы ауылда аузының әйдiктiгiнен жұрт алты қырдан сескенiп тұра қашатын Маржанкүл жын қуғандай дедектеп отырып, өзiне бөлiнген жерге кеп, шалғысын қолына ендi ала берген бұған түтiп жердей боп жетiп келдi. Келе дүрсе қоя бердi:
— Әй, алакөз! Сен немене менi басқа жұрттан кем дейсiң бе қайдағы құдай атқан жердi берiп? Әлде менiң малым қыста жұтқа ұшырасын дедiң бе? Әй, сенiң бүйтiп кiмдi басынғаның, а?
— Ойбай, Мәке, не боп қалды? — дедi ағеден Құлбосын сасқалақтап. Бұл сол арада оның жүзiне тура қарап едi, ерiксiз iшiн тартты. Сопақ бас, мұрны ұзындау келген Маржанкүлдiң қара жүзi қатты ашудан бiр түрлi қуарып кетiптi. Пышақ жанып алғандай ат жағының шықшыт тұсы бүлк-бүлк етедi.
— Не болсын? Өзiңнiң алған жерiңдi қараш, қамысының iшiне кiрiп кетсең, атты кiсi көрiнбейдi. Ал маған ана Балмақан таздың басындай қу тақырды берiп… Өй, сенiң күнгейден қазған қарсақтың iнiндей таңырайған танауыңның тап iшiне ғана с.…н!
— Өй, Мәке-ай! — Құлбосын ерiксiз күлдi.
— Қатырды. Үйтпесе Маржанкүл бола ма? — дедi көршi жерде орақ орып жатқан шiлбиген Шыныбай жырқылдап. Өзi осындағы метеостансада iстейдi; күнде кешкiлiк аспанға қарап, бiрдемелердi жазып жатады.
Соны көрiп, Маржанкүлдiң жыны қозып кеттi:
— Әй, тышқақ болған қатпа лақтай шiлбиген пырық, саған не жоқ? Күнде ауыш кiсiше аспанға қарап, бұлттың астын аңдығанша, онанда ана тиюсыз кеткен қатыныңа еге болып алсайшы!
Шыныбай шабалақтаған Маржанкүлден тұра қашты. Құлбосын iшек-сiлесi қата күлiп жатыр. Бұл Маржанкүлдiң жынын онан сайын қоздыра түстi:
— Әй, алакөз, сен неменеңе жетiсiп күлесiң, а? Пәленбай жыл бастық боп, екi көзiң адырайып жүрiп, әлпештеп алақаныңа салып асырап-абыраған ана Майлыбайың мен Молдашың бiр-бiр қатынның соңына ерiп, қу басыңды қуартып тастап кеткен жоқ па?
— Әй, Мәке-ай! — Құлбосын жанды жерiне ине сұғып алғандай, алқымына тiреле қалған жасты шаққа дегенде iрiктi. — Әй, Мәке-ай, саған не дейiн? Жарайды, менің жерiмдi ала ғой, — дедi де, өзi шалғысын иығына салып жүре бердi.
Жолшыбай ешкiмге тiктеп қарамады. Маржанкүлдiң үлесiне тиген жерге келдi де, шөбi селдiрлеу тұсты шалғысын ауанымен сiлтеп, шаба бастады. Қылпып тұрған шалғы әлi қайраты қайта қоймаған қол сiлтеп қалғанда, жапырлап құлап түседi. Ол таңғы салқынмен өндiрiп тастамақ боп, қамысты шаба бердi. Бiрақ қырсық қылғанда жаңағы әйдiк ауыз Маржанкүлдiң шағып алған сөзi есiнен кетпей қойды. Соны қанша ұмытайын десе де, айтқанын тыңдамай, бет-бетiне кеткен екi баласы ойына орала бердi. Үлкен ұлы Майлыбайды әйелi Майлыбас стансасында туып едi; соны ырым қылып, баланың атын Майлыбай қойған болатын. Екiншi Ұлы соғыс бiткен жылы туды. Ол кезде сапқозда запперме боп жүрген Құлбосын ел қуанып жатыр ғой деп, ұлдың атын Қуаныш болсын деген-дi. Кейiн келе оны еркелетiп Молдаш атап кеттi. Бұл қуаты барда екi ұлын қатарынан кем қылмады; не iшем, не кием дегiзбей, барын аузына тосып өсiрдi. Кейiннен сапқозда жұмыс iстеп жүргенiнде де екi ұлын әлпештеп бақты. Бiрақ екi баласы да сабақты жаман оқыды. Майлыбайдың оныншы класты бiтiргесiн, зордың күшiмен, тамыр-танысты қуалап, Алматыдағы университетке түсiрдi. Түскенi құрысын, ай сайын Майлыбай ақша сал деп телефон соғады да жатады. Оны неге жұмсайды, әлде арақ iшiп ләйлiп жүр ме, о жағын Құлбосын ескерместен, тапқан-таянғанын поштамен Алматыға салады да жатады. Әсiресе, курстан курсқа өтер кезi бiр ақырет. Ондайда өзi барып, университеттiң мұғалiмдерiне жалынып-жалпайып жүрiп, олардың алқымдарына бiрдеме тығып, баласын келесi курсқа өткiзедi. Сүйтiп бес жыл бойы сау-тамтығы қалмады. Қолдағы бес-он қараны сатып тынды. Соны көрген қортық қатыны: «Қашан келесi көрске өтесiң?» — деп мұның өзiне қалжыңдайтынды шығарды. Бұл кеңкiлдей күлiп: «Көрстi мен саған көрсетейiн! Алдымен өзiңдi өткiзiп», — деп, қатынына бас салады. Сүйтiп екi ойлы боп жүргенiнде бiр күнi Майлыбай ақылдаспастан, алатын келiншегiмен ауылға кеп топ ете түстi. Ал саған керек болса! Амалсыздан Құлбосын сандықтың түбiн қағып, көл-көсiр ғып той жасады. Ауылдағы той өтiсiмен қамытаяқ сары келiнi тойды Алматыда өткiзем деп қиғылық салды. Құлбосын амалсыдан көндi. Екi мың сомға ресторан жалдап, жүзден астам кiсiнi шақырып, тағы да той жасады. Бiрақ оған ақсақал ренжiмедi. «Балам оқу бiтiрдi. Келiнiм оқуын тауысты. Екеуi ертең жұмыс iстесе, ақша деген не дейсiң, бiр-екi жылда басы құралмай ма?» Бiрақ оның басы құралмады. Майлыбай оқуын бiтiрiсiмен, лейтенанттың шенiн иығына жапсырып, армияға кеттi. Келiнi болса, ауылдағы мектепке кеп, мұғалiм болды. Болғаны құрсын, құдайдың құтты күнi бiрде сабағым бар, бiрде жиылысым бар деп, тып етiп, кетедi де қалады. Одан түннiң бiр уағында қайтады. Бiрде ол елдiң пыш-пышын естiп, жағасын ұстады. Мектеп директоры Күзенбай дейтiн кәрiс қатыны бар, жолы сұйықтау, жiгiт ағасы боп қалған бiреу едi. Әуелде-ақ оның қамытаяқ сары келiнiн бiрден оқу бөлiмiнiң меңгерушiсi қылғанынан-ақ iштей кiп алып қалып едi. Рас, жасында өзi де етегiне намаз оқыған жоқ; қортиған қара қатынын менсiнбей, оңы келсе, оңы, солы келсе, солы, бiраз шалықтады. Тек онысынан балалары естияр боп, ержеткесiн тиылды. Ендi қамытаяқ келiнi кеп… Құлбосын дымын сездiрмей жүре бердi. Майлыбай армиядан қайтып келгесiн де, өз күдiгi жайында тiс жармады. Ендi баланың раһатын көремiн дегенде қамытаяқ келiнi бүлiк шығарды. Өмiрi осы жерде туып-өссе де, «бұл араның ауасы жақпайды, рәдиатсиясы көбейiп кеттi, Алматыға кетем де кетем», деп қиғылық салды. Баласы келiнiнiң алдында жұмған аузын аша алмайды; аузын буған өгiздей сүмiрейiп отыра бередi. Байқайды, оның да ауылдан шығына қашқысы бар. Осындай ит ырқылжыңмен бiр ай өттi. Ақыры келiнi өзiнiң бертiне келе бастады; сәл нәрсеге шаптығып, кесе-аяқты сындырып, енесiмен шаңқылдасып жатады. «Қой, бұлай кестемiз келiспес. Әлiмұрыққа жететiн болса, бара қойсын». Құлбосын ертеңiне баласына еншiсi мен батасын бердi де, жолың ашық дедi. Келiнi биыл туған баласын мұның қолына тастап, кертеңдеп кете барды. Майлыбай да ауылды ендi желкемнiң шұңқыры көрсiн дедi. «Өй, бәрекелдi! Қарық болатын болсаңдар, барыңдар! Көрейiн әуселелерiңдi! Жарайды, құдайға шүкiр, баласыз емеспiз ғой, Молдаш бар ғой». Ол осы баласына арқа сүйедi. Молдаш өзi сияқты алпамсадай, балуан денелi болмады. Ол шешесiне тартқан шарға. «Әй, ит-ай, бiр жігiтке әлi жете қоймас. Онысына қоса аузынан сөзi түсiп тұрған бозымбай. Бұ не оңдырар дейсiң?!» Шынында да, ол да оңдырмады. Мектептi бiтiрсiмен, құдды Кәжмақан болатындай, «физкультура үнстөтiне барам» дедi. Құлбосын тағы да оңбай шабылды. Бұл баласын да параны басып берiп, шаққа дегенде оқуға тұяғын iлiктiрдi. «Алдыңғы арба қойдан жүрсе, соңғы арба да содан жүредi» деп бұрынғылар бекер айтпаған-ау! Бұл баласы да ашпын, жалаңашпын деп, ай сайын телефон соғады. Құлбосын дәтi шыдамай, оған ай сайын ақша салады да жатады. Мұның поштаға жиi баратыны соншалық, келе-келе қортық сары, басын бiр жағына қисайтып жүретін пошташы Шүкiрәлiден қысылатынды шығарды. Ол да көзiн сығырайтып, қулана күлiп: «Келiңiз, ақсақал. Поштаның жұмысы сiзсiз көркеймейдi ғой», — деп ыржияды. «Өй, оңбаған! Ана елуiншi жылдары, Сталин өлмей тұрғанда, қалқоздан бiр қап кебек ұрлаймын деп, он жылға сотталып кетiп едi! Содан қайтып кеп, ауданға қайта-қайта барғыштап, осы поштаға шаққа дегнде тұрған-ды. Ендi кеп бұ да кiсiге күледi!» Шынында да, оның күлетiндейi бар. Әкесiнiң жайын ойлаудың орнына, кiшi баласы да мұны титықтатып бiтiрдi. Оның оқығаны бар болсын, мұның сау-тамтығын қалдырмады. Бiр айлық не болады, сосын ол сапқоздағы баяғы ескiкөз бұғалдiрге жалынады. Олар да ауыздарына түсiп тұрған жемтiктен айырылғысы келмей, әуелi бiраз қиқаңдаса да, ақырында көнедi. Сүйтiп Құлбосын бiр айдың iшiнде сапқоздың он шақты жерiнде жұмыс iстеген болып шығады. Бұл «шөп те шабады, машина да айдайды, там да салады, мал да бағады, жер де жыртады, трактор да айдайды», — қысқасы, бұғалдiрлер ведомостi солай толтырады. Ал Құлбосын болса, сол бiр айдың iшiнде ауылдың шал-шауқандары жиналған жердi сағалап, қыдырыстап жүредi. Бұл өмiрi шөп шауып, машина айдап, там салып, мал бағып, жер жыртып, трактор айдап көрген емес. Тiпте мәшиненi қалай қоттауды да бiлмейдi. Бiрақ, шаруа оңына келейiн десе, қиын емес екен. Сүйтiп, мұның қолынан келмейтiн нәрсе болмай шықты. Бiрде масқара қылғанда, Жолтай деген бiр iнiсi мұны трактордың пәленбай форсункасын жөндедi деп айлық жазыпты. Соны көрiп, Құлбосынның көзi атыздай болды. Көз ашып, жер басқалы форсунканың не нәрсе екенiн, оның қайда тұратынын, не жұмыс жасайтынын көрген де, бiлген де емес. «Үйiстiп жүрiп пәрсөңкем шықпаса жарады?!» Шынында да, Құлбосынның «форсункасы» шықты. Келесi жылы сапқоздың бас бұғалдiрi Қаратоқа Орынбаев Абайдың қылмысы ашылып, жаппай тексеру басталды. Сүйтсе, «форсунка жөндеп, жер жыртып, мал бағып, қой қоздатып, сақпан бағып, там салып, машина айдап» жүрген өлмелi шал-шауқандар аз емес екен. Бәрiн де жары пайдасына келiстiрiп, бұғалдiрлер дүкiменттi ысқыртып толтыра бередi екен. Байғұс жұмысшылар қара тер боп жүрiп, айына алпыс-жетпiс сомды шаққа алып жатқанда, бұлар екi жүз сомға дейiн, кейде одан да асып жығылдырып, қызылала шытырлақтарды жан қалталарына баса берiптi. Сол бұлардың әбiрейлерiн айрандай төктi. Құлбосынды ендi құдайдың құтты күнi тексеруге кеңсеге шақырады. Әбiрей болғанда, бұл талай рет тиын-тебен алғанда қолын арабшалап қойған едi, сонысы мұны итжеккеннен сақтады. Абай бастаған он шақты бұғалдiр сотталды. Осы кезде «уһ» деп демiн ендi ала бергенiнде, Молдаш белi сыздап бара жатқандай, үйленетiн болдым деп тiлгiрәм салыпты! Екi мың сом ақша сұрапты, ресторанда той жасаймыз, дептi. Мә, саған керек болса! Бұл ана бiр жылы мектепте оқып жүргенiнде, Молдаштың ана сотанақ Әлидiң қара қызымен байланысып, оны жүктi қып тастаған кезiнде басталған бiр даудан әке-көкелеп жүрiп, шаққа дегенде құтылып едi. «Қап, соны ала салдыру керек едi. Қанша дегенмен қолда өскен бала, ауылдың қызы… Ал мынаусы… қайдағы бiр жақтан көрiнедi», — деп бұл ендi өкiндi. Өкiндi де, қатты ашуланды. «Қатын алмасаң, отын ал. Беретiн көк тиыным жоқ. Кiсi өзi соттан шаққа дегенде құтылып отқанда… бұ несi-а?» — деп жатып алды. Молдаш тағы да тiлгiрәм салды. Құлбосын оған да жауап берген жоқ. Молдаш үшiншi рет тiлгiрәм салды. Оны оқи сала, Құлбосын шошып кеттi. Баласы ақша бермесең, асылып өлем дептi. Қой, қой, амандығы жақсы! Ит те болса, тiрi жүре берсiн. Ақыры Құлбосын екi мыңды қалтаға басып, Алматы асты. Құдалары Көкшетау жағынан екен, шеттерiнен орысша сөйлейтiн, қит етсе болды, кiсiнiң бетi-аузын жалап, сүйiсе беретiн, арақты шәй орнына iшетiн кiсiлер боп шықты. Олардың қылқылдатқанын көрiп: «Опырмай, заманында бiз де арақ iшiп едiк. Бiрақ мынадай iшкендi көрген жоқпыз. Мыналарың нағыз қазақы бiртартар пештей, өңештерiне бiр бөтелкенi бiр-ақ құя салатын құрдым екен», — деп, бұл айран-асыр қалды. Содан той үстінде келiнiн көрiп, тағы да қарны ашып қалды. Томайқұлақ қарақыз орысшалап, үлкен отыр, кiшi отыр демей, әлпi-тәлпi сөйлей бередi екен. Қазақшасы онша емес, оған көшсе болды, аузына су толтырып алғандай ынтығады да қалады. Соны көрiп, бұл не дерiн бiлмедi. Ертеңiне Құлбосын келiнiмен нан сұрап жейтiн азын-аулақ орысшасымен тiлдесiп, ауылға қайтты. Әйтеуiр, тiрi жүрсе болды да, деп iштей соны дәтке қуат қылды. Ауылға келiсiмен, бұрын iстемеген әдетiн iстеп, алатын пенсиясы тамақтан ауыспайтын болғасын, паром жүргiзушi болды. Бiр айдай паром жүргiзiп, азын-аулақ тиын-тебен тауып едi, бұған қырсыққанда, келесi айда бұрын арнасына сыймай, бұрқан-талқан боп тасып жататын Сырдария құдды бiреу қыл тамақтан қылғындырғандай суы тартылып, қайраң тартты да қалды. Ендi паромның құдайға керегi жоқ, жұрт ар жақ-бер жаққа жаяу өтедi. Бұл iшiнен: «Бұ дариясы түспегiр де тартылмайтын кезде тартылып», — деп, iшiнен ренжiдi. Сосын Мөңке бидiң: «Ақырзаман болғанда су тартылар, қарап тұрған жiгiтке қыз артылар», — деген сөзiн есiне алып, қатты шошып қалды. Ол осыны iшiнен әндете айтып, кешке жақын үйiне келе жатып, тағы да көзi атыздай болды: бiр кездерi ауылды суға қарық қылатын, кәзiр көк тиынға да керегi болмай қалған су айдайтын движоктың түбiнде ана құдай атқан Жәнәлiнiң мойынына ана құдай атқан Сарқатынның шикiлсары қызы асылып, сүйiсiп тұр! Бұл жағасын ұстады: «Астапыралла! Бұ не сұмдық?! Тапа тал түсте сүйiскен бала жетi қараңғы түнде не iстемейдi? Қарап тұрған жiгiтке қыз артылары нақ осы емес пе?!» Оның есiне Молдаш пен келiнi түсті. Баласының қатар-құрбыларынан Молдашты томайқұлақ келiнi жер соқтырып, жорта аяғын ауырлатып, ерiксiз алдырыпты деп естiген. Алмаса, оқудан шығарады. «Өй, әтеңелет, адам болмайтын ит! Соншама қатынсырап бара атыр ма екен? Қаншама ақшаны…» Ол шошып кеттi. Алдынан қортық қатыны жүгiре шықты. «Әй, не болды?» «Ойбай, сырошный тiлгiрәм!» «Немене, аманшылық па?» «Амандық. Балаң ақша сұрап жатыр, кәпiратып дегеннен там алам, үш мың сом сал дептi». Мә, саған керек болса! Кәпiрәтiп деген пәлесi не, там алам дегенi сонда қалам дегенi ғой. Бұл кезде Молдаш оқуын ақшаның күшiмен шаққа дегенде бiтiрiп, Алматыда өрт сөндiретiн бiр жерде жұмыс iстеп жүр едi. «Өй, бәрекелдi! Сен болмасаң, Алматы өртенiп кететiн едi!?» Құлбосын қырсығып жатып алды. Молдаш екiншi рет тiлгiрәм салды. Құлбосын жауап берген жоқ. Молдаш үшiншi рет тағы да тiлгiрәм салды. Бұл оны оқи сала, шошып кеттi. Баласы ақша салмасаң, Мароккоға кетем, өмiрi дидарыңды көрмейiм, дептi. Құлбосын ойланды. Марокко деген пәлесi қай жерде? Ол картаны ашып, Марокконы iздедi. Өмiрi әлiптi таяқ деп бiлмейтiн қортық қатыны да әлгi елдi бiрге iздестi. Таба аламй қатты қиналды. Бiрде Құлбосынның есiне қортық қатынының атасының Мекеге барғаны түсiп: «Әй, осының сояқта емес пе?» — дей сұрады. «Оны мен қайдан бiлейiн», — деп қатыны баж ете қалды. Ақыры екеуi бiр күн отырып, Африканың батыс жағына орналасқан елдi тауып алды. Оны осы Қазалыдан қанша екен деп, добалдай саусағымен өлшеп қараса, бiр қарыстай екен! Құлбосынның жағы қарысып қалғандай болды. Ол дереу сызғышты алып жiберiп, баяғы ликбезден алған бiлiмiн салып, сантиметрлеп өлшеп, Марокконың бұл арадан қанша шақырым екенiн есептеп шығарды да, — тағы да көзi атыздай болды! Құрсын, құрсын! Одан да бiр қарыс емес, мына сынық сүйем жердегi Алматыда жүргенi жақсы. Кеулi қаласа, пойызға мiнiп ап, бiр күнде бара салады. Ал ана Мароккоға баратын тура жол да, пойыз да жоқ. Оған бару үшiн үлкен бiр жерден лұқсат алу керек, одан кейiн Мәскеуге барып, сәмәлөтпен ұшу керек! Ол деген қыруар ақша! Оны айтпағанда, ұшып бара жатқанда, сәмәлөтi құласа, Жерорта теңiзiнiң бiр жерiнде моласыз қалмай ма? Мұны кiм iздейдi? Балаларының түрi мынау! Қой, құрсын, онан да… Құлбосын тағы да бұғалдiрге жалынып-жалпайып, жары пайдасына келiсiп, тағы да «машина айдады, жер жыртты, там салды, қой қырықты, сақпан бақты, орақ орды, қой қоздатты». Қой демекшi, тағы да масқара қылғанда, бұған жиен боп келетiн ақсақ Қайықпан мұны қошқар қашыртты деп пәленбай сом жазыпты. Ал саған керек болса! О заман да, бұ заман, қошқар қашырғанды кiм көрiптi? Сонда оның мұны кiм көргенi, а? Немене бұл теке ме? Өй, көргенсiз! Өй, нәсiлсiз! Сақал-шашы ағарғанда мұны қошқар қашыртып… Саулық десе нешауа ғой… Оның кемпiр-сампырды қашырды демегенiне шүкiршiлiк. Құлбосын ұяла-ұяла тиын-тебендi қалтасына басты да, Алматыға барып, Молдашқа ақшаны өз қолымен табыс еттi. Алты айдан кейiн тамына құтты болсын айтып барды. Барғаны құрсын, баласың шетелдiң гәрнитүрiн алам, сенiң киiзiңнiң дымға да керегi жоқ, мың жарым сом тауып бер дедi. Құлбосын, амал жоқ, тағы да «қой бақты, жер жыртты, там салды», — әйтеуiр iстемегенi жоқ. Бұ жолы, құдай атқанда, сапқозданғы аурухананың бас доғдыры Жиенәлi бұған ауруханада жұмыс iстедi, пәленбай қатынды өз қолымен босандырды деп, пәленбай сом жазыпты. Мә, саған керек болса! Қатынды тудырмақ түгел, өз қатынының мына екi баласын қалай туғанын бұл өмiрi көрген де емес. Өй, әтеңелет, осы бала ма, бала кiсiнiң түбiне жетедi! Ендi жасы жетпiстi алқымдап қалғанда бұған қатындарды тудыртып… Құлбосын тағы да ұяла-ұяла жары пайдасына келiсiп, ақшаны қалтасына басты да, Алматы асты. Барып оны Молдашқа қолма-қол табыс еттi. Ауылға қайтып келгенсiн, ендi көзiм ашылды ма, жоқ па дей берiп едi, Алматының әр жағындағы бiр ауданда жұмыс iстеп жүрген Майлыбай, мұның сорына, Алматыға қызметке ауысты. Бұ таныс дегендi қойсайшы, қамытаяқ сары келiнiң дүмдi төркiндерiнiң арқасында, Майлыбай қаладан там алды. Алғаны құрысын, бұған тағы да тiлгiрәм салды. Бұ жолы өте «срошный» екен. Майлыбай мың жарым сом тауып бермесең, Алжирға кетем, өмiрi дидарыңды көрмейiм дептi. Бұл шошып кеттi. Дереу картаны жерге жайып жiберiп, қортық қатыны екеуi кешке дейiн Алжирдiң қайда екенiн iздедi. Ақыры мал өрiстен құлағанда барып, тапты-ау! Тапқаны құрсын, бұзау жамырап кетiп, күнде айран ғып iшiп отырған ағарғаннан қағылды. Бұл жолы Құлбосын қарыстап өлшеп көрiп едi, Алжир мына тұрған Қазалыдан тура бiр қарыс екен! «Ана Мароккосы бiр жарым қарыс едi. Мынасы, құдайға шүкiр, одан берiректе екен». Құлбосын тағы да сызғышты алып жiберiп, сантиметрлеп өлшеп көрiп едi, — көзi атыздай болды! Мына Алжир дегенiң жердiң түбi ғой! Онда мұның сүмер баласына жылы орын табыла қояр деймiсiң? Онда қай бiр қайын жұрты тiреп тұр? Құрсын, Құрсын! Одан да баласының мына сынық сүйем жердегi Алматыда жүргенi жақсы. Пойызға мiнсе, бiр күнде жетiп барады. Ал Алжирге бару деген… Онан да… Амал жоқ, Құлбосын тағы да «мал бақты, машина айдады, қой қырықты, орақ орды, сақпан бақты, қой қоздатты, там салды, сылақ сылады, шөп шапты», қойшы, әйтеуiр бiр айдың iшiнде iстмегенi жоқ. Бұ жолы құдай атқанда, ана Қарасақал iлмиген Iдiрiс бұғалдiр мұны сапқоздың өгiздерiн пiштiрдi деп, пәленбай сом жазыпты! Өй, әтесiнелет, бұл бала дегендi қойсайшы, ендi буын-буыны шаншып, сай-сүйегi сырқырай бастағанда, бұған бұқаларды тарттыртып… Құлбосын тағы да ұяла-ұяла жары пайдасына келiсiп, тиын-тебендi қалтасына басып ап, Алматы асты. Ақшаны Майлыбайға қолма-қол табыс еттi. Табыс еткенi бар болсын, Майлыбай келiнiңнiң депутат болатын түрi бар, бала аяғына оралғы боп жүр деп, бұған қызын қолма-қол табыс еттi. Ол аздай, ертеңiне Молдашы кеп, келiнiңнiң жұмысына кедергi жасап жүр деп, бiр жасар қызын бұған және табыс еттi. Бұл күйiп кеттi. Iштей: «Өй, әтеңелет, оңбағандар! Осыншама қарыздандырып, өмiрi iстемегенiмдi iстетiп… сондағы көрмегiм осы ма? Иттердiң бала таптырғышын қараш! Қошқарларды қашыртуға, қатындарды тудыртуға, бұқаларды пiштiруге осы екеуiн жiберер ме едi!? Қара қаптал болғыр иттер, бүйткенше, екеуiнiң де сусiдiк болғандарың жақсы едi!» — дедi де, екi немересiн алып, ауылға қайтты. Қайтқаны құрсын, сапқозды тағы да тексеру басталды. Мұны тағы да кеңсеге қайта-қайта шақырғыштады. Әсiресе, жылмиған, сопақ бас, қара тергеушi жiгiт өкшелеп қоймады: «Ақсақал, форсунканы қалай жөндедiңiз?» «Қарағым, әйтеуiр, былай… ептеп септеп…» — Құлбосын қысылды. «Қошқарды қалай қашырдыңыз?» «Қарағым, әйтеуiр, бқұрын мал бағып өскен ел емеспiз бе, мал қашыру деген қиын шаруа емес қой, былай, ептеп-септеп…» «Сонда қошқар қаша ма!» — Тергеушi зәрлене жымиды. «Өй, ол өзi… Бұ йерде кәте кеткен, олар саулық болатын». Өмiрi өтiрiк айтып көрмеген Құлбосын қысылды. «Ал, әйелдердi қалай босандырдыңыз?» — «Қарағым, әйтеуiр, былай… ептеп-септеп…» — Құлбосынның маңдайына тер шып-шып шықты. «Бұқаларды қалай пiштiрдiңiз?» — «Қарағым, о деген оңай ғой. Былай… ептеп-септеп…» — Құлбосын борша-борша болды. Бұ жолы да оның қолды арабшалап қойғаны бiр пәледен құтқарды. Әгәр итжеккенге кеткенда… Ол үйiне келе сала, картаны жерге жайып жiберiп, әлгi итжеккендi iздей бастады. Қортық қатыны екеуi қара кешке дейiн оны iздеп, әуре-сарсаңға түсті. Ақыры жобамен осы дәуде болса Чукотка шығар деп, қарыстап өлшеп көрiп едi, ол осы тұрған Қазалыдан тура екi қарыс екен! Құлбосын сызғышты алып жiберiп, сантиметрлеп өлшеп едi, — көзi атыздай болды. Тiпте есiнен танып қала жаздады. Байқап қараса, оның әр жағында Америка тиiп тұр! Е, бәсе? Баяғыда халық жауы деп итжеккенге айдағанда, осы Американы көр деген болды ғой. Сонда итжеккенге кетсе, мұның халық жауынан несi кем? Екi баласын әлiмұрыққа жеткiзем деп жүргенде, мұның көрем дегенi осы ма едi? Өй, иттер! Өй, нәсiлсiз шошқалар! Құлбосын картаны жерден ала сап, төрт бүктеп, ортасынан жыртып, отқа бiр атты да, жатып қалды. Қортық қатыны екi немересiне тамақ бере бастады. Әтеңелеттер, күн санап талпынып, өсiп келедi. Қылықтары тәттi-ақ! Кеше ғана Майлыбай да, Молдашы да осындай боп өсiп едi ғой. Сүйткен баладан бұл не көрдi? Қартайғанда кемпiрi екеуi жаңғыздан-жаңғыз үй iшiнде омалып қала бердi. Бүйтiп бала асырағанша, оны әлiмұрыққа жеткiзiп, аузыма нан салады дегенше, сусiдiк болғанымның өзi жақсы екен ғой! Сонда Құлбосын бiр айдың iшiнде қой да бақпас едi, там да салмас едi, қошқар да қашырмас едi… Ол әр жағын есiне алуға қысылды. Құрсын, құрсын! Баласы түспегiр осы, өздерi астанада талтаңдап жүрiп, балаларын бұған бақтырып қояды да, бұған сақалы саптыаяқты қошқарды кеп қашыртады! Сонда, әй, олардың менi кiм дегенi, а? Өй, нәсiлсiз иттер! Құлбосын содан бастап там да салмады, орақ та ормады, шөп те шаппады, қатындарды да тудырмады, — үйде жатып алды. Сүйтiп жатқанында бiр күнi тағы да тiлгiрәм сап ете түсті. Бұ жолы тiлгiрәмдi Майлыбай мен Молдаш бiрге салыпты, келiндерiң аборт жасатып, ауырып жатыр, соларды емдейтiндерге бiрдеме керек дептi. Сондағы бiрдемесi, — аттай бес жүз сом! Бұл оны қайдан таппақ? Құлбосын күйiп пiстi. Бiр жағынан аборт деген сөздi түсiнбей, сырқаттанып қалып, қиын болды-ау деп мүсiркедi. Ол дереу ауылдың доғдыры Жиенәлiге барып, тiлгiрәмдi көрсеттi. Ол оқи сала, қарқылдап күлiп, бұған аборттың не екенiн түсiндiрдi. Құлбосын оның түсiк тастау екенiн бiлгенде, терiсiне сыймады. Өй, нәсiлсiз иттер! Келiншектерiн буаз ғып, ауыртып тастап, ендi мұны тағы да қошқар қашыртайын деген ғой? Құрсын, құрсын! Ендi қошқар қашырса, там салса, қатын тудырса, итжеккен емес, ана Марокконың өзiнен барып бiр-ақ шығар. Онда барып, нан сұрап жейтiндей азын-аулақ орысшасымен қалай күн көредi? Тiпте онда орысша сөйлемейдi де ғой. Ендi бiр аяғы жерде, бiр аяғы көрде тұрғанда арабша үйренбек пе? Нан сұрап жейтiндей азын-аулақ арабша үйренем дегенше, мұның тағы да жер ортасынан асуы керек қой? Онан да сәмәлөтпен ұшып бара жатқанда, сәмәлөтi құлап, Жерорта теңiзiне құлап, моласыз қалған жақсы емес пе? Құрсын, құрсын. Бiрақ баласы түспегiр не iстетпейдi? Ол ертеңiне кеңсе жаққа барып едi, Қаби кездесе кетiп, ақсақалсыз ғой, жылда ауылдың жеке меншiк малы талшық ететiн аралдағы шөптi елге бөлiп берiңiз, дедi. Соның аяғы әлгi. Ана Маржанкүлi түспегiр мұның жанды жерiне тiлiн сұғып ап, сай-сүйегiн сырқыратып жбiердi. Құлбосын қамысты орып жүріп, қайдағы-жайдағыны ерiксiз есiне ала бердi. Биыл дайраға су аздап жiберiлiп, ел аралға қайықпен өтетiн болған едi. Жылда қамысын бұзау жеп қоятын арал да биыл су толып, мал өтпегесiн, майда шөбi көгерiп, жайқалып шыға келген-дi. Соны ел-жұртқа тең ғып бөлiп берем деп, мiне, күнгейден қазған қарсақтың iнiндей таңырайған танауының iшiн Маржанкүлге дымдатып ап, Құлбосын шалғысының сабына сүйенiп, қарап тұр! Егер ғой бала болмаса, бұл қошқар қашырмас едi, мына шөптi бөлмес едi, күнгейден қазған қарсақтың iнiндей таңырайған танауының iшiн шайпау қатынға дымдатпас та едi. Асылы кәзiр бала асырап, оны әлiммұрыққа жеткiзем дегеннiң өзi ақымақшылық па қалай? Онанда сусiдiк болғанның өзi-ақ жақсы. Әлде балаларының да бiр бiлгенi бар ма? Қолдан түсiк тастап ауырып жатқан қамытаяқ, томайқұлақ екi келiннiң де бiр бiлгендерi бар ма? Сонда бұл не? Олардың бала тапқысы келмей, тапқан балаларын бұған асыратып қойғандарына қарағанда, олардың ендi бала туудың керегi жоқ дегенi ғой шамасы? Сонда ел не болады? Жұрт қалай өсiп-өнедi? Әлде… құру керек пе? Әлде олардың бала тудырған, оқытқан, ақша салған, солар үшiн не пәленi iстеген мұндай болғысы жоқ па? Олар қалаға тығылғанда не ұтты? Әлде олардың мал баққысы жоқ па? Мал демекшi, осы қазақ қашанғы мал соңында салпақтап жүре бередi? Басқа кәсiп құрып қалған ба? Осы ғой қазекемнiң өзi «бiр күн қой баққаннан, қырық күн ақыл сұрама» деп өсиет айтқан. Сонда қазақ баласы 500 жыл бойы қой бағып келедi. Әр жылда 365 күн бар. Оны 500-ге көбейтсе… Құлбосынның көзi атыздай болды. Сонда қазақ 182 500 күн қой бағыпты! Оны ендi 40 күнге көбейтсе… Құлбосынның зәресi зәр түбiне кеттi. Сонда қазақтан 7 миллион 300 мың күн бойы ақыл сұрамау керек екен! Бәсе, қазекеңнiң неге әлi есi кiрмей жүр десе, осыдан екен ғой. Құлбосын ойланды. Бiз кәзiр Исаға жиырма ғасыр болып отыр деймiз. Сонда ол нешiншi ғасыр болып шығады, а? Екi жүзiншi ғасыр!? Демек, қазаққа 200 ғасырдан кейiн барып ес кiредi екен. Оған дейiн кiм бар, кiм жоқ? Соны түсiнген балдарының онда мұны қошқар қашыртқаны, қатын тудыртқаны, бұқа пiштiрткенi… өмiрi iстемеген кәсiбiн iстеткенi дұрыс болды ғой? Онда қолдан түсiк тастап, ауырып жатқан келiндерiнiң де мұның күнгейден қазған қарсақтың iнiндей таңырайған танауының iшiн ана аузы әйдiк Маржанкүлге дымдатқаны да дұрыс болды ғой? Құрсын, құрсын! Олардың да бiр бiлгендерi бар шығар, әйтеуiр, аман жүрсе, көзi жұмыла қап, тiлгiрәм бергенде басына келсе жарар. Әгәр өзiне қошқар қашыртқан, қатын тудыртқан, бұқа пiштiрткен… қайдағы жоқ пәленi iстеткен балалары бұған келмей, ана қамытаяқ, томайқұлақ екi келiнi тағы да түсiк тастап, ауырып қап, Майлыбай мен Молдашы тағы да бұдан ақша сұрап, қарсы тiлгiрәм берiп жатса, бұл кәйтедi? Сонда бұл о дүнияда жүріп тағы да қатын тудырмақ па, қошқар қашырмақ па? Құрсын, құрсын. Оны айта көрме. Маған десе неге түсiк тастамақ түгел, жатырлары жерге қоса түспейдi? Ел-жұртқа осы масқара болғаным да жетер! Басқа қазаққа қарағанда, 200 ғасыр бұрын мыйларына ақыл енген балалары мұнсыз да күн көре жатар. Әгәрдә бұдан бұрын дәл осы ақыл мұның басына ене қалғанда, бұл соншама әуре-сарсаңға түсер ме едi, түспес пе едi? Шамасы, әлгi ақылы құрғыр бұның басына ендi-ендi енгiсi кеп жүрген болар. Ол қолын бiр сiлтедi де, шалғысын алып, үйiне қайтты. Бұл күзде күн еңкейiп, батуға таяп қалған едi. Күнi бойы ыстықтың пәтi қайтпай, дарияның ығалды ауасын ысытып, кiсiнiң дем алысын ауырлатып жiберген. Ол сол бетiмен жағаға келсе, ел де жиылып қалған екен. Шыныбай қу қайыққа мiне берiп едi, төрт бау балапан қамысты арқалаған Маржанкүл жетiп келдi. Ол Шыныбайды көре салысымен:
— Әй, тышқақ ылақтай шiлбиген шiрiк, шық былай! Әуелi мен өтем, — деп, шаңқылдап қоя бердi.
Шыныбай жерге секiрiп түсті. Маржанкүл қайыққа төрт бау қамысты лақтырыа сап, арт жаққа отырып, ескектi қолына алды.
— Мәке, дайрада ағыс бар екен, абайласайшы, — дедi сол арада кезек күтiп тұрған пошташы Шүкiрәлi кәуiп илеп.
— Маржанкүлдi құдай алмайды, iждемеден саспаңдар. Алда-жалда, суға кете қалсам, ана алакөз қайда… — Маржанкүл Құлбосынға қарады. — Оның жерi кеңитiн болады.
— Кет-әй, кет, қатын, қайдағыны айтпай! — Құлбосын шошып қалды.
— Ә, солай ма? — дедi де, Маржанкүл шиқылдап күлдi де, осы кезде жағадан ұзай берген қайықты еркек кiсiше гүрпiлдетiп есе жөнелдi. Ол дайраның ортасына жете бергенде, қатты ағыстан ыға бастаған қайықты сол жақтан қаттырақ естi, бiрақ қатты ағыс қайықтың басын бұрып әкете бердi. Маржанкүл бiрде дұрысталып отыра берем дегенiнде, салмағы бiр жағына басып кетiп, қылт-қылт етiп келе жатқан қайық аударылды да кеттi. Маржанкүл суға бауымен бiрге шомп ете түсті. Онша жақсы жүзе бiлмейтiн ол қайықтың ернеуiне жабысып, су жұтып, барқырай бастады.
Жұрт шу ете қалды.
— Қасқа-ай, шиеттей бала-шағасы бар едi. Шыныбай-ау, жассың ғой, барсайшы, — дедi Құлбосын шыдамай. Өзi әлденеге екенi белгiсiз, қолындағы шалғысын жерге тастай сап, тез-тез шешiне бастады.
— Өй, құрсын… — Шыныбай күңкiлдеп, шегiне бердi.
Құлбосын шыдамады, көйлек-шалбарын шеше сап, дарияға қойып кеттi. Салған беттен баяғы бала кездегi машығына басып, құлашын кең алып, асығыс жүзе бастады. Ол он шақты құлаш ұрғаннан кейiн ендi онша емес дарияның ортасына жетiп, бұ кезде ығып бара жатқан қу қайықтың өр жағына шықты. Келе оның ернеуiнен қатты ұстап, лайлы судан басы көрiнiп тұрған Маржанкүлге:
— Қатты ұста! Ернеуден айрылып қалма! — дедi де, жағаға қарай, бiр қолымен құлаш ұра бастады.
Ол қалт-құлт еткен қайықты бiр қолымен сүйрегендей ғып, жүзiп келедi. Мұны көрген Маржанкүл де бiр қолымен есiп, қыз жүзуге сала бастады. Екi жақтан ескесiн, қайық та ендi жөнге бағынып, iлгерi қарай жылжи бердi. Құлбосын қайрат қып, он шақты рет құлаш ұрғаннан кейiн, арғы беттi жайпақтау жағасына жақындай бергенiн көрдi. Ол бiр араға келгенде бой барын байқады. Дереу жүзуiн қоя сап, аяғының башпайын созып көрiп едi, табаны қайыр топыраққа тидi. Сол екен, ол екi аяғымен тұра қап, қайықты берi қарай қатты тартты. Осы кезде зәресi ұшып кеткен Маржанкүл де бой барын бiлiп, iлгерi қарай ұмтылды. Аздан соң екеуi жағаға шықты. Басындағы жаулығы мен көйлегi су-су боп, денесiне жабысып қалған Маржанкүл қорқынышы бiрте-бiрте тарап, тiрi қалғанына қуанғанын жасыра алмай, нұры тайған көзiнiң қарашығы жылтырап, бұған күле қарады. Сосын ұмтылып кеп, мұның екi қолынан ұстап, жылап жiбердi:
— Өй, бала-шағаңның рәһатын көр! Сен болмағанда… — Оның аузына жөндем сөз түспей қалды. — Сендер болмасаңдар, менiң айтқан арпы-тұрпы сөзiмдi кiм көтередi?
— Қой, әй, қой, қатын! Немене кәртейейiн дегенсiң бе? Бұ не жылап… — Құлбосын ентiге дем алып тұрып, керi шегiне бердi. Сосын үйiне қайтпақ боп, кеше ғана ана құдай атқан Жәнәлi мен құдай атқан Сарқатынның шикiлсары қызы сүйiсiп тұрған движокқа қарай беттедi. Бұ жолы оның есiне Мөңке бидiң: «Ақырзаман болғанда су тартылар, қарап тұрған жiгiтке қыз артылар» — деген сөзi түспедi. Қайта: «Заман өздерiнiкi. Бiр жөнi бола жатар», — деп ойлады. Сол арада ол есiне әлдене түскендей, кiлт тоқтады. Артынан тосын шыққан дыбысты естiп, жалт қарады. Ол Маржанкүлдiң:
— Алакөз-ау, әй, алакөз! Өй, сенiң күнгейден қазған қарсақтың iнiндей таңырайған танауыңнан… айналайын! Тоқтай тұр! — дегенiн анық есiттi.
Құлбосын өзiнiң дамбалшаң тұрғанын, көйлек-шалбарының аралда қалып қойғанын сонда барып аңғарды. Осы кезде екiншi қайыққа мiнген Шүкiрәлiлер бергi бетке өтiп үлгерген де екен. Бұл сол жаққа қарай бергенiнде, кеше ғана ана құдай атқан Жәнәлi мен құдай атқан Сарқатынның шикiлсары қызы сүйiсiп тұрған движоктың жанымен, аяғы жерге тимей, дедектеп, өзiне қарай жүгiрiп келе жатқан Маржанкүлдi көрдi.
Қолында — мұның көйлек, шалбары…

 

1981 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *