Әр нәрсенiң ақыры

Баяғыда бала кезiмде бiр шаруаны асығыс-үсiгiс iстей сап, содан тез құтылғым кеп iштей қулық ойлағанымды байқап қалған әкем:
— Балам, асықпа. Әр нәстенiң ақыры болды, — дейтiн едi.
Мен оған таңғалып:
— Сонда о не? — деп сұрайтынмын.
Әкем ойланып отырып:
— Асыққан шайтанның iсi деп бұрынғылар айтқан. Кезiнде соған бiз де сенбегенбiз. Бiз де сен сияқты тапсырған шаруадан тез құтылғымыз кеп, қалай болса солай iстей салатынбыз. Соны көрген үлкендер, сабыр етiңдер, асықпаңдар, бәрi де оңына келедi, дейтiн. Менiң айтып отқаным да сол ғой, — деушi едi.
Менiң осы сөздiң растығына көзiм талай рет жеттi. Соған тағы да жетiп отыр.
Менiң бала кезiмде Хрущевтiң жасаған өзгерсiтерi өте көп болды. Ол бiрнеше облысты бiрiктiрiп, одан өлке жасап, елдi әуреге түсiрдi. Сосын бiр жылы Америкаға барғанында жайқалып тұрған жүгерiнi көрiп, бiзге де жүгерi еккiздi. Сыр бойында бұл дақыл алғашқы жылы өт қаулап өстi. Мектеп балалары бiздi сол жылы жүгерi қайыруға апарды. Менiң атты кiсiнiң бойы көрiне бермейтiн, соншалықты ұзын боп өскен жүгерiнi көруiм сол едi, балалар оның iшiне кiрiп ап, бiр бiрiмiздi собықпен ұрғылап, ойнаушы едiк. Келесi жылы сол егiлген жүгерiнi сиырға беретiн жем-силос ретiнде орып алатын болды да, бiздi собық қайыруға апармады. Содан көп ұзамай Хрущев орнынан түсiп, Брежнев таққа отырды. Оның суретiн көрген ел: “Мынау бiр маңқиған кiсi екен. Елге жаман болмас”, — деген-дi. Расында да, Брежнев халыққа жайлы болды. Онымен Қонаевтың дос болғаны бiзге көп шапағатын тигiздi. Соның арқасында ел тоғайып, уайым-қайғы жоғалып, арқайын бiр тiршiлiк басталды да кеттi. Бiрақ бертiн келе оның өз омырауына ордендердi бiрiнен соң бiрiн таға беруi, басшылардың оған көпе-көрiнеу жағымпаздануы, халықтың қаржысын жымқырған ұры-қары мен алаяқтардың көбейе бастауы ел iшiне iрiткi түсiре бастады. Сонда да бiр үлкен кiсi бiрде, менi оңаша шығарып алып: “Мынауыңның билiктен басы айнала бастады. Ол тақтан түссе, өлiп қалатындай көредi. Мұның ақыры онша бола қоймас”, — деген-дi. Мен оның сөзiн естiмеген болдым.
Аздан кейiн ел-жұрт бiр қалыпты тиыш өмiрдi көпсiнiп, жақсылықтың бәрi Батыс жақта деп бiлiп, әлдекiмдердiң сөздерiне еретiн ыңғай бiлдiре де бастады. Бiрақ оны ескерген жоғарғы жақ болмады. Олар жиналыс сайын өздерiн өздерi көпiрте мақтап, жер бетiне ұжмақты орнатып қойғандай көпiре сөйлеп, елдi әбден ығыр ғып бiткенiне қарамастан, құлаш-құлаш баяндамалар жасаудан жалықпады. Сондай кездерi мен кабинетте отырып, көне замандарда жасаған ойшылдардың кiтаптарын ақтарып, олардың осы кезге тура келедi-ау деген пiкiрлерiн қайталап оқып, оларды барынша қысқа сөйлеуге тырысатындығын аңғарған едiм. Дегенмен де заман басқа, кезең басқа. Ол ойшылдардың бiздiң заманымызға дәл келмейтiн, ескiрiп қалған сөздерi жетерлiк едi. Мен соны әлдекiмдердiң сөздерiне ерiп оқимын деп жас кезгi қымбат уақытымды кiтаптың шаңын жұтуға шығын еттiм. Бiздiң тiршiлiкте де бiр өзгерiс болады, замана бұдан жақсара түседi деп, әр нәрсенiң ақырын күтуге тырыстым.
Мiне, сол ақыр жақында болды. Совет үкiметiн жиырма жылға жуық билеген Брежневтiң өлшеулi демi таусылып, оның орнына басқа адам келдi. Ендi оның не iстейтiнi, елдiң бетiн қалай қарай бұратыны беймәлiм. Бәлкiм, ол да таққа мiнгесiн, содан түспеудi ойлап, неше түрлi айла-шарғы жасап бағар. Бiз оның да ақырын күтiп, тағы да он-он бес жылымызды бекерге өткiзермiз. Ақырында оның да сүрегi бiтiп, басқа бiр кiсi таққа отырар. Бiз ендi оның да ақырын күтермiз. Сонда бұл не? Бiз неге патшалардың ақырын күтуге тиiспiз? Керiсiнше, неге олар бiздiң ақырымызды күтпейдi? Үйтпестей немене олар халықтан тыс биiк жерде тұрған перiштелер ме? Оны кiм көрiптi?
Шамасы, тiрлiк шiркiннiң бiр сыры осында жатыр. Бiз сабыр етiп, әр нәрсенiң ақырын күтiп жүргенде, адамға бiр-ақ рет берiлетiн, көп қылып пара берсең де екiншi рет берiлмейтiн ең қымбатты өмiрiң, соның iшiнде iлiм-бiлiмдi үйренуге, мамандық алуға, қай жолымен жүруiң керектiгiңдi анықтайтын жастық шағың әлдекiмнiң айтқанына алданып, соған iштей сенбей тұрсаң да, өтiрiк сенiп, құр босқа өте шығады. Бұл деген адам өмiрiне жасалған қиянат қой. Мен басыма осындай ойлар түскенде, үйге сыймай, көшеге шығып кетем. Сосын тротуармен жүрiп келе жатып, өз тiрлiгiм, қызметiм, бiлiмiм, болашағым туралы ойлаймын. Келешектiң онша анық еместiгiн байқап, кей кездерi уайым да жеймiн. Бiрақ iстейтiн амал жоқ. Бұл амалдың жоқтығы — заманның жоқтығы. Ендi соның келетiн кезiн күтуге мәжбүр екенiмдi бiлгенде, түнiмен көз шырымымды алмай шығам. Ертеңiне де сондай күйдi бастан кешем. Үшiншi күнi де осылай болады. Шамасы әр нәрсенiң ақырын күту деген адамизаттың ең үлкен мiндетi болуға тиiстi-ау!
Сонда күтпегенде не iстейсiң?

 
1982 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *