Осы жұртқа не көрiнгенiн түсiнсем бұйырмасын. Әгәрдә түсiне қалсам, құдай бiледi, соны маған ұғындырған кiсiнi бiр айлығымды ап, Көктөбеге апарып, ырыстыранға отырғызар едiм. Бiрақ ондай көзi ашық азамат қайда? Оны жетi қат жердiң асты түгел, үстiнен де таба алмайсың. Сонда деймiн-ау, менiң бұл әрекетiмнiң кiсi ұқпастай не пәлесi бар? Қарап тұрсам, түк те. Мен тек қана «пiрiнсiп» ұстаймын. Ал басқа жұртқа оны ұстау қайда? Мәселен, жақында бiздiң фабриканың бастығы пара алғаны үшiн қызметтен босап қап, орнына жаңадан бiреу келiп едi, елдiң бәрi кәзiр соны айқұшақ қауып, жұз метрге жүгiрген пiлдiң салпаң құлағынша жалпылдап жұр. Мен болсам… Жарайды, тоқтай тұр, бәрiн басынан бастап айтайын.
Бастық болғасын, өзгермей тұрмайды. Соған қарай оның астына тастайтын жастық та өзгерiп тұрады. Яғни, мұны қысқаша мақалдатып айтсақ, бастығына қарай — жастығы боп шығады. Осыны ойлап отырсам, кейде басыма керемет бiр ой түседi. Асылы мәңгiлiк бастық, орнықты жастық жоқ. Соған орай «пiрiнсiп» ұстау керек. Бұл менiң өз «пiрiнсiпiм». Мысал келтiрейiн.
Бiздiң бұдан бұрынғы бастығымыз жоспарға қосымша жоспар қосып, көре көзге көз бояушылық жасап, орнынан түстi де қалды. Мен онымен жаңа ғана жұғысып, iшек-қарны, өтi мен өкпесiнiң қайда, қалай екендiгiн байқап келе жатыр едiм, әлгi кеспектей безгелдегiм тоңқалаң асты. Онда тұрған түк жоқ-ау. Маған қатты батқаны — жақында ғана оның кең қолтығының астына бiр-екi құс жастықты, жастық болғанда, iшiне шытырлаған бiрдеме салынған құс жастықты, лақтырып кеп жiберiп ем. Ол дегенiң талай тоңқалаң асқанды көрiп, тiс қаққан тәбәрiш емес пе, қолтығына қысқан жастықты шытыр-шытыр, сықыр-сықыр еткен сайын, жүзі кiрiп сала бердi. Кептердiң төсiндей тығыршық тартқан алқымын жоғары көтерiп:
— Мәләдес, — дедi. Сосын қаз даусына сап: — Ого-го-го, — деп, бiраз кеңкiлдеп алды. Оның мына отырысында, қаз дауысқа салғанның бәрi ата қаздай болады деген сыңай бар.
Мен ду-ду еткен жүзiмдi жаңа түскен келiншекше жасырғым кеп, сәлем еткендей еңкейе түсiп:
— Ха-ха-ха-ха! — деп, күлген болдым. Үйтпесең ұят қой. Бастықтың алдына түсiп го-голасаң, ана дүкенде самсап өтпей тұрған ала қзадай, жүнiң жұлынып, бiр қабат терiң сыдырылып, басың шарға түстi дей бер. Менiң «пiрiнсiпiм»: мұндайда артын баққан!
Ол жасын жастықтан көтерiп ап, маған ешкi көрген қасқырша күдiрейе қарап:
— Өзiң бiр… жөн бiлетiн кiсi екенсiң ғой, — дедi.
— Әлбетте, әлбетте, — дедiм мен құрақ ұшып. — Жөндi бiлгенде, мен бiлейiн. Ел хансыз, адама бассыз болмас деген бұрынғылар. Қол-аяқ кiсiге қызмет атқарсын деп берiлген. Көз көрсiн, ауыз не естiп-бiлгенiн айтсын, құлақ не бiр сыпсыңды тыңдасын деп жаратылған. Соның бәрiне билiк жүргiзетiн — бас. Бастық деген сөз, мiне, осыдан шыққан. Сiз бiздiң басымызсыз. Сондықтан мына пақырыңыз…
Бастық орнынан түрегелiп отырды. Оң қолын жоғары қарай сәл көтерiп:
— Әй, өзiң сөз бiлетiн шешенсiң ғой. Го-го-го-го! — деп, қайтадан алқымы бүлк-бүлк етiп, кеңкiлдей жөнелдi. Көзiмдi қиғаштау тастап ем, әлгi алқымы бар ғой құдды iшiне жел толтырылған қап сияқты! Оны жел сөзбен толтырып болу қиын! Бiрақ лажың қайсы, қапты желмен болсын, сөзбен болсын, тағы да басқа бiрдемемен болсын, толтыру керек. «Пiрiнсiп» ұстағасын, оны аяғына дейiн жеткiзген мақұл.
Мен басымды ие түсiп:
— Рахмет, рахмет, — дедiм. Даусымның осы жолы жылы шыққаны сонша, аузымнан ұрған леп екi бетiмдi шарпып сала бергендей болды. — Мен бiздiң көрегендiгiңiзге таңғалам. Бiзге сөз бiлу қайда? Арғы аталарымызда бiр би болыпты дейдi. Содан қалған жұқана ғой.
— Жұ-қа-на? — деп, бастық қайтадан селкiлндей жөнелдi. Сосын түсiн жылытып: — Кәне, өзiң былай шықшы, — деп, өзiне жақын жердегi орындықтың бiрiн нұсқады.
Iшiм қылп ете қалды. «Мынау iшке тартқаны-ау!» — деп, мысықтабандап, лып ете түстiм. Менiң мұндайдағы «пiрiнсiпiм»: алдын алған.
— Рахмет, рахмет! Әмiрiңiзге құлдық. Сiз ендi… былай… не деп ойламаңыз. Мен өзi… былай, бет-жүзiң бар демей турасын айтатын «пiрiнсiпшiл» адаммын. Сiз келгелi фабрикамыз бiр жасап қалды. Бұрын жоспар дейтiн пәленi орындай алмай, сау басымыз шарға түсiп, жиналыста ет жемегенмен, сорпа iшкендей болушы едiк. Ендi сiз келгеннен соң, жоспар орындалып, жиналыста сорпа iшпегенмен, ет жегенедй боп, тiсiмiздi шұқып отырамыз. Ал бұрын… Қой, қой. О кiсi өзi бiр… былай, ел басқара алмайтын бiреу едi ғой. Қолынан iс келмейтiн, — деп, мен біраз сын айтып тастадым. Бұ да менiң «пiрiнсiпiм»: жаңа бастыққа көне бастықты сынай берсең, оған ұнай бересiң.
— Е-е, — дедi бастық текеше мекiренiп.
Бұл — оның жел сөзге әлi тоя қоймағаны. Мен дереу лып етiп:
— Және бiр қиыны, — дедiм, — о кiсi өзi… қызық едi. Бастық болған кiсi бақырып бола ма? Келе сала фабрикаға өз туыстарын, iлiк-шатыс бiреулерiн, сосын… ана бар ғой… ыһ-ым, ана ше, иә, әлгi… қылымсыған… е-е, соларды тура қойдай ғып тоғытып кеп жiбердi. Сiздiң көрегендiгiңiз сол, әлгiлердi келген бойда қайтадан тура ет комбинатына айдалған қойдай ғып ысқырта қуып, келген жағына қайтарып жiбердiңiз. Мiне, бұл нағыз «пiрiнсiп»!
— Дұр-ре-рес, — деп, ол кухня жаққа қарады. — Бәйбiше, ау, бәйбiше, — дедi ол ырқылдай күлiп, құдды тоқалы жоқ адам құсап. — Сен немене бұгiн бiздi аштан қатырайын дегенсiң бе? Үйге кiсi келiп отырғанын көрмеймiсiң?
Мен iштей екi елi өсiп қалдым. Бастықтың аузынан кiсi деген сөздi есту, сiрә, оңай шаруа емес. Оның орнына ол жолдас, не тәбәрiш келiп қалды десе, не дер едiң? Ол аузын толтырып, кiсi дедi-ау! Сол арада мен лып етiп, оның қолтығына қарай үшiншi бiр жастықты ытқытып кеп жiбердiм. Ол да кәнiгi қумүйiз емес пе, қақпақыл ойнаған мысықша әлгiнi қағып ала қойды.
Дәм үстiнде ол маған қызыл күрең коньякты фужерға толтырып құйды. Өзiне құмырсқа бел рюмкаға көздiң жасындай бiрдеменi тамызған болды. Жайшылықта бөлiмдегi кiсiлер сүйте қалса, оның ит-терiсiн басына қаптар едiм, бiрақ ол бұ жерде жараспайды. Бастық ойнайтын кiсiң емес. Әрi осындай зор сенiм артып отырғанда, қиқаңдап маған не көрiнiптi? Iшiмнен бiссiмiлдәмдi айтып, әлгi коньякты өңешiме бiр-ақ ақтара салдым. Бұ да менiң «пiрiнсiпiм»: бастық зор сенiм көрсетсе, оның алдында жортақта да отыр!
Содан ертесiне фабрикаға еркiн кiрдiм. Бұрынғыдай жәй бiреу емес, үлкен бiр цехты ашса, — алақанында, жұмса, — жұдырығында ұстайтын көкең боп кiрдiм. Ал бастық келген бойда қоғаша жапырылып, суша сапырылып шапқылағандардың бәрi далада қалды. Бұл да менiң «пiрiнсiпiм»: жаңа бастық келгенде жандайшап боп жүгiрсең, ол сенi жағымпаз деп қалады. Одан да аңысын аңдаған мақұл.
Арада бiрнеше ай өттi. Жыл аяғы жақындап, жоспар жайын ойластыра бастадық. Ол бар болғырды биыл да артығымен орындаймыз ғой деп жүр едiк, кенеттен бiр қызылкөздiң жоғары жаққа қарай домалақ арызды айдап кеп жiбергенi. Шайдай ашық аспанды ойламаған тұста аласапыран ғып бұлт басты да кеттi. Тексеруден тексеру! Оның ақыры әлгiдей… Әрине, мен оған өкiнбеймiн ғой. Мұндайда «пiрiнсiп» ұстаған дұрыс. Рас, өткен бастықтың кезiнде бiраз сыңаржақтық болды. Ол кiсi кадр мәселесiне қызық қарады. Бұрынғы бастық оған бiр көзiн ғана ашып қараса, бұ кiсi екi көзiн мүлдем жұмып қарап, өз сүйек-шатыстарын қойдай тоғытты да жiбердi. Ендi мына бастық әлгi тоғытылып болған «қойларды» қайтадан ет комбинатына қарай айдайтын шығар. Бұл арада соның алдын алмаса болмайды. Мен сүйттiм де. Алғашқы жиналыстардың бiрiнде, мiнбеге жау шабатындай боп шабына шығып, суырыла сөйлеп:
—Жолдастар, пiрiнсiпшiлдiктi ұмытпайық, — дедiм. — Мен өмiрi өтiрiк айтып көрген кiсi емеспiн. Неде болса, турасына басам. Өткен жолы бұрынғы бастыққа кемшiлiгiн бетiне басып ем, содан оған жақпай қалдым. Бiрақ әдiлет ақыры жеңедi. Мiне, бұл соның жемiсi. Ендi, жолдастар, бұрынғыдай көзбояушылықты қояйық. Әркiм өз отырған орнына лайқат па, жоқ па, — соны да қатты ойлайық.
Жұрт менiң сөзiме қара қазанда қуырылып жатқан жүгерiше бытырлатып қол соққан болды. Бiрақ кейiбр күншiлдер бастарын шайқап, таңдайларын қағып, сыпсың-сыпсың ете қалысты. Қазақ деген осы! Олар бiреудiң сөйлегенiне дейiн көре алмайды. Бiрақ менiң ондағы шаруам қанша? Маған сөзiм бастыққа ұнаса болды! Қалған жағына басым ауырмайды. Сүйтiп боп, барлап қарасам, жаңа бастықтың шырайы шыға бастаған екен. Мен iшiмнен шүкiршiлiк қылдым.
Арада бiрнеше ай өттi. Жаңа бастыққа жампаңдағандардың желi басылды. Ендi ешкiм оны қонаққа шақырмайтын болды. Бастық сүйтiп: «БҰ қалай? Мыналар менi сыйламай ма? Әлде олар кiсi кәдiрiн бiлмейтiн миғлұлалар ма?» — деген ойға келе бастағанда, мен лып ете қалдым. Оның арты белгiлi. Мен үлкен үстел басында бастықтың бүлк-бүлк еткен алқымына ырза бола қарап:
— Сiз қатқан қазықша қақайып отырам деп, шаршадыңыз ғой. Кәне, былай, қазақшалап жантайып отырыңыз, — деп, бiр-екi құс жастықты лақтырып кеп жiбердiм. Жастық болғанда қандай, iшiне салған мамығы қытыр-қытыр, шытыр-шытыр етедi. Сосын даусымды жұмсартып: — Ел сiзге дән ырза, — дедiм. — Сiз кадр мәселесiн өте дұрыс шешiп отырсыз. Бұрынғы бастық солақайлық жасап, туыстарын басымызда тайраңдатып едi. Сiз ендi оларды секiрсең, тауға барып секiр деп, таутеке ғып жiбердiңiз. Мiне, дұрыс шешiм…
Ертеңiне мен фабриканың басқа бiр бөлiмiне қожайын сықылды боп еркiн кiрдiм. Соны көрiп, кейбiреулер өсек айтып жұрген көрiнедi. Бұ жұртты қой. Өздерiң жаға бiлмейдi, жаға бiлгендi жағымпаз дейдi. Сонда бiреуге ұнағанның несi жағымпаздық? Жо-о-оқ, бұ деген барып тұрған «пiрiнсiпсiздiк». Ал мен болсам, қатып қалған «пiрiнсiптiң» адамымын. Бастығына қарай жастығы деген өзiм ойлап шығарған мәтелiмдi қатты ұстанамын. Өмiрi сондан бiр айнып көрген емеспiн.
Сiздерге бұдан артық не «пiрiнсiп» керек?
10 август, 1984 жыл.