«Күнделiк»

Кiсi қараптан-қарап жүріп, бiреудiң не iстеп, не қойғанын көзiнен тiзiп, «күнделiк» жаза ма? Оны мүлдем жазғың келмейдi. Бiрақ… мына жырқылдаған қалың жұрт үйтпесiңе қоймайды. Мәселен, осы бiздiң трестке бес-алты бастық қомпиып келiп, қонжиып отырып, томпиып түсiп, шоңқиып құлап кеттi. Олардың не iстегенi жайлы менiң оларға арнаған бiр-бiр «күнделiгiм», былай… бiр-бiр дәптерiм бар. Оларды ертең архивке тапсырса бар ғой, айтпады деме, бүткiл трестiң тарихы шыға келедi. Сондай жаңа дәптердiң бiрiн бiтiргенiме көп бола қойған жоқ. Оның себебi бар.
Жақында бiздiң тресте Сәруарбек деген бiреу бастық боп келдi. Әуелгiде мен оған сырттай көз сап тұрып, тура Америкадан келген бизнесменнiң өзiн көргендей болдым. Ұзын бойлы, тарамыс денелi, сарғыш шашын қысқалата қырқып, жiгiн айыра бiр жағына құлата тарап тастаған. Бұтында қотыр тайдың жонындай алашұбар джинси. Бұл өзi өзiмiз күнде кинодан көрiп жүргендей, аумаған шетелдiк бизнесменнiң өзi емес пе?
Көп өтпей-ақ, Сәруарбек өзiнiң неге қарымы барын көрсетiп те үлгердi. Өзi жастайынан жетiм қап, балалар үйiнде өскен екен. Туып-өскен жағын бiреулер Құмкент, ендi бiреулер Мысқазған дейдi. Құмы не, мысы не, — бәрi бiр емес пе? Сол екеуi де жерден алынбай ма? Бiр тамашасы, Сәруарбек сол екеуiне де ептейлi боп шықты. Құмша сусылдап, мысша жылтырап, қолды-аяққа бiр тұрмайды-ау! Алдына кiрiп шыққан кiсi өмiрi ренжiмейдi. Бiрде бухгалтерияда iстейтiн Омар дейтiн қырықтан асқан бiр қырқылжың Сәруарбекке үй сұрап барды. Дәл сол кезде мен де кеңсенiң қыр көзiнде айналшық жегендей боп ерсiлi-қарсылы ойқастап жүр едiм. Iшке кiрiп кеткен Омар бiраздан соң жарқылдап шыға келдi. Өзiнiң екi езуi екi құлағында. Құдды базарға барып, арзанға соғым сатып алған кiсiдей мәз-мәйрам! Шиық-шиық күледi. Тiпте кейде iшегi түйiлiп қалатындай боп, қозы қарынын қос қолымен басып-басып қояды. Мен оған жақындап:
— Ау, соншама… күлетiндей не болды? — дедiм.
— Ойбай, айтпа, — деп, ол одан әрмен қара сабаға құйған қымызша сылқылдай жөнелдi.
— Ендi… былай… жөндеп айтсайшы.
— Ойбай, оның iж айтары жоқ, — деп, ол ендi түйiлiп қалған iшегiн жазайын дегендей қолымен қарынын уқалай бастады.
— Сонда… өзi… не болды? — дедiм мен де оның iзiнен қалмай. Iшкi арам ойым — оның өтiнiше бастық тай-тұяқ мөрiн басып жатса, менiң де арызыма құлақ қоюы мүмкiн ғой дегендiк.
Омар жуық арада күлкiсiн тия алмады. Сәлден соң добалдай қолымен түйiлген iшегiн жазып боп барып:
— Ойбай-ау, мына бастық деген нағыз… ана бар ғой, е-е-е, ана ше… қалай деуге болады, нағыз… өзi екен ғой, — дедi.
— Не-е-енiң?
— Ана-а-а-ның.
— Не ананың? — дедiм мен бiр түрлi боп сескене бастап.
— Анау ше? Ей, анау бар ғой, әлгi… — Ол қиналып, қабағын түйдi. — Әлгi ше… е-е, аузыма жаңа түстi, адамшылыиы бар кiсi екен ғой.
— Е, сүйдесейшi. Сонда… не дедi?
— Не десiн? Кiрген бетiмде орнынан тұрып кеп, бiр қолымен емес, тура, бы-ы-ылай, қос қолымен қолыма жабысты. Сосын менi сүйрегендей ғып, алдында тұрған орындыққа әкеп отырғызды. Сосын барып жағдайымды сұрады.
— Сен не дедiң?
— Не дейiн? Алты балам барын, үйiмнiң құрсақ көтермеген жас қыздың жатырындай екi-ақ бөлме екенiн айтып, зар илеп қоя бердiм.
— Сосын?
— Ойбай, оның сосыны жоқ. Басекең басын шайқап, көзiне жас алды. Орынан атып тұра кеп: «Мiне, астанада тұратын нағыз қазақты бiрiншi рет көрiп тұрмын», — деп, бетiмнен шолп еткiздi.
— Қойшы?! Рас па?
— Жалған айтсам, жаным шықсын! Тура мына жерiмнен сүйдi, — деп, ол қолымен бетiн көрсеттi. — Сосын орнына отырып, бiр анекдот айтты.
— Ане-е-кдот? Жұмыс уа-а-қы-ы-тында? — дедiм мен жерден шыққан жiктi көргендей үрпиiп.
— Е, айтса несi бар? Одан… былай, тәртiп бұзылып жатқан жоқ қой.
— Сонда… ол қанадй анекдот?
— Ойбай, айтары жоқ, — қызық! Бiр мен сияқты жуан кiсi арықтайын деп Арменияға барыпты. Курортта он шақты күн болыпты. Бiрақ арықтайтын түрi жоқ. Қайта етiнiң үстiне ет қосып, қарнының үстiне қарын қоса берiптi. Ақыры ол орнынан қозғала алмайтын халге жетiптi. Сосын ол бiрде дәрiгерге: «Арықтаймын деп келсем, былай болды. Ендi кәйттiм?» — дептi. Сонда дәрiгер тұрып: «Шын арықтағыңыз келе ме?» — деп сұрапты. «Иә». «Онда менiң бiр ұсынысым бар. Ешкiмге айтпайсыз ғой?» «Мiне, жаным, мiне, иманым, айтпайым». «Ендеше ертең пәлен деген жердегi моншаға келiңiз». Уәде — әуде. Ол ертеңiне такси жалдап, ысылдап-пысылдап, әлгi айтқан моншаға барады. Дәрiгер күтiп ап, оны тыр жалаңаш шешiндiрiп, бiр бөлмеге кiргiзiп жiбередi. Алашабыр бу арасынан анықтап қараса, бiр жап-жас келiншек төрде отыр дейдi. Отырғанда бар ғой, — өзi тыр жалаңаш дейдi. Оны көрiп, бұл қызып кетiп, ал кеп қу! Қарнының қайда қалғанын бiлмейдi. Аяғы жерге тимей, кәйткенде әлгi келiншектi ұстаймын деп, қуады кеп! Келiншек те тiс қаққан пәле екен, тар жерге қамап, ендi ұстап, астыма бүгерлеймiн дегенде, оның астынан бұлт етiп шығып кетедi. Содан не керек, әлгiнiң әбден ит әуресi шығады. Дәрiгер есiктi қағып: «Түгеншеев, уақытыңз болды. Басқа кiсiлер күтiп қалды», — дегенде барып есiн жияды. Содан ол бөлмесiне кеп, түнiмен ұйықтай алмайды. Оның көз алдына лақтай орғыған келiншек елестеп, оны қалай ұстаудың амалын ойлап, кiрпiгi iлiнбейдi. Ертеңiне ол сол уақытта тағы да моншаға келедi. Дереу шешiне сап, бөлмеге қойып кетсе, қарсы алдында түйедей бiр еркек тұр дейдi. Қолында — пышақ. Бұл жаны шырқырап, ал кеп қашады! — деп, Омар одан әрмен әңiгменi жалғастыра алмай, қайтадан түйiле бастаған iшегiне жармасты.
— Ал қашты, — дедiм мен оның жүзiне әжуалай қарап.
— Содан қашып, қашып, әбдән сiлесi құрып, есiктiң алдына кеп құлайды. Киiнiп боп, сырттағы таразыға кеп өлшенсе, тура бес-алты келi салмағынан арылыпты, — дедi Омар әрi қарай шиқылдап.
— Со-о-о-сын?
— Оның не сосыны бар, содан бастықтың көзiнше iшегiмнiң түйiлiп қалғанын көрсеткенiм әбес болар деп, сыртқа шығып жүре бердiм.
— Бар болғаны осы ма?
— Е, саған бұдан артық не керек? — дедi Омар менiң бетiме бажырая қарап.
— Ау, сұрап барған үйiң қайда?
Сол арада Омар бiреу басына сойылмен сарт еткiзгендей сiлейдi де қалды. Ол екi көзi бақырайып:
— Шынында да, сұраған үйiм қайда? — деп, маған қарады.
— Оны мен қайдан бiлейiн. Немене менi үй беретiн бастық дейсiң бе?
— Жо-о-оқ, олай деп тұрған жоқпын. — Ол күмiлжiдi.
— Сонда… берем дедi ме?
— Олай деп ашық айтқан жоқ.
— Әлде бермейiм дедi ме?
— Олай деген де жоқ.
— Сонда не дедi?
— Iждеме де. Бар болғаны анекдот айтты.
Мiне, осындай нәрседен кейiн қалай ойланбассың?! Кәзiр тәртiп, тәртiп деп қақсап жүрмiз. Жұмыс уақытында отыз минутқа дүкенге барып, преферанс ойнайтын карта алайын десең, жiбермейдi. Ал өзi жұмыс уақытында жұрттың жарты сағатын алып, анекдот айтады. Мұны қойын дәптерiңе қалайша жазбайсың?
Ертеңiне қара былғарымен қапталған есiктi торып жүр едiм, iштен шиқылдап Қатира шыға келдi. Екi езуi екi құлағында. Оның қатты күлгенi сонша, аузындағы екi алтын тiсiне дейiн көрiнiп тұр! Бұрын оның күлгенде, екi алтын тiсi көрiншi едi. Кезiнде: Алтын тiс салдыруға Қатира ақшаны қайдан тапқан? Әлде… бiреу салдырып бердi ме! — деп, соның өзi бiраз сөз болған едi. Ендi мына жаңадан салынған екi тiс те бiраз сыпсың шығармай қояр дейсiң бе? Жесiр келiншек алтынды қайдан табады, оған төлейтiн ақшаны қайдан табады? Бәрi де ескерiлмес шаруа ғой. Жарайды, оны қойшы. Бұл неменеге жетiсiп, жырқылдап тұр? Мен оның жанына мысықтабандап жетiп кеп, аш бүйiрiнен шымшып қап:
— Ау, өзiң бүгiн көңiлдiсiң ғой? — дедiм.
— Е, көңiлдi болмай, немене менi байын бүгiн жерлеп келдi дейсiң бе? — дедi ол көзiнен парлап аққан жасын орамалымен сүртiп тұрып. Аңдап қарасам, оның орамалы жасқа малшынып қапты. Шамасы, ол бастықтың кеңсесiнде бiраз сықылықтаған-ау!
— Сен… былай… оған не сұрап барып ең? — дедiм мен қамырдан қыл тартқанадй ғып дымымды бiлдiрмей.
— Не сұрайын. Жатақхана да.
Мен бiрден түсiне қойдым. Бiздiң трест қарайтын министрлiк осыдан он шақты жыл бұрын, қай бесжылдықта екен, әй, бәрi есте тұра қоймайды ғой, әйтеуiр бiр бесжылдықта мiндеттеме қабылдап, жатақхана сала бастаған. Соны он бiрiншi бесжылдықта өлiп-талып бiтуге жақындаған. Мына залым келiншек содан бiрдеме жырмақ қой. Бiрақ жыру үшiн… алдымен өзiңнiң жырылуың керек. Оны… уақытында көре жатармыз. Мен ыржиып:
— О не дедi? — дедiм.
— Не десiн? Анекдот айтты.
— Анекдо-о-от?
— Иә, анекдот. Ой, сондай қызық! — деп, ол қайтадан сықылықтай жөнелдi.
— Е, ол қандай анекдот?
— Оның қандайы жоқ, — дедi Қатира көзiнен аққан жасты шаққа дегенде тиып. — Бәрi жаатқханадан шығады-ау! Баяғыда КазГУ-де бiр жiгiт оқыпты. Оның жатақтағы бөлмесi үшiншi қабатта екен. Оларға iргелесш бөлмеде қыздар тұрыпты. Соның iшiнде бiреуi әлгi бозымбайға қатты ұнайды. Оған сөз айтайын десе, батпайды. Ол әрi жүредi, берi жүредi. Ақыры оған өлеңдетiп хат жазбақшы болады. Бiр ретiн тауып, жылап отырып, хат жазады. Оны қызға бер деп, бiр қу құрдасына тапсырады. Әлгi жiгiт нағыз алаяқ екен. Хатты қызға бермей, ашып оқып, өзі қыз болып: «Түнде терезе жақтан кел. Күтем», — деп, жауап жазады да, оны әлгi жiгiтке бередi. Оны оқып, жiгiт байғұс қуанып кетедi. Бiрақ қыздың бөлмесi үшiншi қабатта. Жiгiт: «Терезеден қалай түсем?» —дейдi. Әлiгi қу: «Оның не түсетiнi бар? Бiздiң терезеден шық та, жақтауға жабысып, көршi терезеге жорғалап бар», — дейдi. Жiгiт қуанып кетедi. Сол түнi әлгi қызға жүретiн жiгiтi кеп, терезенiң төменгi жағында күтiп тұрады. Ал студент байғұс болса, мерзiмдi уақытта өз терезесiн ашып, тырбаңдап, қыздың терезесiне қарай өрмелейдi. Бiр-екi рет құлап қала да жаздайды. Ақыры өлдiм-талдым деп жетiп, терезенi саусағымен қаққанда, iштен қыз жақын кеп, қаусырмалы терезенi сыртқа қарай серпе ашып кеп жiбередi. Жiгiт байғұс шалқ ортасынан құлайды. Құлағанда бар ғой, ұшып кеп, төменде тұрған қыздың жiгiтiнiң мойнына кеп дүрс ете қалады. Ол байғұстың мыйы қозғалып, ауруханаға түседi. Ал студент болса, оқудан шығарылады, — деп, Қатира тағы да сылқылдай жөнелдi. Оның көзiнен тағы да ыстық жас ыршып-ыршып шыға келдi. Оның әр түйiрi, саған өтiрiк, маған шын, тура бар ғой жүгерiнiң дәнiндей!
Мен сол арада шыдамадым:
— Бары сол ма?
— Иә, сол.
— Ал сен кәйттiң?
— Кәйтейiн? Басекенiң көзiнше сорамды ағызып отыра беруге ұялдым да, сыртқа шығып жүре бердiм, — дедi Қатира көзiн сүрткiштеп жатып.
— Ау, алған жатақханаң қайда?
— Ойбай-ау, сол бар екен ғой, — деп, Қатира басына шоқпармен қойып кепқалғанадй самсоз болды да қалды.
— Сонда… былай… бiрдеме ырымдады ма?
— Жо-о-оқ.
— Болмайды дедi ме?
— Жо-о-оқ.
— Болады дедi ме?
— Жо-о-оқ.
— Ау, сонда не дедi?
— Соны өзiм де бiлмейiм.
— Бiлмегенi қалай?
— Бар бiлерiм, ол маған анекдот айтты.
Мә, саған керек болса! Тәртiп, тәртiп деп жарғақ құлағымыз жастыққа тимей жүргенде, он екi мүшесi сау, нағыз тепсе темiр үзетiн келiншектi жарты сағат бойы алаң қып, анекдот айтады! Өзi ғой мына иек астындағы сыраханаға бес минутқа барып, бiр-екi кружка сыраны iшiп келуге кiсiнi жiбермейдi. Ендi мұндай алакөздiкке қалай ренжiмейсiң? Қалай оны қойын дәптерiңе жазып қоймайсың? Жұрт сүйтiп кiсiнi лажсыздан күнделiк жазуға мәжбұр қылады.
Бұдан кейiн де он шақты кiсi мұң-мұқтажын айтып, бастыққа кiрiп шықты. Бәрi де күлiп шықты. Әрине, ол айтылған анекдоттардың қысқша мазмұны менiң қойын дәптерiме түсiп жатты. Сүйтіп жүргенде бiр жыл өттi. Бұрындары артта қап, басынан күнде сын да, таяқ та кетпейтiн трест жыл ортасында ауыспалы Қызыл ту алды. Жұрт мұны неше саққа жүгiрттi. Мен оның сырын айтпай-ақ бiле қойдым. Бiрнеше рет министрлiкке барғанымда, мына бiздi қойшы, ана дап-дардай министрдiң Сәруарбекпен бiрге iшек-сiлесi қата, қайықтай қара машинаға талай рет мiнiп жатқанын өз көзiммен көрген едiм. Оның неге екенiн бiлемiз. Әрине, мұның арғы түбi анекдотта жатыр. Сүйтіп жүргенде бiр күнi Сәруарбектi министрлiкке қарай жоғарылайды екен деген сыпсың тарай қойды. Мен де iшiмнен солай болады ғой деп жүргенмiн. Жел тұрмаса, қамыс басы бекерден бекер қозғала ма? Әсiресе, алып-қашты сөз шықпаса, жұрттың аузы тектен текке жыбырламайды ғой. Мен мына бастық кетпей тұрып, оның алдына бiр кiрiп шыққанды жөн көрдiм. Ертеңiне азаннан аңдып тұрып, жұрттың көзiн ала бере, кеңсеге сып етiп кiрдiм де кеттiм. Сiзге өтiрiк, маған шын, тек қана кiргенiмдi бiлем, шыққанымды бiлмейiм. Есiмдi жисам, коридорда қарқылдап күлiп тұр екенмiн. Үрейлерi ұшып кеткен Омар мен Қатира екi қолымнан тас қып ұстап алыпты. Олар әуелгiде менi бiрдеменiң шалығы шалған деп қалса керек, мен қарқылдап күлген сайын, олар бiр бiрiне ымдасып қап:
— Мынаған бiрдеме көрiнген шығар?
— Перi қағып кетпесе жарады.
— Қасқаның шиеттей бала-шағасы бер едi, — десiп қояды.
Жиналып қалған жұрт та у-шу:
— Шынында да, мынау тегiн емес.
— Мына күлкiнiң түрi бөлек.
— Жолдастар, мұның қол-аяғын байлап, жұмыс уақытында тәртiп бұзып, елдi алаңдатқаны үшiн профсоюздың жиналысына салсақ кәйтедi?
— Жоқ, әуелi не болғанын бiлiп алайық та!
Мен жан-жағыма алаң-ғұлаң ете қарап ап, тағы да қарқылдай жөнелдiм. Омар менi бүйiрiмнен бiр қойып:
— Әй, саған не болды? — дедi.
— Шынында, саған не көрiндi? — дедi Қатира қара санымнан бұрай үзiп ап.
Мен есiмдi тез жиып, оларға:
— Бастыққа кiрiп ем, — дедiм.
Омар мен Қатира ду ете түстi:
— Ол саған анекдот айтты ма?
— Айтқанда қандай.
— Сен оған не шаруамен кiрiп ең?
— Қырымға пөтевке сұрап.
— Бердi ме?
— Ашық айтқан жоқ, — дедiм мен бiреу басыма дәу балғамен бiр қойып кеп қалғандай мең-зең боп.
— Әлде болмайды дедi ме?
— Олай да деген жоқ, — дедiм мен түкке де түсiнбей.
— Сонда не дедi?
— Не десiн? Анекдот айтты.
— Қанда-а-ай?
— Ол… ендi… әйел жолдастар тұр, болмайды ғой, — деп, мен кенет қойын дәптерiме жармастым. Қаламсапбымды ала сап, бүгiнгi күндi, сағатты, оның минуты мен секундына дейiн дәл етiп жазып қойдым.
Мұны Омар мен Қатира да түсiнiп тұр екен. Олар менi оңаша алып шығып:
— Сонда қалай… бiз осы анекдот айтқанға ырза боп жүре беремiз бе? — дедi жарыса сөйлеп.
— Бәсе, десейшi-ау.
— Өзi былай… жөндi анекдот болса екен-ау, қайдағы бiрдеме.
— Оны қойшы. Мына бастықты министрдiң өзiн күлдiрiп, көңiлiн бүлдiрiп жүр дейдi.
— Ол айтқаның рас.
— Ендеше кәйттiк? Бiз осылай ақымақ боп жүре беремiз бе? Ол ертең министрлiкке барғасын, бiр ғана трест емес, министрлiкке қарайтын бүкiл трестердi тарқ-тарқ күлдiрiп, анекдот айтып жұрер. Күлген жерде, жөндем жұмыс бола ма? Оның аяғы…
— Не оның аяғы?
— Онан да… — дедi Қатира.
— Онан да, — дедi Омар да.
Әр жағын тексерушi жiберiп, сұрасаңдар да, айтпаймын. Бар бiлетiнiм, — жақында Сәруарбек басқа кiшiлеу қызметке ауысты. Күлдiргiш неме ғой, кетерiнде езу де тарта алмады. Өзiне со керек! Ендi жақында басқа бiр кiсi бiзге бастық боп келмекшi. Сырттай естуiмше, оны картөжiнiк дейдi. Қызып кеткенде, кеңсенiң есiгiн iштен iлiп ап, қарауындағылармен қарта ойнайтын көрiнедi. Соны естiгелi дүкендердi жағалап жүріп, он шақты карта сатып алып қойдым. Кiм бiлiптi, бiр керегi боп қалар.
Бiр күнi министрдiң өзi кеп, жаңа бастықты әкеп, қызметкерлермен таныстырып, креслосына отырғызып кеттi. Жұрт оны құттықтап жатыр. Бастыққа Омар мен Қатира үшеуімiз қосыла кiрiп, жақында ғана курорттан келiп ек деп, бiр-бiр картаны сыйға тарттық. Оны көрiп бастықтың көзi тышқан көрген мысықтың көзiндей боп бiр түрлi жылтырай қалды. Мен iшiмнен мырс-мырс күлдiм: құдайдың бергенi осы де! Содан кабинеттен шығып, өз кабинетiме кеп, тартпамды ашып, қалыңдығиы бармақ елi келер жаңа «обший дәптерiмдi» суырып алдым. Жаңа бастыққа жаңа дәптер арнамаса болмайды ғой! Ертең бәрiмiздiң қандай кәртөжнiк болып шыға келетiнiмiздi кiм бiлiптi? Соның тарихын аурудың тарихындай етiп анықтап, бажайлап жазып қоймасаң, болмайды. Кейде осыны жазғың да келмейдi. Бiрақ… жұрт үйтпесiңе қоймайды. Сосын, амалсыздан, «күнделiк» жазасың.
Содан көп өтпей-ақ, қойын дәптерiме кiмнiң қартадан қанша ұтылғаны жайлы цифрлар мөлдiреп түсе бастады…

 

09.08.1984 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *