Месқарын мен ашқарын кездеспейтiн жерде кездесе қалды. Месқарын ырқылдап тұрып, бiлемденген бұғағын көтерiп тұрып:
— Әй, артынан құтырған ит қуғандай қай жаққа асығып барасың? — деп сұрады.
— ЦУМ-ға, — дедi ашқарын таяқ жейтiн боксшыдай басын iшiне тарта түсiп.
— Ойбай, онда қалтаңа он бес сомыңды сала бар, — дедi месқарын оған жанашырлықпен қарап.
— Е, неге?
— Ойбай, оның негесi жоқ. Сен ана… ЦУМ-дағы сұмдықты естiмеп ең?
Ашқарын үстіне бiр шелек мұздай суды құйып жiбергендей тұла бойы тiтiркенiп, алға қарай еңкейе түсті:
— О не пәле?
— Пәлесi сол, онда барсаң, он бес сом ыштырап төлейсiң.
— Не үшін?
— Ойбай, оның не үшінi жоқ. Кәзiр кооператив деген көктемгi шөптей қаулап өсiп кеткен жоқ па? Жұрттың бәрiнiң бай болғысы келедi. Бәрi соның кесiрi ғой. — Месқарын жан-жағына жалтақтап қойы, әңгiмесiн әрi қарай жалғастырды. — Кеше басым тоңып жүргесiн… мына желөкпе жастардай қақаған сары аязда жалаңбас жүре алмайсың, құлақшын ала қояйын деп ЦУМ-ға барып ем, барғаным бар болсын, жаным көзiме көрiндi. Үйден ана құрдасың көксоққыр майысып құйып отырғасын, былай… қою шәйдi көбiрек iшiп қойып ем, дүкенге әзер шыдап жеттiм.
— Иә, сосын?
— Сосыны болсын, баяғыдай көрiп, шалбарымның ауына жармасып, ана әжетханаға жетiп бармайым ба? Барсам, бала, масқара… құдды машина сатып жатқанадй, халық деген қаптап тұр. Әуелгiде шынында да деписит бiрдеме сатып жатыр ма деп қалып ем, сүйтсем… бәрi басқаша екен.
— Не басқаша? Асықпа. Оны әлi түсiнесiң. Содан не болды дейсiң ғой? Баяғы ожар мiнезiме басып, оң келгенiн оң жаққа, сол келгенiн сол жаққа итермелеп, iшке кiре берiп ем, тайыншадай бiр әйел арс етiп, жағама жармаса кеттi.
— Астапыралла! Е неге? — дедi ашқарын одан әрмен үрпие түсiп.
— Ол маған алара қарап: «Жолдас, он бес тиын төлеңiз»,— дейдi. Мен оған: «Е, неге?» — дейiм. Ол қолымен көрсетiп: «Мына әжетханаға бiр кiрiп шыққаныңыздың құны сол», — дейдi. Мен iшiмнен тiлiмдi кәлимаға келтiрiп: «Ау, бұ қайдан шыққан заң? Оны қашан қабылдап үлгерiп едi?» — дедiм. Әлгi әйел маған халық жауын көргендей боп тұрып, түнерiп: «Бүгiннен бастап мұнда заң осылай. Әжетхана кооператив болды. Соған қанша кiсi кiрiп шықса, бiздер содан соншама айлық аламыз. Адамдардың санының көбейген бiзге пайдалы. Кейiнiнен премиальный болады», — дейдi. Мен оны ойнап тұрған шығар деп, iшке тағы да омыраулап кiре берiп ем, әлiгi әйел жағамнан айрылар емес. Ана киноларда шпиондарды ұстайтындар бар емес пе… иә, иә, дәл сондай! Өзiнiң кеңiрдегiмдi жұлып алудан тайынатын түрi жоқ. «Кәне, төлеңiз, қиқаңды қойыңыз», — дейдi түрi сұп-сұр боп. Құрсын, онымен бажылдасып абырой таппаспын деп: «Майда тиыным жоқ едi. Былай… қарызға… не етсек кәйтедi?» — дедiм. Ол: «Онда бастыққа кiрiп, кредитке документтерiңiздi оформить етiңiз», — дейдi. Мен дызығып, белiмдi бұраңдатып тұрып: «Ойбай-ау, оған дейiн… былай… шыдау деген…» — десем, әлгi әйел: «Онда менiң шаруам жоқ. Бiрiншiден, сiздiң ақшаңыз жоқ. Екiншiден кезектен тыс кiргiңiз кеп тұр. Ал бұл үшін аккордно, үстеме ақша төлеу керек. Үшiншiден», — дедi. Мен сасқалақтап: «Не үшіншiден?» — дейiм. Ол түнерiп тұрып: «Кәзiр перестройка. Бұрынғы заман қалған», — дейдi. «Ойбай-ау, қалғанда… өзi Сәбет заманы емес пе?» «Ну и что?» «Ойбай-ау, бұл деген бұрын… бесплатно едi ғой». «Ол ендi қалды». «Неге?» «Негесi сол, — әйел түнере түсiп. — Кәзiн ақшасыз… болмайды». «Сонда қалай?» «Қалайы сол, — дедi әйел әлдеқандай терең ойға батып. Сосын ол маған көзiн қыса қарады. — Сiз осы таңертең тамақ iштiңiз ғой». «Иә, iштiм». «Оны бесплатно iштiңiз бе?» «Е, неге?» «Тамақты ақшаға сатып алдыңыз ғой?» «Сатып алғам». «Ендi… Сiз ақшаға сатып алған тамағыңызды… былай… ақшасыз бiзге ақтара салмақсыз. Бұл деген капитализмнiң ережесiне сай келмейдiң. «Қарағым, ендi былай…» «Жоқ, балмайды. Барып кезекке тұрыңыз», — деп әйел тура жарқын болашаққа жол сiлтейтiн кiсiше ұзын кезектiң соңын қолымен нұсқады. Кезегiне қарасам, ол түспегiрiңнiң соңы айдаһардың құйрығынша көшенiң арғы бетiнде тұр! Ол жетем дегенше… шәй түспегiрiңдi көптеу iшiп қойған басым… шыдай алмай барам. Күн болса, екi бастан қақап тұр. Мен оған: «Сiз менiң жағдайымды түсiнiңiзшi, былай… шыдай алмай барам», — десем, әйел безерiп: «Сыраны аздап iшу керек», — дейдi. Мен оған: «Кешiрiңiз, iшкенiм сыра емес, шәй», — дедiм. Әйел одан әрмен түнере түсiп: «Оның шәй әлде сыра екенiн экспертизаға салғанда барып бiлемiз. Мына жұрт та шыдай алмай тұр. Сiз немене олардан артықсыз ба? Кәне тәртiп бұзбаңыз, былай тұрыңыз», — дедi. Мен оған жағына күлiмсiреп: «Ендi былай… бiр жолға азамштылық жасап жiберiңiз, Мынаны өзiңiз-ақ ала салыңызшы», — деп, қалтама қол сала берiп ем, әлгi әйел: «Мынау пара бергiш нағыз жағымпаз ғой. Немене менi соттатайын деп жүрсiз бе?» — деп баж ете қалды. Кезекте тұрған кiсiлер соны естiп: «Жолдас, тәртiп бұзбаңыз. Немене бiздi ойнап тұр дейсiз бе? Бiз де шыдамай тұрмыз. Бiрақ… шыдаймыз. Кәне, былай, кезекке тұрыңыз», — дедi менi шауып алатындай боп бәрi бiрдей қабарып. Мен дызақтап: «Былай… жолдастар, жағдайымның қиын боп тұрғаны. Болмаса, кезекке тұрам ғой», — дедiм мүләйiмсiп. Бiр қоңқақ танау кiсi аузынан арақ сасып тұрып: «Бiр бөшке сыра iшкен мен де шыдап тұрмын. Мынау өзi… былай, коррупция жасап, алдымызды орап өтiп кетпек қой, ә? Өзi ана… ана ше, иә, соның алаяғы емес пе?» — деп сұқ саусағымен төбенi көрсеттi. Мен иманым қара таяқтай боп: «Ойбай, оның атын атай көрме! Атамнан әрмен! Менiң пәмилем басқа», — деп, қысылтаяң кезде қалтама қол салсам, әшейiнде топылып жататын қара бақырдан қара бақыр жоқ! Сосын: «Қой, болмас. Бүйтiп тұрып, бұтыма… масқара болармын. Оны жуып беретiн қатынның түрi белгiлi», — деп ойлап, дедектеп отырып, сыртқа шықтым. Алақ-жұлақ етiп, бiр көзден тасалау жер iздеп едiм, ол орындарда қызылжаға деген қаптап жүр екен. Қой, басым пәлеге қалар деп, табаныма темiртiкен кiргендей дызалақтап, қайтадан iшке кiрдiм. Барлап қарасам, әлгi тайыншадай әйел ендi басқа бiреудiң жағасына жармасып үлгерген екен. Сол алас-қапасты пайдаланып, ананың көзiн ала бере iшке зып еттiм. Дiрдектеп тырып, келе жеттiм бе, жетпедiм бе деп, ендi былай… не ете берiп ем, бала, бiреудiң желкемнен былай… бүре кеп ұстағаны! Басымды миқұрт болған қойша шайқап-шайқап жiберiп, жалт қарасам, көз алдым тұманданып сала бердi. Бүрiп ұстап тұрған әлгi қызылкөз қызылжағаның өзi! Қасында — бағанағы тайыншадай әйел! Әйел келе: «Мiне, қоғам тәртiбiн бұзушы! Өзi кооператив қозғалысына қарсы. Перестройкаға қарсы», — дедi. Соны естiген қызылжаға маған атып жiберердей боп алара қарап: «Кәне, жүрiңiз», — дедi менi сыртқа қарай сүйрелеп. Мен апалақтап: «Сiз сүйремеңiз. Мен онсыз да жүрем. Бiрақ соның алдында… былай… не етiп», — десем, ол: «Қалғанын… сыртта… сөйлесемiз», — дейдi. Мен: «Ол өзi… сыртта ұят болады ғой», — десем, қызылжаға: «Ұяты бар кiсi бұлай iстемейдi. Қиқаңды қойыңыз», — дедi де, менi союға арналған лақша бақыртып сыртқа алып шықты. Мен болсам, алас-қапаста, былай… төгiп-шашып дегендей… шалбарымның замогын шаққа дегенде салып үлгердiм. Қызылжаға содан менiң қолымды артыма қайырып, дүкеннiң бiр бастығына алып барды. Қызылжаға оған: «Iшке пұл төлемей кiрiп кетiп, қоғам мүлкiне зиян жасағысы келген кiсi екен. Оны қылмыс үстінде ұстап алдық», — дедi. Мен оған: «Қандай қылмыс?» — дедiм. Қызылжаға: «Сiз оны бiлiп тұрсыз», — дедi. Мен қырсығып: «Жоға, сiз ашық айтыңыз, ол қандай қылмыс?» — дедiм. Қызылжаға түнерiп: «Сiз былай… не етiп», — дедi. Мен оған аларып: «Жоқ, мен үйткен жоқпын», — дедiм. Қызылжаға тiкiрейiп: «Әй, сен не деп тұрсың, а? Үйтпедiм деген не? Мен сенi, тойыст, Сiздi… аса зор қырағылық көрсетiп, сондай әрекет еткелi жатқанда ұстап алғам жоқ па?» — дедi. Мен оның зәрлi түрiн көрiп, пәле боп кетер деп: «Жарайды, оны рас дейiк», — дедiм. Қызылжаға масайрап: «Бұл бiр. Сол арқылы сiз кооператив қозғалысыныа қарсы екенiңiздi, перестройканы ұнатпайтыныңызды көрсеттiңiз», — дедi. Мен иманым ұшып: «Жоқ, олай емес», —дедiм. Сол арада дүкеннiң бастығы жауар бұлттай түнерiп: «Сiз немене қайта құруға қарсысыз ба?» — деп сұрады. «Жоқ, ойбай». «Ендеше неге тиын төлемей туалетке кiресiз?ң Мен: «Былай, шыдамай», — дедiм мiңгiрлеп. Бастық: «Өзiнiң ақшасы жоқ, бiрақ шыдамайды, қарай гөр бұларды? Жоқ, бiз ендi мұндай басбұзарлыққа бiз төзбеймiз. Кәне, айыппұлыңызды төлеңiз. Болмаса кәзiр протокол жасаймыз да, iсiңiздi сотқа өткiземiз», — дедi. Мен: «Пұл болғанда… өзi қанша?» — дедiм зәрем ұшып. «Бiзде кәзiр он есе жүз есеге өскен. Ақша дегеннiң құны жоқ. Ызнашит, сiз он беш тиын орнына он бес сом төлейсiз», — дедi бастық бетi шiмiрiкпестен. Мен бiреу ракетаның құйрығына байлап, ғарышқа зорлап ұшырып жiберетiндей шошып: «Ойбай-ау, бұ деген… кiсiнi тонау ғой», — дедiм. Бастық мiз бақпай: «Кеше тоқырау кезiнде сiздер бiздi осылайша тонап келдiңiздер. Ендi дүние кезек деген», — дедi. Мен ашуланып: «Тоқырауда менiң шаруам жоқ. Кәзiр мен… жоғарыға барам», — деп, қызылжағаның қолынан бұлқынып босанбақ болып едiм, өзiнiң қолы темiрдей екен, саусағымды сындырып жiберердей қысып тұрып: «Кәне, болыңыз. Отпен ойнамаңыз. Сiзге қарап тұратын уақыт жоқ», — дедi. Сол арада бастық жұдырығым үстелдi бiр қойып: «Мынау бiр… жақсылықты бiлмейтiн бiреу екен. Кәне, қойны-қонышын тiнтiп, документiн алыңдар. Осы жағдайды айтып, жұмыс орнына жазамыз», — дедi. Сол екен, әлгi екеу бас салды. Олар қойны-қонышымды тiнтiп, паспортымды тауып ап, данныйымның бәрiн жазып алды. Сосын қайқайтып тұрып он бес сомымды шытырлатып санап алды. Содан не керек, пәледен құтылдым ба, құтылмадым ба деп, сыртқа шыға берсем, тайыншадай әйел жетiп кеп: «Мә, квитанцияңыз», — дедi. Мен оған аларып; «Оның маған не керегi бар?» — дедiм. Әйел ыржиып: «Бiз қызметтi таза iстеймiз. Бiреудiң ала жiбiн аттамаймыз. Мынаны соңыра әйелiңiзге барғанда көрсетесiз», — дейдi. Сонысы мынау, — деп, месқарын қалтасына қолын салып, мыж-мыжы шыққан, сарғая бастаған квитанцияны көрсеттi. — Құрсыншы, оны қойшы. Ең қиыны, жаңа ғана жұмыста ашық жиналысқа түсiп, талқаным шықты. Содан келе жатқан бетiм осы. Ана қызметтес қулар… әбден ит сiлiкпемдi шығарды.
— Е, неге? — дедi ашқарын таңғалып. — Ау, ол деген адамның табиғи… былай физиология бойынша.… қажеттi нәрсесi емес пе?
— Ол дұрыс қой. Бiрақ бұ хабар комиттетiң батығының құлағына тиiптi. Содан, ана бар ғой, ұзын тұра, салаң сары Пәлекенов дейтiн пәртпелсiз министр Тәукебайыпқа тапсырыпты. Сосын… оның қолына түскесiн…
— Сонда, о не дейдi?
— Не десiн, сәбет азаматының бұлай қоғамдық жердi ластап, тәртiп бұзғаны социалистiк қоғамымызға жат қылық дейдi. Кiсi деген абайламас па, үйден шығарда шәйдi аздап iшу керек едi дейдi.
— Сосын?
— Оның сосыны, ашық жиналыста Тәукебайып бiр шешiмдi бiр ауыздан қабылдатты.
— О қандай шешiм?
— О қандай болсын, бұдан былай қарай азаматтар таңертең шәй iшудi доғарсын, оның орнына бiр ыстақан сок iшсiн деп, шешiм қабылдады. Соны ана залға iлiп қойды.
— Рас па? — дедi ашқарын көзi алақандай боп.
— Бала, жағдай солай, — дедi месқарын ырқылдап тұрып. — Кәзiр қалтаңда он беш тиын, тiпте он бес сомың болмаса… ана туалетке кiрудiң өзi қиын. Сосын… шәй iшiп, көшеде жүру… өте қауiптi.
— Ойпырмай, ә?! — дей берiп, ашқарын қабағын аз түйiп тұрды да, iзiнше тез жадырады. — Бала, мынау айтқаның жақсы болды. Бiздiң үй ана сыраханаға жақын едi. Со жерде бiр… қирап жатқан әжетхана болатын. Басыма бiр ұлы идея түсiп тұр. Соны… әлгi әжетхананы бүгiннен бастап жөндеп, приватизациялап алып дегендей… былай, платный қылып, бiр кәсiп жасамасам болмас. — Ашқарын оған ендi қарамай жалт бұрылып, автобус тоқтайтын жерге қарай жүгiре жөнелдi.
Месқарын оны тоқтатпақ боп:
— Ойбай, және бiр қызығы бар, — деп едi, ашқарын оған мойнын да бұрмастан:
— Оны тағы бiр кездескенде айтарсың. Время — деньги деген. Мынаны… басқа жұрт естiмей тұрғанда, ананы… жекешелендiрiп алайын, — дедi де, аяғы жерге аннан-саннан бiр тиiп, артынан құтырған ит қуғандай жүгiре жөнелдi.
Месқарын сол орнында ит көрген ешкiдей сексидi де қалды. Сосын өзiне өзi күбiрлеп:
— Осы өзiмдi де ататын кiсi жоқ. Мұндай бизнес жасайтын қымбат идеяны кiм көрiнгенге айтып нем бар едi? Одан да әлгi туалеттi өзiм иемденсем ғой, былай… ана сыраханаға барған кiсiнiң қуығы резеңке ме? Оны қаншаға дейiн созылады дейсiң? Созылғанда да, оның да шегi бар емес пе? Сосын ол, амал жоқ, сыртқа шығады. Бұрынғыдай далаға… төгiп-шашып жатса, ана қызылжағамен жең ұшынан жармасып, оны қаматып жiберiп дегенедй… Содан кейiн, олар менiң приватизацияланған әжетханама келмей көрсiн? — Месқарын саусағын бүгiп, есеп жасай бастады. — Сыраханаға күнiне жүз кiсi келсiн дейiк. Жүздi он беске көбейткенде мың жарым болады. Оның екi жүзiн ана мiлитсаға ауыз бастырыққа берейiн. Сонда бiр мың үш жүзi қалмай ма? Оның үш жүзiн ана сыраханашы берсем… Сонда… бергенде бар ғой, ана әптектен қуыққа су тұрғызбайтын порошокты сатып ап, сыраханашыға сыраңа қосып жiбер демеймiн бе? Сонда ол сыраны iшкен адам туалетке… сағатына бiрнеше рет келедi. Ал бұл машинамен бiр затты тез-тез шығарғанмен бiрдей. Мiне, пайда деген қайда жатыр, ә? Сонда… бiр жыл өтпей-ақ су жаңа «Жигулидiң жарқыратып мiнiп алмаймын ба? — Сосын ол автобус тұратын жаққа қарап тұрып, санын бiр соқты: — Қап, нағыласың?! Қой, мен осы нағып тұрмын? Уақыт ақша деген. Онан да осы қымбат идеяны менiкi, сотқа берем деп, әлгiнi шошытып… былай жарты пұлына келiспеймiн бе? — Ол кенет ашқарынның iзiнен борсаңдап жүгiре жөнелдi. — Әй, тоқтай тұр! Сен ғой осы… ақшаң жоқ, менiң ақшам бар. Одан да бөлiнбей, бiрiгiп, жаңа кооператив ашайық та, он беш тиынды жетi жарым тиыннан бөлiп алайық. Ол бiздiң iшiмiздi жара ма? Әй, тоқта!
Месқарынның аяғы аяғына жұғар емес.
06.04.1988 жыл