Қамытыңа құлдық

Қымбатты қатын-қалаш…. кешiрiңiздер, әйелдер мен келiншектер, қыз-қырқындар! Ұлыстың ұлы күнi сiздерге айтар сары майдай сақтап жүрген бiр сырым бар едi. Сырым сол — мына мойыным толы қамыт. Қамыт болғанда қандай! Әрқайсысы елу сомнан кем емес! Мен оның құнын емес, пұлын айтып тұрмын. Оған кiнәлi… Асықпаңыздар, оның бәрiн кәзiр сiздерге мөңiретiп тұрып айтып берем.
Өздерiңiз бiлесiздер, алтыннан ардақты, күмiстен салмақты әйел жолдастардың өздерi: “Еркектердi қорғайық!” — деп, барша дүнияға жар салды. Дұр-р-рес! Менiң де тоқсан қыздың iшiнен таңдап алған қамажайым да солай деп күнде айқайлайтын. Тура Сталин заманында болған гудок сықылды. Онда да… түнгi сағат үште… үште… өздерiңiз бiлесiздер, былай қызып… тәртiп жағын бұзып, келесiң. Сүйтiп дiңкәң құрып жатқанда… әйелiң кеп: “Надо беречь мужчин деп жүрген мен де ақымақ! Не көл-көсiр байлығың жоқ, не дұрыстап табатын айлығың жоқ! Қолың тамақтан кетпейдi, аузың арақтан кеппейдi. Аты еркек демесең, заты қолына келтек те ұстай алмас бiреусiң! О құдай, ашылмаған маңдайым!” — деп айқайлап, маңдайын төбелегенде бар ғой, тура бiреу құлағыңның түбiнен барабан соғып жатқандай болады. Ана шулыған…. ансамбльдер бар ғой, дәл сондағы даңғыра сияқты. Содан кейiн, мықты болсаң, ұйықтап көр! Онсыз да әңкi-тәңкiсi шығып жатқан басың таң атқанша атала боп кетедi. Сағаттың тiлi сегiзге келген бойда от басқан мысықша бажылдап қоя бергесiн-ақ, өкiреңдеп орныңнан тұрып, жазылмаған басыңды қолыңа ұстап, жұмысқа таясың. Автобуста алысып-жұлысып жеткен бойда, бастығың қабағынан қар жауып: “Бала, басың бас емес сияқты. Сабағынан үзiлiп түскен алма сықылды, бiр жағына қарай қисайып кетiптi ғой”, — дейдi. Мен амалсыз ыржиып: “Ол сабақты ана Мичурин сияқты былай… жалғап, емдеп жатқан азамат қайда?” — дейiм. Бастық кiржиiп: “Осы еркектердi қорғайық деген ұран бар емес пе? Солар… осындай кезде неге қорғап қалмайды, а?” — дейдi. Мен басымды ие түсiп: “Қазақ өзiңе өзiң бекем бол, қоңсыңды ұры тұтпа деген. О да бiр қоңсы ғой”, — дейiм. Сол екен, бастықтың мейрiмi түсiп, көзiн қысып, кеңсесiне алып барады. Есiктi iштен құлыптап, буаз болған қара сиырдай қарны шермиiп тұрған сейфiн аша сап, лық-лық еткiзiп… анадан да… иә, содан құйып бередi. Мен әлгi лықылдағанды қылқылджатып кеп, әй, бiр жұтам! Содан кейiн көзiм светофорша жарқ ете қалады. Ақыры сүйтiп светофорша жарқ-жарқ етем деп жүрiп… көшенiң бұрылысында апатқа ұшырған автомобильдей болдым. “Бүйткен еркектi қорғағанша, қорғасын қазып кеткенiм жақсы!” — деп бiрiншi тоқсан қыздың iшiнен таңдап алған қамажайым бiр күнi… үйден қуып шықты. Қуғаны бар болсын, айлығымның үштен бiрiн ай сайын шытырлатып алатын болды. Сүйтiп, алимент дейтiн кәрәмәт бiр қамыт мойыныма сарт ете түстi.
Ендi мен қулыққа ашып: “Надо беречь женщин!” деген ұранға көштiм. Жиналыс сайын: “Жолдастар, әйелдердiң еңбегiн жеңiлдету керек. Олар жұмыс iстей ме, бала таба ма, бала баға ма, дүкенге бара ма? Ойбай-ау, бұ деген нағыз қара нардың көтеретiн жүгi ғой. Жасасын бiздiң қара нардай қатындар… тойыст, әйелдер!” — деп айқайлап тұрғаным. Соныма қарап, қолда барда алтынның кәдiрi жоқ деп ойласа керек, өзiммен бiрге iстейтiн, аузынан сигаретi түспейтiн, енi сала құлаш, салмағы тоқсанның ояқ-бұяғына жетiп жығылатын бiр бұраңбел жерден жетi қоян тапқанадй ыржалақтап жетiп келсiн! Қылжақтап қалжың айтқан болсын! Мен де оның көкейiн тесiп тұрған нәрсенi аңдай қойып, құданың нәсiп қылғаны осы шығар деп, қалжыңына орай қылжақ айттым. О да сен тұр, мен атайынның өзi екен, бiрден тiл табыса кеттiк. Мен әуелгiде сақтық ойлап: “Сiз… былай… лағынып қалмаңыз. Мен деген мойнында алимент дейтiн қамыты бар қасқамын”, — деп ем, әлгi сұңғылам: “Жiгiтке жетi алимент те аз. Алимент төлемейтiн еркек еркек пе тәйiрi? Маған да сондай бiр жексұрын ай сайын қызылала, көкалаларды шытырлатып төлеп тұрады. Бұл өзi… ерулiге қарулы деген, О жағынан қысылма”, — дедi. Мен қуанғаннан алақаныма түкiрдiм. Бүйтiп түкiргенiм бар болсын, бiрiншi айлығымды мұртын бұзбастан үйге алып келген күнi… әлгi бұраңбелiм: “Қабанды да шошқа деп, осыны да ақша деп!” — дедi де, бетiме және пұлға былш еткiзiп түкiрiп жiбердi. Мен заң бiлетiнiмдi көрсетiп: “Бұ деген совет ақшасын қорлағандық! Ақшаға түкiруге болмайды!” — дедiм, “Неге?” — дедi ол менiмен күресетiн кiсiше екi бiлегiн сыбанып, орынынан түрегелiп. “Өйткенi онда… ананың… суретi бар”, — дедiм мен төбенi көрсетiп. Әлгi бұраңбелiм: “О да мен сықылды анадан туылған шығар? Мiне, көрдiң бе, аяғым ауыр! Ендi арқам жауыр боп сенi арқалап жүретiн жағдайым жоқ. Сен менiң ашсам алақанымда, жұмсам жұдырығымдасың”, — дедi. Мен сасқаннан: “Сонда кiсiге түкiре ме екен?” — дедiм. Ол маған халық жауын көргендей түнерiп: “ Сендер түкiргенде… жақсысыңдар. Бiз түкiрсек сонда не болады? Ендi сендердiң беттерiңе бiздер түшкiремiз!” — дедi ол кеудесiн соғып. Мен сол арада қырсығып: “Құрысын бүйткен әйел жынысы!” — деп, қалай ұрандатып жiбергенiмдi аңдамай да қалдым. Әлгi бұраңбел: “Мен саған құрығанды көрсетейiн! Тұқымыңды тұздай құртайын!” — деп… тұра Ѕмтылды. Әрине, пышаққа емес, ана қара телефонға! Қара телефон шыр ете қалғасын, қара машина тез арада зыр ете қалды. Оның соңы… белгiлi. Оны қойшы, ертеңiне көкемдi көзiме көрсетiп, ашық жиналысқа салды. Әйелдер бiрiнен соң бiрi шығып сөйлеп: “ Бұ деген феодализм! Бисаясилық! Әйел жынысын құртып, еркектердiң өздерi ғана жүрмек?! Сонда махаббатты олар қайдан табады? Таудан ба, тастан ба? Бiзсiз олар қалай өсiп-өнедi? Мұның артында совет семьясын қорлау тұр ғой! Мұндай ескiшiл элементтердi екi көзiн ойып, өзiн жойып, тыныш табу керек!” — дедi. Сүйтiп, олар менi талқыға салам деп, талқанымды шығарды. Ақыры… алимент дейтiн екiншi қамыт мойныма сарт етiп түсе кеттi. Сол жерде қара ақылға сап, саяси жақтан сауатты екенiмдi көрсетiп: “Жасасын қамылт жеккiштер мен шабыт бергiштер!” — деп айқайлап жiбердiм. Өз ұраныма өзiмнiң сенгенiм соншалық, көзiме ылссы жас кеп қалды…
Содан кейiн… менiң өмiрiм шайтанкино сияқты… ана мультфильмдi айтам, шыр айналды да кеттi. Бiр жерге кiргенiмдi бiлем де, шыққанымды бiлмейiм. Яғни, кiрген iзiм бар да, шыққан iзiм жоқ. Оның үстiне мойнымда екi қамыт бар. Мен қасқа арбаны қияға тартқан қара өгiздей әлгi қамытты киiп ап, алға қарай, ырсылдап тартып келем, тартып келем. Бiрде басымды шайқап-шайқап жiберiп қарасам, соңымнан қасы-көзi сүзiлген, алтын тiсi тiзiлген бiр күлiмкөз ерiп келедi! Келе ол: “Ойбой, жұрт етiктi дефицит дейдi, ал мен еркектi дефицит деймiн. Сендер деген сары белден сарғайып таң атқанда да таптырмас сары алтынсыңдар ғой! Қойыны құт Қаратаудай таусылмас қазынасыңдар ғой!” — деп, тура былай… қолтығымнан ала кеттi. Ала кеткесiн, амал жоқ, мен де… оны… бiр жаққа ала кеттiм. Ертеңiне мен оған сақтық ойлап: “Кешiрiңiз, мен қазынасы таусыла бастаған кенсiз Қаратаудаймын. Үйiнде бұйымы, қалтасынды тиыны жоқ дегендей… Мойнымда екi қамытым бар!” — деп едiм, әлгi құйқылжыиған күлiмкөз: “Қатынсыз еркек болмас, қамытсыз өгiз болмас. Сен менiң аңсаған өгiзiмсiң!” деп, әндетiп қоя бердi. Мұндай тамаша мақалдан кейiн көзiме әр түйiр бұршақтай жас келе қалды. Сол арада әлгi бұраңбелiм өзiнiң биолог екенiн көрсетiп, көз жасымның бiр тамшысын шыны таяқшамен iлiп ап, микроскопқа салып қарады. Қарады да: “Ойбой, мына жастың тоқсан процентi iспiрт сасып тұр!” — деп, таңдайын тақ еткiздi. Бәрiн айтпай-ақ бiлiп тұр! Амал жоқ, бас еркiмдi бердiм. Сол арада: “Апарар коммунизмге қара өгiзбiн”, — деп, мен де әндетiп қоя бердiм. Ол бас жiбiме жармасты. Оның жармасқаны бар болсын… бiр жыл өтер-өтпестен… қолыма соттың қаулысын ұстатты. Сүйтiп, мойныма үшiншi қамыт сарт етiп түсе кеттi.
Көрдiңдер ме, ағайындар, сүйтiп мен мына орыс халқында үш ат жегетiн бар ғой… иә, сол… үш қамыты бар тройка болдым. Онда да тройной одеколонға тоймайтын тройкамын! Мұның мағынасы өте көп. Тройка дегенi, өздерiңiз бiлесiздер, үшеу, былайша айтқанда, үштiң бiрi деген сөз. Ал мен жалақымның үштен бiрiн ғана алам. Оның шамасы белгiлi. Оған қоса… бөтелке дегенiң… ана Турчатникте үштен екiдей тұрады. Сосын өзек жалғап көр! Әсiресе, ана алиментшiк өгiздер… жалығып көрсiн! Содан қысылғаннан бас қамын жасайын деп, басы бос келiншектерге жұғысып көрiп ем, олар тура қотыры бар қошқарды көргендей шошып: “Құрысын қамыт киген өгiздер!” — деп ұран салды. Мен оларға ерегiсiп: “Құрысын қамыт салғыш қатындар!” — деп ұрандадым. Сүйтiп әйел жолдастармен осы ғасырдың аяғына дейiн тiл табыса алатын түрiм жоқ. Сондықтан де 8 март мейрамы алдында сiздерге өтiнiш жасағым кеп тұр. Шынын айтсам, мен әлi де талапй қамыттан бас тартпаймын. Бiрақ… маған осы жерде басқа бiреулерге үш қамыт жеккен сұңғыла қажет. Яғни, үш кiсiден алимент алатын жарқын түстi, алтын тiстi әйел керек! Сонда ол үш қамыттың құнын алады, ал мен үш құнын басқаларға берем. Демек, есебiм толық. Сондай үш қамыты бар тройкаға мiнiп ап, жиырма бiрiншi ғасырға қарай жаулап келе жатқан бұраңбел табыла қалса, мен қуаныштан кеудемдi аяққаптай ғып: ”Жасасын қамыт жеккiштер мен қамытқа жегiлгiштер!” — деп, ұран тастар едiм. Сiздер соған көмектессеңiздер, тағы да бiр қамытқа жеңiлуге қотыры шыққан мойным дайын…

 

Март, 1989 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *