Ағайындар, бiлетiн қос сөздерiң бар ма? Мысалы, қой-пой, ет-мет, арақ-марақ… Құдай сақтасын, ойнап айтам. Оны неге сұрап тұр дейсiздер ғой? Себебi бар. Себебi сол, кәзiр қазақтың қос сөздерi ана академияда емес, шын айтам… ырыстрандарда терңiнен зерттеле бастады. Неге күлесiң? Шын айтам. Нанбасаң, менi ырыстранға шақырып көр. Көзiңдi әбден жеткiзейiн. Олай дейтiнiм, оған жақында көзiм анық жеттi. Жеткенде бар ғой, сонау сырық бойламайтын тереңiне барып бiр-ақ жеттi. Ендi соған келейiн.
Осыдан бiр жұма бұрын баяғыда бөтелкенiң “бабында”, сырахананың жанында танысқан ескiкөз жолдасым кездесе қалды. Амал жоқ, ашпағаныма бiр айдың… жо-о-оқ, бiр аптаның жүзi боп қалған ырыстранның есiгiн ашуға тура келдi. Бұрын аяғы аяғына жұқпайтын даяшылар ендi тобығына тоқсан тонна келер қара тасты байлап қойғандай, ырғалып, қозғалмайды-ау, қозғалмайды! Олар осы жолы да сүйттi. Бiз болсақ, қаулыдан кейiн күрт тыйылып, аузымызға арақ түгел, шалап апармайтындарданбыз. Дереу қыдыңдап жетiп келген даяшыға не iшiп, не жейтiнiмiздi айттық. Ол бiзге танауын шүйiре қарап тұрып:
— Тағы не керек? — дедi.
— Осы да жететiн шығар, — дедiк бiз қосарланып. Ананы әкел, мынаны әкел деп кергiп жататын заман қайда?
— Су-пу дегендей, — дедi даяшы күлiмсiрей қарап.
— Е, су iшемiз ғой, — дедiк бiз ешнәрсенi аңғарамй.
— Қандайын? — дедi даяшы.
— Қанадйы болушы едi, балдайын ад… тойыст, былай… дұрысырағын, — дедiм мен ыржиып.
— Дұрыс. Су-пу болады, — дедi ол танауын шүйiргенiн қоя бастап.
Мен сол арада кәркесте болған түлкiдей тақыстығыма басып:
— Су-пу дегенде, сiз бiзге супа әкелiп жүрмеңiз, — дедiм.
— Супа сұрасаңыз да жоқ. Ал су-пу… ендi былай… табылып қалады, — дедi даяшы менi жөн бiлетiн кiсiдей көрiп.
Байқаймын, даяшының аяғына байланған тоқсан тонна қара тастың бiреуi түсiп қалғандай, ширақ жүрiп барады.
Сонымен, су келдi. Кәдiмгi арасан суы ғой! Қасқа басым қайдан бiлейiн, бүгiн үйден әйелiме аузыма алмаймын деп ант берiп шығып едiм, былай… қырлы стақанды меймiлдете кеп құяйын да, қайқайтып, тартып кеп жiберейiн! Мас-с-қа-а-ара! Нағыз масқара! Әлгiң су емес, қырық гiрәдiсi бар у! У болғанда, қандай у?! Ауыз тағы да былғанды деген сөз! Мен оразамды бұзып алған кiсiше түнерiп, даяшыны шақырып алайын. Оған атып жiберердей боп қабара қарап:
— Жолдас, мұныңыз қаулыға қарсылық қой! Мынау су емес, у ғой! — дедiм.
Даяшы да сен тұр, мен атайынның өзi екен. Шегiрткенiң айғырын көргендей екi көзi ежiрейiп:
— Кешiрiңiз, менiң мiндетiм — заказды орындау, — дедi.
— Ау, мен сiзге су әкелiңiз дедiм ғой, — дедiм оны әбден ықтырып алғым кеп.
Ол сасар емес:
— Жоқ, сiз тек қана су деген жоқсыз, — деп қарап тұр! Бетi бүлк етпейдi-ау, бүлк етпейдi.
— Ендi не дедiм? — дедiм мен көмек сұрағандай жолдасыма қарап. Оның “удан” қолағаштай мұрыны помидордай боп шыға келген екен. Өзi айт-тойға келгендей ыржаң-ыржаң етедi.
— Сiз су-пу дедiңiз, — дедi даяшы “пу” дегендi баса айтып.
— Иә, солай дедiм. Сонда кiсi… су орнына у бере ме? — дедiм мен қырсыға түсiп.
— Кешiрiңiз, егер сiз тек қана су керек болса, арасан суы немесе жәй су әкел дер едiңiз. Ал сiз оған “пуды” қосып айттыңыз, — дедi даяшы бетi бүлк етпей.
— Ау, су-пу деген қазақтың қосақталған сөзі емес пе? Онда тұрған не бар?
— Онда тұрған мағына көп. Заказ берерде ойланып, анықтап айту керек. — Оның көкбеттенгенi сонша, оның бетi мен көгiлдір фужердiң айырмасы болмай да қалды.
— Е, солай демейсiз бе? Оны жаңа түсiндiм. Онда бiзге тек қана су әкелiңiз.
— Жақсы, — дедi де, даяшы орнынан ауыр қозғалды. Бұ жолы аяғынан бағана түсiп қалған бiр тонна тас қайта байланып қалғандай болды.
Ол аздан соң сылдыраған суды әкелдi де, жөнiни тайып тұрды. Құрсын, айтары жоқ, сол кеткеннен мол кеттi. Көзiмiз көкшиiп, бiр сағат бойы қара су iшiп, кекiрiп отырдық. Бiрде оның төбесi қылтиғанда:
— Ау, қарындас, бiзге де көз қырыңызды салыңыз, — деп едiк, ол:
— Мен ойнап жүрген жоқпын. Кезек күтiңiз, — деп, арс ете қалды.
Иманымыз ұшып кетiп, жым болдық, Содан және бiр сағат өттi. Даяшының келетiн түрi жоқ. Бiраздан соң о да ырсылдап жеттi-ау! Жеткенi бар болсын, табақшасында шөп-шаламнан басқа дым да жоқ! Құдды жылан жалағандай! Ол түнерiп тұрып:
— Бүгiн складта ет жоқ. Заказдарыңызға отказ алдым, — дедi.
— Ау, онда… ыстық тамақ болса, — дедiм мен сасқалақтап.
— Мұздай су бағана таңертең таусылып қалған, — дедi даяшы тура жауап бермей.
— Ана басқалар iшiп отыр ғой, — дедiм мен көршiлердi көрсетiп.
— Олар… бұрын заказ бергендер.
— Ендi… iшiп-жейтiн неңiз бар? — дедiм мен шарам құрып.
— Iшiп-жейтiн? — Даяшының түрi жылына бастады. — Бiрiншiге, су-пу. Екiншiге… — Ол күмiлжiдi.
Мен де кәркесте болған түлкiдей тақыс тартқаннан емеспiн бе, бiрден “әлеуметтiк жағдайды” түсiне қойып:
— Су-пу! — дедiм әңгiрлей сөйлеп.
— Су ма? — дедi даяшы анықтап алғысы келгендей қайталап сұрап.
Мен:
— Су-пу! — дедiм “пу” дегендi қадай айтып.
— Ендеше… өтiнiп көрейiн. Дәнеме де жоқ едi. Қайдам… Тек қана сiздер үшiн, беттiң арын бес рет төгiп… былай, просить етiп, — дедi даяшы ыржиып.
Ол аяғына байланған бiр тонна тас түсiп қап, маймалаңдай жөнелдi. Аздан соң “су-пу” да келдi. Оны қағып алғасын, сiзге өтiрiк, маған шын, бәрi келдi! Аздан кейiн көзiм алтау-жетеу боп қарасам, даяшым аяғындағы байланған барлық тасты алып тастап, таутекеше орғып жүр екен…
Көрдiңiздер ме, жолдастар, ауызды былғағың-ақ келмейдi. Бiрақ кiсi қоғам iшiнде өмiр сүредi деп газеттерде құдайдың құтты күнi жазып жатқан жоқ па? Сол ып-ырас. Қоғамың “су-пу” деп тұрса, сен қалайша “әуды” алып тастап, құр су дейсiң? Қазақ тiлiндегi қос сөздердi ажыратуға болмайды деп бiр ғұлама докторлық диссертация қорғаған деп естушi едiм. Кiм болса да, сол мәзгәсы мықты iстейтiн бiреу! Содан берi ырыстранның есiгiн аша қалсам болды, қазы-қарта, жал-жая, ет-мет, шәй-пай, құйрық-бауыр, нан-пан… әрине, су-пу деп қақсап қоя берем. Сол екен-ақ, даяшылар тiлге келместен, басекеңнiң қайқиған қара мәшинесiндей сырғиды да отырады! Оның аяғы… белгiлi.
Жалпы қос сөздi бiлмеген жаман-ақ. Бiрде содан таяқ жедiм де. Қызып ап, аздап қанат бiтiп, даяшыға бiрде:
— Әндiрәку әнсәмбль керек едi, — демесiм бар ма?
Ол оны түсiнбей, екi иығын қиқаң еткiздi. Мен оған мөлие қарап:
— Была-а-ай… жәлеп-мәлеп дегендей… — дедiм.
Ол сыңқылдап күлiп жiбердi:
— Е, солай, адам түсiнетiн тiлмен айтпайсыз ба? О жағынан қам жемеңiз, табылады…
Содан аз өтпей, Күлзи деген екi бетiн екi елi етiп бояп қойған бiр сұрқылтай келдi. Сұмдық екен! Жанымды көзiме көрсеттi. Ырыстыранда ырситқаны аздай, үйiне апарып, бiр апта бойы сыртқа шығармай қамап қойып, әбден әндiрәку әнсамбль қылды. Ақыры тыр жалаңаш шешiндiрiп, үстiмдегi бар лыпамды сыпырып ап, мiлитсә шақырып, қаматып тастады. Оның әдiрiсiн айтайын ба? Абайлаңдар деп жатқаным ғой.
Содан берi қос сөздердi зерттеп жүрмiн. Не деген тiлiмiз бай, ә?! Мағынасы қандай алуан, ә!? Жолдастар, басқа да бiлетiн қос сөздерiңiз болса, айта қойыңыздаршы, жазып алайын. Үйдеп тұрған себебiм, бүгiн жаңадан ашылған ырыстыранға бара жатыр едiм. Олардың сөз қорында қандай-қандай сөз барын бiр құдайдың өзi бiлсiн. Соған бiр керегi боп қалар деп айтып жатқаным ғой.
Құдай, үшiн бiр қос сөз айта қойыңызшы!
1986 жыл.