Ұлы күн

Соңғы жылдары, соның iшiнде, Горбачев таққа отырғалы бермен “перестройка”, “демократия” туралы әңгiме-қауғаның түптiң түбiнде бiр орға апарып жығатынын сезгендей, Дауылбай үндемейтiн болып алды. Ол тiпте бұрындары оны-мұны жайлы ашылып сөз айта беретiн әйелi Мәрияға да онша тiс жара бермейтiн бiр әдет тапты. Бұл тұнжырап, қуыстанған сайын болбыр бет, екi омырауы көйлегiнiң өңiрiн үнемi шiреп тұратын, шикiл сарыға жақындау, Алматыдағы бiр баспада редактор боп қызмет iстейтiн әйелi бұған күнде жазушылар мен журналистердiң арасында болып жататын әңгiменi, дау-таласты өзiнше құлпыртып жеткiзiп отыратын. Алғашқыда бұл оны ықыласпен тыңдаса да, келе-келе жүргенде басқанынан жер ойылып кете жаздайтын дырдай адамдардың сөздерiнен жалыға бастады. Мұның байқауынша, олардың ешқайсысы да елдiң тұрмыс-тiршiлiгiн, өндiрiс пен шаруашылықты, мемлекеттi қалай басқару керектiгiн жақсы бiле бермейдi; олар бiрiнен естiген сөзiн екiншiсiне айтып, өздерiнше бiлiмдiсiнiп күпсiп жүредi. Бұл оны анада әйелi СССР-дың бiр орденiн алып, үйiне қызметтестерiн шақырғанда аздап аңдап қалған едi. Сонда арақ-шарап iшiп, қызып алған жiгiттер бiрiнiң сөзiн бiрi бөлiп, бiр бiрiн тыңдамай, шешенсiп, жоқтан өзгеге қызыл өңеш болған-ды. Олардың ойларынша, қазақ халқы Сәбет үкiметiнен бөлiне қалса, бiрден мемлекет боп, шаруашылығы өркендеп, ауыздарынан ақ май аға қалатын сияқты. Еш қайсысының ойына сонда қалай өмiр сүремiз, шарушылық пен өндiрiстi, зауыттар мен фабрикаларды қалай басқарамыз, астықты қалай егiп орамыз, малды қалай өсiремiз деген мәселелер кiрiп те шығып отырған жоқ. Бәрiнiң айтатыны — рухани дүния болса, бәрi де болады. Бұл сонда iшiнен: “Ау, қарның ашып отырып, қалай өлең айтасың, қалай кiтап оқисың? Үйту үшiн де кiсiге күш-қуат керек емес пе? Ал адам оны күнделiктi жейтiн тамақтан алмай ма? Ендi сол жейтiн тағам қат болса, халық ашыға бастаса, басқа жақтың елдi iшiн бүлдiрiп, құтыртып жүрген қулары саған ет пен нан әкеп бере қоя ма? Ал егер олар алдап кетсе ше? Сонда не болады?” — деп, ойлап қойған-ды. Бiрақ олардың мұндай дәлелге құлақ асатын түрi көрiнбедi. Бәрi бiрдей бiлгiшсiнiп, дұрыстап, зерттеп оқымаса да, Платон мен Аристотельден, Юнан жұрты мен ескi Римнiң ойшылдарынан үзiндiлер келтiрiп, көпiрiп баққан-ды. Бұл олардың тынбаған ауыздарына қарап отырып: “Өздерi… тамақты шайнап отырып, қалай сөйлей бередi екен? Олар кәзiр тағамды аузына салғанда, сiлекейдiң бөлiнiп, оны орап, өңешпен асқазанға қарай жылжытатынын, астың қарынға түскесiн, бөлiнген сөлдердiң әсерiнен ыдырайтынын, сүйтiп оның қан арқылы тканьдерге керектi заттарды беретiнiн де бiлмейдi де ғой. Бiрақ айта бередi”, — деп қойған едi. Содан кейiн Дауылбай аздап iшетiн ақ арағын да алмай, оларды қашан кетедi деп тықыршып болған-ды. Түннiң бiр жарымында олар улап-шулап қоштасып, шолп-шолп сүйiсiп, үйлерiне қайтып кеттi. Оңаша қалғасын, Мәрия қабағын шытып:
— Сен немене үндемей? Әлде оларды жақтырмадың ба? Творчество адамдары сондай болады, соны бiлмейсiң бе? — деген-дi күңк етiп.
— Олар немене екi ауыз сөз жаздым деп… соншама шiренiп… Өздерi аспанды тiреп тұрғандай көки бередi. Сонда олар адам қызығып оқитындай бiрдеме жазса-ау! Босқа былшылдап…
— Өй, сен оны… түсiнбейсiң. Дәл ғылымның адамы үшiн олар шетiнен жынды боп көрiнедi.
— Оның рас жерi де жоқ емес.
— Жарайды, мiндетiмiзден құтылдық, — деген-дi Мәрия ыдыстарды жинап жатып.
Дауылбай бүгiн өзi iстейтiн поликлиникадан ертерек шығып, Жаңа жылдың келiп қалғанын ойлап, дүкенге кiрiп, балаларына арнап бiраз қуыршақ сатып алды. Сосын базардан дорбасын көтерiп шыға берiп едi, шырша сатып тұрған бiр жiгiттi көрiп, амалсыз кiдiрдi. Ол жас шыршалары кесiп, төрт тағанға орнатып, кәдiмгi елка сияқты етiп жасап қойыпты. Оны кәзiр сатып алмаса, ертең декабрьдiң соңғы күндерi қымбаттап кетедi. Соны ойлап, Дауылбай қалтасына қолын салып, қалған ақшасын есептеп көрдi. Мұның ақша санап тұрғанын байқап қалған, лыпылдаған әлгi жiгiт:
— Ағай, арзанға берем. Бұл перестройканың елкасы! Алып қалыңыз! — деп жылмаңдады.
— Ондай да елка бола ма?
— Болғанда қандай! Горбачев көкем мен ана Ельцин айқасып жатқанда, мен орманға барып, мынаны бiлдiрмей кесiп ала қойдым, — дедi әлгi жiгiт қалжыңдап.
— Ә, онда бiреуiн бере ғой.
Дауылбай шыршаны сатып алып, оны оң қолымен көтерiп, аңдап отырып үйiне келдi. Мұның пәтерi панельдi тас үйдiң бесiншi қабатында болатын, соған тереп-тепшiп шаққа дегенде шықты. Дауылбай соңғы жылдары тамақты талғамай iшiп, аздап қарынына май жинап та алған едi. Ендi ентiккенiне, кеуде тұсының дызылдап қоя бергенiне қарап: “Көк ет онша созылмайтын болған-ау! Сонда қабырғаммен дем алып тұрмын ба?” — деп, пәтерiне кiрдi. Мұның елка әкелгенiн көрiп, ұлы мен қызы қуанып жатыр:
— Алақай, елка!
— Төргi бөлмеге орнатамыз!
— Өзiнiң исi қандай жақсы! Тура ормандағыдай!
Дауылбай үндемей, құлақшыны мен пальтосы шешiп, есiктiң алдындағы iлгiшке iлдi де, шолақ етiгiнiң ысырмалы құлпын ағытып, бiр бұрышқа қоя салды. Сосын төргi бөлмеген шыршаны көтерiп апарып, оны жылда орналастыратын жерге апарып тiгiнен қойды. Сол екен, қараңғы түскендiктен, алакеуiм тартып тұрған бөлмеде шыршаның мұрынды қыдықтайтын хош иiсi тарай бастады. Дауылбай соны сезiп: “Адам баласы табиғаттың аясында неге өмiр сүрмейтiн боп алды? Өркендеймiз деп тас қалаға кеп тығылатын болдық. Сонда мұның ақыры неге соғар екен?” — деп, жататын бөлмесiне кiрiп, шешiндi де, асханаға барып шәйнектi газға қойды. Осы кезде жұмысынан қайтып, iшке ысылдап-пысылдап кiре берген Мәрия:
— Осы Жаңа жылды ойлап тапқан кiм екен? Адамның ит-сорпасы шығады. Соны бұрындары атамай-ақ күн көрдiк қой. Ендi, — деп, қашанғы әдетiнше бұрқылдап ап, әкелген заттарын жерге қоя бастады.
Аздан соң олар төргi бөлмеде шәй iшiп отырды. Бұл кезде декабрьдiң аяғы боп қалған да едi. Дауылбай телевизорды токқа қосып, соңғы хабарды тыңдай бастады. Алғашқы кадрлардан-ақ Горбачевтың қолын сiлтеп сөйлеп жатқаны бiрнеше рет көрiнiп қалды. Ендi бiрде оның маңдайындағы қалы бадырайып көрсетiлiп, бiрер сәтке экраннан түспей қойды. Соны көрiп, Дауылбайдың есiне былтыр Қызылордаға барғаны түстi. Облыс орталығында мұның немере iнiсi тұратын едi. Бұл барғанда, оның үйiнде бұл өзi бала жасынан бiлетiн, ел арасына қуақы әңгiмелерi тарап кеткен Өзбекбай дейтiн елулерден асып қалған, қырма сақал, сопақ бастау бiр қу кiсi қонақ боп жатыр екен. Ол кешкiсiнгi шәй үстiнде телеайнада сөйлеп жатқан Горбачевке қарап отырып:
— Осы балдар, сендер не бiлiп отсыңдар? Мынаның түрiнде не бар? — деген-дi.
— Ештеңе де, — деген бұл оның сөзiне кеуiл бөлмей.
— Мен оның ана қалы туралы айтып отырмын.
— Онда тұрған не бар, қалдың аты қал.
— Жоқ, халық ол жайында басқаша ойлайды. Бұрынғы кiсiлер: “Қалы барды хан сайламайды”, — деушi едi. Ондағы айтпағы — бұрын қазекең ханды төреден сайлаған ғой, сонда қалы бар төренi хан көтерсе, оның арты ауыртпалыққа ұшырап, ел қиыншылық көрiп, бүлiншiлiк басталады екен. Менiңше, мынаның да содан артып бара жатқан дәнемесi жоқ. Ол өзi көп сөйлейдi. Партияны таратып, пiрезiдент дегендi ойлап шығарды. Сонда осыдан өзгерген не бар? — деп, Өзбекбай бұның бетiне сынай қараған-ды. Дауылбай қашанғы тақыс алып қалған әдетiне басып, сыр бермеген. Ендi Горбачевтiң қалына қарап отырып, неге екенi белгiсiз, Өзбекбайдың сол сөзi ойына орала бердi.
Мәрия мұның алдына шәй құйылған кесенi қойып жатып:
— Кешелерi ана Белоруссияға барып, үш бастық шатақ шығарды ғой, — деп қойды.
— Иә, ол өзi бiр… қызық боп тұр.
— Сонда… Ресей мен СССР бөлек мемлекет болғалы тұр ма?
— Онысы бiлiнбейдi. Әйтеуiр, олар ендi Горбачев ойлансын дедi ғой. — Дауылбай сүт қүйылған ыссы шәйдi бiр ұрттап қойды. — Сонда о қалай болады екен, а?
— Кiм бiлсiн?
— Сендердiң бiлгiштерiң не деп жатыр?
— Өй, оларды қой, неше түрлi сөз айтады. Сосын… кәзiр абайламаса болмайды, кiм бiлiптi заманның қалай өзгерерiн?
— Мен де сүйдеп жүрмiн, — дедi Дауылбай сол арада өзiнiң көптен берi тұйық тартып жүргенiн ұмытып, әлденеге сөйлей бастағанына, жүгiрiп келе жатқан кiсiнiң бiрден тоқтай алмайтыны сияқты, өзiнiң сөйлей бергiсi келiп отырғанына таңғалды. — Шамасы, бiр өзгерiс болады-ау. Сонда баяғыда… халық төңкерiс жасады деп…
— Өй, ол өзi өтiрiк боп шықты ғой. Газеттерде неше түрлi мақалалар шықты. Кәзiр кiмге сенудi бiлмей де қалдық…
—Да-а-а…
Бiраздан кейiн Дауылбайға қызметтес терапевт Тығынбай телефон соқты:
— Ау, сен жаңалықты есiттiң бе?
— О не?
— Ендеше кәзiр “Времяны” көр. Бiлетiн жұрт шуылдап жатыр.
— О не? — дедi Дауылбай қашанда сақ Тығынбайдың сақтана сөйлегенiн жаратпай.
— Ендi оны… көрерсiң… Мүмкiн, бәрi… өтiрiк те болар…
Дауылбай iштей аңырып, дың-дың еткен қара трубкаға қолына бiр пәле ұстап тұрғандай боп қарады. Сосын телеайнаның түймелерiн басып, Мәскеудiң каналына қойды да, соның қарсы алдындағы кiшкене креслосына кеп отырды да, жыпылдап-дiрiлдеп тұрған мониторға көз салды. Онда адам айтарлықтай дәнеме де жоқ, күнделiктi хабарлар берiлiп жатыр. Соған қарап отырып, Дауылбай iшiнен: “Осылар да бiр… өсiрiп айта бередi”, — деп қойды.
Аздан соң Мәскеудiң хабары басталды. Соны қарай бергенде-ақ Дауылбайдың тұла бойы ток ұрғандай дiр ете қалды. Горбачев АҚШ-тың президентi Бушқа телефон соғып, өзiнiң қызметтен кететiндiгiн, СССР-дың тарайтынын мәлiмдеп жатыр! Бұлай болады деп өмiрi ойлап көрмеген бұл аяқ астында құбыжық көргендей мониторға шошына қарады. Телеайнаның даусын естiген бойда, Мәрия да асханадан жүгiрiп кеп, сексиген қалпы тыңдап тұр. Екi баласы болса, не болғанын түсiнбей, бұларға қарап қалыпты.
Горбачев сөйлесiп болғасын, Кремльдiң ауласына шығып, ұзын сырықтың басында желбiреп тұрған қызыл жалауды жiбiнен тартып төмен түсiре бастады. Оны түсiрiп болғасын, қасына нөкерлерiн ертiп, Қызыл алаңға шығып кеттi. Бұл оның аяғын байпаңдап басқанына, кәдiмгi қарапайым кiсiнiң қалпына түсе қалғанына қарап отырып: “Тақ дегеннiң бiр құдiретi бар-ау! Баяғыда сексен алтыншы жылы алаңға шыққандарды тарат деп бұйрық бергенiнде, мұндай емес едi. Ендi кәзiр жуасып қапты. Кiсi бақ тайғасын осы да”, — дедi. Сосын Мәрияға қарап едi, ол не дерiн бiлмей, бiр бозарып, бiр қызарып тұр екен:
— Ендi не болады, а?
— Не болсын? Бұ да бiзге құдайдың көктен тiлегендi жерден бере салғаны емес пе? Ана Африкадағы елдер азаттық үшiн қан төгiп, талай рет қырылды емес пе? Ал бiзге… Ресей кете берiңдер деп отыр.
— Кеткенде… қайда барамыз?
— Ешқайда да. Баяғы өмiр сол өмiр де, — Дауылбай сосын мектепте тарих пәнiнен оқығандары еске алды. — Баяғыда Фарсы патшалығы, Рим империясы дегендер де тарады емес пе? Бұ да соның бiрi ғой. Құдайға шүкiр, мұны да көрдiк. Ендi қалғанын… кiм бiледi…
Хабар бiткесiн, Дауылбай киiмiн киiп, аулаға шықты. Декабрьдың ақыры болғасын, күн суытып, аяз шытынап тұр екен. Ол қырбық қарды табанымен сықырлата басып, ортадағы алаңға шығып, шамдары жарқырай жанып тұрған үйлердiң терезелерiне, ғимараттардың антенналар қойылған төбелерiне, одан әрмен жыпырлап тұрған жұлдыздарға қарады. Көзi содан сырғанап кеп, Алматының төбесiне кеп, сәл-пәл қисайып тұрған Жетi қарақшыға көз тастады. Бәрi де бұрынғыдай. Ол үшiн жер бетiнiң бiраз бөлшегiн алып жатқан ұлы империяның құлағаны, оның құрамына кiрген халықтардың бостандық алғаны, олардың ертеңгi тұрмыс-тiршiлiгi, хал-ахуалы түк те емес сияқты. Дауылбай содан iштей есептеп, үнемi терiскейдi көрсетiп тұратын Темiрқазықты тауып алды. Ол да баяғы бiр орнында қаққан қазықтай боп тапжылмай тұр. “Шамасы, баяғы патшалықтар тараған кезде де осындай болған шығар, — дедi Дауылбай сол арада өзiне өзi күбiрлей сөйлеп: — Сол кезде де мына Темiрқазық осы орнында тұрған болар. Одан берi қаншама замана өттi, қаншама халық жер бетiне келiп кеттi. Кезiнде соларды бастаған, елдердi бiр бiрiмен соғыстырған, өздерiне зәулiм сарайлар мен мазарлар салдырған көсемдер кәзiр топыраққа айналды. Өз дәуiрiнде жер бетiнде атымды мәңгiлiкке қалдырам деп, пiрғауындар пирамидаларды соқтырды. Ақыры оның бәрi де бос әурешiлiк болып шықты. Сонда жер бетiнде өзгермейтiн не бар? Ештеме де жоқ қой. Адам да мына құырса қи сияқты жер бетiне келедi, өсiп-өнедi, өлшеулi демi бiткенде мына тiрлiктен өтедi. Мемлекеттер де сондай. Бұл жерде мәңгi өзгермейтiн күллi әлем, Ай мен Күн, мынау жымыңдаған жұлдыздар, анау жұмыр жердiң солтүстiктегi нүктесiн көрсететiн Темiрқазық қана. Басқаның бәрi өтпелi. Бiздiң ұрпақ кәзiр сондай бiр тарихи сәттi бастан кешiп отырмыз. Бұл, шындығында, қуаныш қой, ұлы күн ғой. Мұны көрген де бар, көрмеген де бар. Осы… мұны атап жiберсек кәйтер екен?” — деп ойлады да, үйiне қайтып кiрiп, Тығынбайға телефон соқты:
— Ау, құрдас, құтты болсын!
— Ойбай, айтары жоқ!
— Атасақ кәйтедi?
— Атайық. Сонда қай жерде?
— Өй, ана бұрыштағы кафе бар емес пе? Сонда кездесейiк.
Дауылбай сыртқа шыға бергенде, Мәрия:
— Әй, байқаңдар, мыналар… жынданып… жазым етiп жүрмесiн, — дедi.
— Қойшы, сен де бiр сарыуайымды соғып…
Дауылбай трамвайдың темiр жолы өтетiн жердегi, күнi-түнi iстейтiн кафеге келсе, Тығынбай мұны күтiп тұр екен. Екеуi бiр үстелге жайғасып, даяшыға графинге құйдыртып, ақ арақ алдыртты. Сосын арақ құйылған рюмкаларды соғыстырды да, тартып-тартып жiберiс-тi. Бұрын арақты онша iше бермейтiн Дауылбай бұ жолы онша тартына қойған жоқ. Тығынбай болса, өмiрi мас болмайды. Бұлар әңгiмелесе отырып, арақты тағы да графинге құйдырып алдырды. Оны тауыса бергенде, бұлармен көршiлес үстелде отырған бiр жiгiттер улап-шулап, үстелдерiн тақастырып, арақтарынан бұлардың рюмкасына құя бастады. Мас бола бастағанын сезген Дауылбай:
— Жiгiт-тт-ер… аздап… бiз болып қалдық, — дедi тiлi күрметiлiп.
— Болғаны нес? Мынадай қуаныш үстiнде… кiсi бола ма екен? Таңға дейiн тойлаймыз, — дедi бiр сылыңғыр делеi, бетiнде бұжыры бар, тапалдау қара жiгiт дәудiрлей сөйлеп.
— Той-л-лаймыз! — дедi екiншi бiр жуан сары айқайлап.
Оған үшiншi жiгiт дарылдап қосылды. Сол арада Тығынбай аузын мұның құлағына тақап, ақырын ғана:
— Мыналар пәле болды. Ептеп-септеп, — дедi де, көзiн қысып, қулана күлдi.
Аздан кейiн Дауылбай аяғының өз еркiне көнбей, ерiксiз алға қарай бiр рет созылып кеткенiн байқады. Сосын күшiн жиып, аяғын керi тартып, жиналып отырды. Содан соң ыржиып, бiрдеме дейiн деп едi, бiр түрлi iсiп кеткендей болған ерiнi жуыса қоймады. Соны сезген Дауылбай ендi бар күшiн жинап, екi қолын үстелге тiреп, орнынан тәлтiректей тұрды да, сыртқа қарай беттедi. Бұған ерген Тығынбай жiгiттерге қарап:
— Әй, жiгiттер, рахмет. Қуаныш ұзағынан сүйiндiрсiн. Бұл деген қанша дегенмен ұлы күн ғой! Ал жақсы, — дедi де, мұны қолтығынан демеп сыртқа бiрге шықты. Сосын дәудiрлей сөйлеп: — Қой, тездеп қайтайық! Бiраз сiлтедiк! Ана қызылжағалар қаптап жүр екен, ұстап ап, итiмiздi шығарар, — дегенiнше болмады, бұларды жандарынан милицияның қорап сияқты машинасы зыр етiп өте шықты. Екеуi қалт тұра қалды. Тығынбай мұның құлағына аузын тақап: — Өтiп кетсiн. Тұра тұрайық, — дедi.
Милицияның машинасы базар жаққа қарай кеттi. Ендi Тығынбай мұны үйiнiң ауласына жақындатып тастады да, тез бұрылып, өз үйiне қарай тыпыңдай жөнелдi. Соның iзiнен Дауылбай азырақ қарап тұрды да, бойын билеп ап, аяғын нықтап басып, ауласына қарай жүре бердi. Бұл кезде түн ортасынан бiраз ауып та қалған едi. Ол күнде өзi сейiлдейтiн дарақтардың қасына келе бергенде, кенеттен алдынан үш милиционер шыға-шыға келiстi. Олар дереу мұны қолтығынан ұстап, жапырағы сидиған теректiң қасына апарды да, оның дiңiне мұның арқасын тақап қойып, қойны-қонышын тексере бастады.
Бұл тiлi күрметiлiп:
— Жiгiтттер, бүгiн мереке болғасын… азырақ… кешiрiңiздер, — дедi.
— Ненiң мерекесi? Мынауың өле мас қой. Жұмашев, мынаны Калинин ауданына апарамыз ба? — дедi бiр жалақ сары қазақ милиционер қолына Үстаған дубинкасының ұшын мұның мұрнына тақап тұрып.
— Бүгiн жоспарды орындадық емес пе? Артық адамның не керегi бар? Бұндайлар ертең де керек болады. Сонда апарармыз. Әзiрше… былай, — дедi Жұмашев дейтiн лейтенат. Бұған оның бойы шарғалау боп көрiндi. Қараңғы жерде тұрғасын, Дауылбай оның түрi-түсiн анық көре алмады. — Бұл өзi… бұрындары түскен бе? Бiздiң клиент емес пе?
— Оған онша ұқсамайды.
— Онда… суық қаруы жоқ па, тексерiп көрiңдер.
Сол екен, екi милиционер мұның қойны-қонышын тағы да тiнте бастады. Олардың бiреуi тiнте кеп, мұның көйлегiнiң төс қалтасына салып қойған ақшасын тауып ап, үн-түнсiз шалбарының қалтасына тыға салды.
Дауылбай сол арада:
— Жiгiттер, ақшамды… алмаңдар, берiңдер, — дедi бұлқына бастап.
— Әй, мынау заң қорғайтын органға бағынбайды ғой. Қайдан шыққан бұзық, а? — дедi мұның қолын артына қайыра ұстап тұрған екiншi милиционер.
— Жiгiттер, қойсаңдаршы, — дедi Дауылбай ендi қаттырақ бұлқынып.
— Мә, саған қойған! — деп, сол арада екiншi милиционер тiстене сөйлеп, дубинкамен мұның басына бiр-екi рет салып-салып қалды.
— Өй, бұларың не, а?
—Мә, саған бұларың! — деп, ендi олар екеулеп мұны ұрып-соға бастады. Екi резеңке таяқ екi жақтан тиiп, бетiн осып-осып түстi.
Дауылбай бетiнен жылымшып қан аққанын сездi. Ендi сөйлесе, бұлардың өлiмшi ғып сабап, мұны айықтырғышқа қамап тастайтынын бiлдi де, тiстенiп үндемедi. Мұның сөйлемегенiн көнгенi ғой деп ойлаған үшеу iшiнен бiр-екi рет ұрды да, бар ақшасын тонап ап, жөндерiне кеттi. Олардың соңынан теңселе тұрып қараған Дауылбай әлгi үшеудiң аркадан өтiп, арғы бетте тұрған, бағана бұлардың жандарынан өткен милицияның машинасына мiнiп жатқанын көрдi. Сосын бар күшiн жинап, аяғын тәлтiректей басып, кiреберiстегi жақтаудан ұстап үйiне келдi. Мұны көрiп, Мәрия шошып кеттi:
— Ойбай, не болды? Үстi-басың қан-қан ғой! Кiм тиген?
— Ана милициялар…
— Орыстар ма?
— Қайдағы? Қазақтар…
— Не дейдi? Әй, олардың мынадай күнi бұнысы несi, а? Оңбағандар! Мен оларға көрсетейiн, — деп, Мәрия телефонның трубкасына жармасты.
Дауылбай кезекшi милицияның машинасы келем дегенше, ваннаға кiрiп, бетi-қолын салқын сумен жуып, аздап есiн жиып алды. Сосын таяқ тиiп, iсiп кеткен ернiне, көзiнiң алдына, оң самайына қарады да, шыны сөреде тұрған сутек тотығын алып, шым-шымдап төге отырып, аздап жақты.
Шамалыдан соң милицияның машинасы келдi. Протокол толтырып жатқан милиционер Жұмашев деген фамилияны естiгенде, түрi өзгерiп, бiр түрлi бола қалды да, бұған қарап:
— Осыны шын айтып тұрсыз ба? — деп сұрады.
— Шын болғанда қандай. Олар осы фамилияны айтты.
— Бұл өзi… мүмкiн емес.
— Неге мүмкiн емес? — дедi осы кезде есiн толық жинап алған Дауылбай оған алара қарап.
— Мүмкiн емес. Сiз шамасы шатастырып отырсыз, — дедi милиционар жiгiт жазып отырған қаламын қағаздың бетiне қоя сап.
— Менiң шатастырған түгiм де жоқ, дәл солай.
— Оған куәңiз бар ма?
— Жаңғыз келе жатқан менiң қандай куәм болушы едi?
— Ендеше… қиын. Дегенмен де протоколды толтырып қойдым, мiне, мына жерге қол қойыңыз, бәрi ертең белгiлi болады, — дедi де, милиционер кетiп қалды.
Ертеңiне бұл қасына Мәрияны ертiп, Калинин ауданының милициясы орналасқан екi қабатты жатаған сары үйге барды. Сүйтсе, Жұмашев деген милиция бастығының орынбасары екен. Ол мұнымен кездесуден бас тартып, машинасына мiнiп, көшеге кетiп қалды. Түнде бұл түсiн шырамытып танып қалған екi милиционер мұны көрген жоқпыз деп ант-су iшiс-тi. Оның үстiне мұның арызын тексерiп отырған теке көз, қара сұр капитан да бұған сенбей қарап, “Өзiңiз ақшаңызды жоғалтып алған шығарсыз”, “өзiңiз мас боп, құлап қалғынсыз ғой”, “жiгiттер көрмедiк деп отыр” дегендi қайталап бiрнеше рет айтты. Соны естiген Мәрия шапылдап, ұрысып едi, қара сұр капитан оны бөлмеден шығартып жiбердi. Ақыры бұдан дым өнбесiн бiлген Дауылбай бiр ойға бекiп, сыртқа шықты.
Ол ертесiне Марияны қасына ертiп, арызын жазып, Алматы қаласының iшкi iстер басқармасына барды. Онда да СССР-дың тарағанын естiп, дағдарған қызылжағалар өздерiн еркiн сезiп, бүйректен сирақ шығаратындай қалып көрсете бастаған екен. Соны көрiп, бәрiнен күдерiн үзген Дауылбай, қолын бiр сiлтеп:
— Қой, кеттiк! — дедi Мәрияға қарап. Сосын басқармадан шығып, автобуста келе жатып, “Тәуелсiздiк алдық!”, “Бостандық!”, “Ұлы күн!” — деп, айғайлай сөйлеп отырған, аздау қызулау бiрнеше жас жiгiтке көз тастап қойып: — Бiз де ел болып, — деп күбiрлеп қойды.
Сүйтiп, бүткiл елдiң азаттық алған ұлы күнi Дауылбайдың есiнде өмiрiнде тұңғыш рет ұлы таяқ жеген күнi ретiнде сақталып қалды…

 

1991 жыл, декабрь

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *